Ауруханаға ауыр жағдайда түскен қала тұрғыны есін жинамаған күйі өмірден өтті, деп жазды turkystan.kz. Қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1965 жылы туған науқас №2 қалалық көпсалалы ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Әйелді шұғыл түрде арнайы мамандар тексеріп, кейін жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының ауыр контузиясы анықталған. Денесінде түрлі жарақаттар болған. Миға операциялар кезең-кезеңімен жасалды. Өкінішке қарай, ота оң нәтиже берген жоқ.
«Ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында науқас есін жимаған күйде қайтыс болды. Жасалған реанимациялық шараларға қарамастан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.Еске сала кетейік, 22 қазан күні Нұр-Сұлтанда көпқабатты үй шатырынан металл конструкция құлаған болатын. Оқыс оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.