Өмірзақ Шөкеев: Азаттықтың арқасында Түркістанның жаңа дәуірі басталды

Өмірзақ Шөкеев: Азаттықтың арқасында Түркістанның жаңа дәуірі басталды

Өмірзақ Шөкеев: Азаттықтың арқасында Түркістанның жаңа дәуірі басталды
ашық дереккөзі

Шымкент қаласы мегаполиске ай­нал­ған соң бұрынғы Оң­түс­тік Қазақстан облысының ор­­талығы Түркістан қаласына көшіріліп, жаңа облыс Түркістан атын алды. Осы­лай­­ша, қазақ жерінде әлемдік маңызы бар Түркістан атауы елімізде үлкен бір ай­­мақ­тың атын иеленіп, ежелгі қала ау­ма­ғы үлкейіп, заманға сай дамудың жо­­­­лы­на түсті. Осыған орай ел Тәуел­сіз­ді­гінің 30 жылдығы қар­саңында Түркі­стан облы­сы­ның әкімі, мемлекет қай­рат­кері Өмір­зақ Шөкеевтен арнайы сұхбат ал­ған едік.

− Түркістан атауы тарихи тұрғыдан өте ауқымда мағына беретін атау. Бір кез­­­де Ресей империясы қол астындағы азия­лық аймақ «Батыс Түркістан», Қы­тай­дың батыс жағы «Шығыс Түркістан», Ау­ғанстан мен Иран «Оңтүстік Түркі­стан» атанғаны белгілі. Бірақ дәуірлер ауы­сып, замандар өзгергенде Түркістан атауы Қазақстанның оңтүстігіндегі қа­дым шаһардың атында ғана сақ­та­лып қалды. Осы орайда 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен әкімшілік орталығы Шым­кент­тен Түркістанға ауыс­тырылып, Оң­түстік Қазақстан облысы Түркістан деп аталуының мемлекетіміз үшін сая­си-экономикалық тұрғыдан қандай стратегиялық маңызы бар деп ойлай­сыз? – Дұрыс айтасыз. Түркістанның тарихы тереңде жатыр. Қай зерттеуді алып қарасақ та, Түркістанның Қазақстан ғана емес, Орта Азия үшін аса маңызды орталық екенін аң­­­ғарамыз. Қаланың тарихы көне мың­жыл­дықтарға терең бойлайтынын археология­лық деректер дәлелдеп отыр. Тағы бір ерек­­­­шелігіне тоқталсам, профессор Жамбыл Артықбаев зерттеу мақаласында Ташкент, Ход­жант, Қашқар, Табат және өзге де қа­ла­лардың Түркістан билігіне бағынғаны ту­ралы сөз қозғаған. Мұнда қала мәдениетінің пай­да болуы сонау неолит дәуіріне жете­лей­ді. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 56 ба­ты­ры, 21 биі мен 8 сұлтаны және өзге де қай­рат­кері мен тарихи тұлға жерленген. Ел­ба­сы­ның «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мем­ле­кет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – қазақ елінің рухани жүре­гі» деген сөзі бар. 2000 жылы ЮНЕСКО ая­сын­да аталған Түркістанның мерейтойы өтті. 2015 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары қатарына енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік халықаралық ұйымның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті. Қа­сиет­ті шаһардың тарихи қуаты мен ерек­ше­лігін Елбасы ерте кезден-ақ білген. Алды­мен Түркістанда оқу ордасын ашып, жастар мен ғалымдарды, зиялы қауым өкілдерін тарт­ты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халы­қаралық қазақ-түрік университеті өңірдегі ғылым мен білімнің ядросына айналды де­сек қателеспейміз. Елбасы түркі мем­лекет­терінің президенттерімен Түркі­станда жиі кездесіп, маңызды мәселелерді тал­қылады. Осы кездесулер арқылы Түр­кі­стан­ның беделін, саяси-рухани рөлін арттыра түс­ті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі­стан­ды дамытамын, халықаралық деңгейде атын шығарып, тарихи әділдікті орнатамын деп жүретін. Бүгінде ол арман жүзеге асып жа­тыр. Бұл шаһар XVI ғасырдан бастап екі ға­сырдан астам уақыт бойы Қазақ ханды­ғының астанасы болды. Еліміздің көш­бас­шыларын осында хан көтерген. Демек, бұл шаһарды тек рухани және діни тұрғыдан ғана емес, саяси-экономикалық жағын да қарас­тырып, тарихи бағасын берген жөн. Бұл ретте нақты қадам жасалды. Ол – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы маусым айындағы тарихи Жарлығы. Бұл тарихи шешім Түркістан қаласының ғана емес, Түркістан өңірінің жаңа тынысын ашты. Дамудың жаңа сатысына шығарды. Биыл Түркістанда Түркітілдес мемле­кет­тер­дің саммиті онлайн режимде өтіп, «Түр­кі­стан декларациясы» қабылданады. Мұның өзі түркі әлемінде Түркістанның стратегия­лық мәні бар екенін айғақтайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет бас­шысы ретіндегі алғашқы жұмыс са­парын осы шаһардан бастады. Прези­ден­тіміз «Түркістан – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті ме­ке­ні. Түркістан – сан ғасырлық адамзат ше­жіре­сінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тари­хында ел бастаған, қол бастаған тұлға­ларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түр­кістанға тағзым ете барған. Меніңше, мұның бірінші себебі халқымыз үшін аса қас­терлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет бол­са, екінші себебі Ұлы дала еліндегі ке­шегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эво­люциялық даму сабақтастығына деген адал­дықта жатыр. Бүгінде мемлекет тара­пынан Түркістанның дамуына өте жақсы қол­дау көрсетіліп жатыр. Кешенді жоспар қа­былданып, қала 2-3 жылда керемет өзгер­ді. Мұның бәрі – мемлекеттің қолдауы мен ел бірлігінің жемісі. Түркістан облыс орта­лығына айналуын тәуелсіздіктің айтар­лық бір жемісі деп санаймыз. − Сіз еліміздің бірнеше жоғары лауа­зы­мында қызмет атқарған тұлғасыз. Сон­дықтан сіздің бай тәжірибелеріңізді ескерген еліміздің жоғарғы бас­шы­лығы сізді жаңадан ашылған Түркістан облысының әкімі етіп тағайындады. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы негізінде құрылса да Түркістан облысы орталығын заманға сай қала ету жо­лында атқаруға тиіс жұмыстардың көп болатыны белгілі. Осы кезге дейін об­лыс орталығын көркейту жолында жә­не Түркістан қаласы тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін қандай бағдарламалар негізінде жұ­мыстар жүргізілді және оның тиім­ді­лігі қандай? – Әрине, нақты бағдарлама мен жос­пар­сыз өңірді дамыту, қаланы жаңарту мүм­кін емес. Бұл ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 29 қыр­күйекте Түркістан қаласына жасаған са­пары аса маңызды рөл атқарды. Осы жұ­мыс сапарында Елбасы өзімен бірге Үкімет бас­шысын, барлық министр мен жетекші ведомство, алпауыт компания басшыларын ерте келді. Түркістанды дамыту жолындағы жоспар, кімнің не істеу керегі талқыланды. Ел­басымыз сол сапарында аса маңызды қос құ­жатқа – «Түркістан қаласын түркі әле­мі­нің мәдени-рухани орталығы ретінде да­мыту бойынша бас жоспарының тұжы­рым­дамасын мақұлдау туралы» және TURKISTAN арнайы экономикалық аймағын құру тура­лы» Жарлықтарға қол қойды. Үкіметке, әкім­діктерге, ірі компанияларға нақты тап­сырмалар берді. Бұл Жарлық үкіметтік дең­гейде сараланды. Бір айдың көлемінде Үкі­мет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Бұл – тарихта бол­ма­ған жағдай. Оның облыс және Түркістан қа­ласы үшін ең маңыздысы – «Түркістан об­­­лысын әлеуметтік-экономикалық да­мы­тудың 2024 жылға дейінгі кешенді жос­пары». Бұл жоспар да уақыт талабына сай то­лықтырылып отырды. «Түркістан қала­сын салу шеңберінде жұмыстар және көр­се­тілетін қызметтер сатып алынатын тұл­ға­­­­ларды айқындау» жөніндегі қаулы, TURKISTAN еркін экономикалық аймағы мен әкімшілік-іскерлік орталығын, Түр­кі­стан қаласын дамыту көзделген қаулылар да облысты дамытуға айрықша серпін берді. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде да­мыту жұмыстары атқарылып отыр. Ар­найы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бе­кітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ау­қым­ды жұмыстардың нәтижесінде Түр­кістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқ­талып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы, соңғы 3 жылда 536 жоба іске асып, 251 нысанның құрылысы аяқта­лып, пайдалануға тапсырылды. Халық­ара­лық әуежай, әкімшілік-іскерлік және ру­хани-мәдени орталықтары салынды, олар­ды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даң­ғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақ­тар құрылды. 1-аумақ – әуежай аумағына 100 орын­дық қонақүй, 3 ұшаққа арналған ангар, 400 гек­тар қара өрік бағы, 50 гектар жерге жы­лы­жай, 10 мың бас ірі қара бордақылау ке­шені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фер­масы салынады. 2-аумақ – Әкімшілік-іскерлік орта­лы­ғында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және ин­­женерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ. Сондай-ақ 4,8 млн шаршы метр тұр­ғын үй салып, 46 мың пәтер пайда­лану­ға беру жоспарлануда. Денсаулық сақ­тау саласында 570 орындық көпбейінді ау­­ру­хана, жедел медициналық жәрдем стан­сасы және Ана мен бала орталығы са­лынады. 3-аумақ – Б.Саттарханов даңғылы бойын­да спорттық кешен, Яссы желілік сая­бағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар уни­верситеттік ботаникалық бақ, «Парк Лайн» коттедж кешені салынады. 4-аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күл­төбе қалашығының тарихи нысандарын қал­пына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қо­ры­ғының аумағын абаттандыру жос­пар­ланып отыр. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені «Аманат» коттеджі қала­шы­ғы, Medina Palace қонақүйі, Хилует мә­дени-рухани орталығы салынады. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайы­зы жеке инвестиция. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңір­лік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жет­кі­зі­леді. − Ғалымдар Түркістан облысы ор­та­лығы Түркістан қаласының құрылуын қола дәуіріне жатқызады, яғни пайда бол­ғанына 30 ғасырдай уақыт бол­ға­нын дәлелдеп отыр. Бұл ғылыми тұ­жырым­ды былай қойғанда, Түркістан қаласы түбі бір түркі әлемі үшін мәдени ас­тана ретінде танымал. Мұнда аты мұ­сылман әлеміне әйгілі, сопылық әде­биет­тің ірі өкілі, кемеңгер, ойшыл ақын Қожа Ахмет Ясауи мәңгілік да­мыл тапқан. Демек, әлемнің көптеген хал­қы үшін Түркістан қаласының маңы­зы зор. Осы орайда Түркістанды елі­міздегі ең ірі туризм орталығы ету жолында қандай істер жүзеге асып жатыр? – Туризм Түркістан үшін жетекші сала бо­лады. Оған толық мүмкіндік бар. Ұлы ғұ­лама Қожа Ахмет Ясауи – күллі мұсылман әлемі үшін қадірлі тұлға. Бүгінде шаһарда Ясауи музейінің құрылысы аяқталған. Қазір музей құнды жәдігерлермен толықтырылып жатыр. Бұл жұмысты тікелей қадағалауымда ұстап отырмын. Адамзатты ізгілікке ша­қыр­ған ғұламаның Түркістанда өмір сүріп, ілі­мін таратқаны – біз үшін мақтаныш. Бү­гінде Ясауи мұралары мен шет мем­ле­кет­тердегі шәкірттерінің еңбектері жинақ­талып жатыр. Музей ашылған ойшылдың мұрасы ұлықталып, Ясауи феноменін асқақ­тату арқылы ғылым мен туризмді бірге да­мыту мүмкіндігі ашылады деген сенім мол. Бұл жобалар түркі әлемі ғана емес, өзге құр­лықтағы саяхатшыларды да қызық­тыра­тыны анық. Түркістан қаласының ту­рис­тік діңгегі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңын­дағы рухани-мәдени орталықтағы нысандар десек қателеспейміз. Бұл аумақта драма театр, Қазақстанда теңдесі жоқ Farab кітапханасы, қабылдау орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы, берірек жүрсек, «Керуен са­рай» туристік аймағы орналасқан. Түркістан облысына биыл он айда 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Пан­демияға дейін 2019 жылы келушілер саны 1 миллионнан асса, былтыр 2020 жы­лы пандемия кезінде шектеулерге бай­ла­ныс­ты Түркістан қаласына 300 мыңнан аса адам келген. Осы жылы «жасыл аймақта» бол­ған өңірге келгендер саны 5,5 есе ұлғайған. 2018 жылмен салыстырсақ, облыста 148 қонақүй болса, бүгінде облыста 40 қонақүй салынды. Оның 188-і – 8 000 орындық, яғни күніне 8 000 турист қабылдайтын мүмкіндік бар. Бір жылдың өзінде Түркістанда бірнеше бесжұлдызды қонақүй ашылып отыр. Со­ны­мен қатар жаңа қонақүйлердің құры­лы­сы­на инвесторлар тарту, туристердің келуі­не оңтайлы жағдай жасау жұмыстары жүр­­гізілуде. Биыл карантин шаралары жеңіл­­дегеннен кейін Түркістан қаласында бір­қатар халықаралық іс-шара өтті. Оның ішін­де алты елдің парламенттері өкіл­дері­нің қатысуымен өткен ТүркПА сессиялары, түр­кітілдес елдер өкілдеріне арналған ме­диа-форумды атап өтуге болады. Түркістан облысының туризмі тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып 3 бағытта дамып жатыр. Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақ­тас­тығының форумы аясында Үкімет бас­шы­ларының қатысуымен Ташкент, Самарқан, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрам­дастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықта ілгерілету бойын­ша төртжақты келісімге қол қойылды. Туризм саласындағы кадр тапшылығын жою және қалада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық уни­верситеті ашылып, жұмысын бастап кетті. Бір-екі жылда алғашқы түлектері шы­ғады. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары ба­ғытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыа­ғаш курорты аумағында емдік-сауық­тыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жо­басы қолға алынды. Тау баурайында шаң­ғы трассалары, арқанды және бөген жол­дары, қонақүйлер, мейрамханалар, ак­вапарк, ойын-сауық, жаттығу орталық­тары салынады. Осы жобаларды жүзеге асы­рып, туризм саласын үздіксіз дамыту ар­қылы 2025 жылы туристер ағыны мен келу­шілер санын 2 жарым миллион адамға арт­тыруды жоспарлап отырмыз. − Түркістан облысы – тұрғындары­ның саны 2 миллионнан асатын еліміз­дегі ең ірі аймақтардың бірі. Табиғи бай­лығы жағын айтсақ, елімізде уран кен­тастарының қоры жағынан бірінші орын, фосфорит және темір кента­сы­ның қоры жағынан үшінші орын ала­ды. Дегенмен облыс негізінен аграрлық сала дамыған облысқа жатады. Жері құнарлы, егін егуге өте қолайлы. Енде­ше жұмыс күші көп облыста егіншілікті жоғары дәрежеде дамытып, бүкіл елді жеміс-жидек, көкөністермен қамтама­сыз етуге мүмкіндік бар ма, ол салада орындалуы мүмкін қандай жоспар бар? – Ауыл шаруашылығы Түркістан об­лысы ғана емес, мемлекетіміздің негізгі драйверіне айналады деп ойлаймын. Бір­не­ше жыл бұрын АҚШ-тан агросалада жетіс­тікке жеткен кәсіпкерлер Қазақстанға кел­ді. Олар біздің кең-байтақ даланы, ауа райын көріп, «Сіздерде ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік өте мол екен» деп таң­ғалған болатын. Шынында да, біз Жаратқан берген бұл сыйды дұрыс пайдалануымыз керек. Биыл еліміздің батыс өңірлерінде қуаң­шы­лық болды. Түркістан облысына да құрғақ­шы­лық аздап әсер етті. Дегенмен еңбекқор елдің маңдай тері мен ұйым­дас­тыру жұмыс­тарының арқасында Түркістан облысы егін шаруашылығы мен мал шаруа­шылығында жылды табысты қорытындылап отыр. Биыл 10 айда өңірде 805,3 млрд тең­ге­нің ауыл шаруашылығы өнімі өн­дірі­ліп, өткен жылмен салыстырғанда 129 млрд теңгеге артты. Ауыл шаруашылығы да­қыл­дары 842,4 мың гектарға егілді. Рес­пуб­ли­кадағы жылыжай алаңының 71 пайызы Түркі­стан облысында екенін де айта кеткен жөн. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі Түркістан облысына тиесі­лі. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жол­ға қойылды. Өңірде мал шаруашы­лы­ғы­ның әлеуеті жоғары. Мал басы мен өнім­ділік 4-5 пайызға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ет экспорты бойынша облыс рес­публикада 1-орынға шықты. 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еті экспортталды. Түркістан қаласы айнала­сында 11 мың гектарға азық-түлік белдеуі қалыптасып келеді. Жоба толығымен жаң­бырлатып суғару технологиясымен жүзеге асырылуда. Бүгінде 163 шағын агроқұры­лым­дар кооперативтерге бірігіп, 2 мың гектарға 47 бірлік жаңбырлатып суару қон­дыр­ғыларын орнатты. Міне, осындай бастамалар арқылы өңірдің агросаладағы өнімін арттырып отырмыз. Алдағы уақытта өнімділікті тағы 2-3 есе арттыруға мүмкін­дік бар. Осы бағытта жұмыс күшейтіледі. − Тәуелсіздіктің 30 жылдығын той­лау қарсаңында Түркістан облысы ру­хани салада мемлекетіміз үшін маңыз­ды саналатын қандай шаралар­ды ат­қарды? – Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Оның біріншісі – тәуелсіздік. Тәуел­сіздік – біздің басты байлығымыз жә­не ең ұлы құндылығымыз. Бұл ойды үнемі ай­тып жүремін. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде, өңірімізде ел тағдырына, әлеу­меттік-экономикалық жағдайына оң әсер ететін аса маңызды шешімдер қабылданды. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Түркістан облысының құры­­лып, Түркістан қаласының жаңа дәуі­рінің басталуын да егемендіктің жетістік­терінің бірегейі деп есептеймін. Неге десеңіз, Түркістанның мәртебесі асқақтап, тарихи әділеттілік орнады. Әрине, пандемия арқа­ны кеңге салып, аса ірі мәдени жобаларды жүзеге асыруға қолбайлау болып тұр. Де­ген­мен Түркістанда мәдени инфрақұрылым толық жасақталды дей аламыз. Облыстағы жаңа драма театрда Дулат Исабеков аға­мыз­дың «Бөрте» спектаклі қойылды. «Фа­риза» қойылымын да қоғам өте жоғары бағалап отыр. Биыл Түркістанда «Түрленген, гүл­денген – Түркістан» республикалық ақын­дар айтысы, джаз музыкасының танымал орындаушылары қатысқан Turkistan Jazz Party I фестивалі, «Тайқазан» ұлттық киім дизайнерлерінің республикалық байқауы, «Түркістан дауысы» республикалық ән байқауы ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай рухани және мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келеді. Жамбыл облысынан рухани керуен келді. «Ұлы дала елі» орталығы, Түркістан музыка­лық драма театры және Farab кітапхана­сын­да мәдени және рухани кештер өтіп келеді. Түркістанды жаңартуға күллі қазақ елі үлес қосқанын, Елбасы мен Президенттің тіке­лей бақылауында тұрғанын шын жүре­гімізбен сезінеміз. Түркістанның рухани-мәдени әлеуеті шарықтайтын кез алда. Оған сеніміміз де, үмітіміз де мол. Осы мақсатты жүзеге асыруда аянбай еңбек етеміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ