Тәу етер киеміз – тәуелсіздік

Тәу етер киеміз – тәуелсіздік

Тәу етер киеміз – тәуелсіздік
ашық дереккөзі

Жер бетінде мыңдаған ұлт бар, бірақ солардың ішінде тәуелсіздік туын жел­біре­тіп, дербес мемлекетке айналғандары екі жүздің ол жақ, бұл жағында. Де­мек, тәуелсіз ел атану – мықтылық! Сол мықтылардың қатарында Қазақ­станның болуы – маңдайымызға тәңір жазған бақыт. Бірақ азаттығын ешқандай құн­ды­лыққа теңестірмейтін қазақ халқы үшін тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Өз тари­хын­да отаршыларға қарсы 300-ге жуық көтеріліс жасаған қазақ халқы үшін тәуелсіздік – ұлт бақыты, өзгелермен терезесін теңестірген мәртебе.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» деген сөзінде терең мән жатыр. Демек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – бүгінде «Ұлы дала мемлекеті», «Мәңгілік ел» атанып отырған әлемдік саясатта салмағы, әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар Қазақстанның мерейлі мерекесі. Сондықтан бұл жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деуі мерейлі мерекенің салмағын сезіндіре түссе керек. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында әлем­нің алтыдан бір аумағын иеленіп, қаншама елдер мен халықтарды уысында ұстап тұрған кеңестік жүйе күйреген соң әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда бола бастады. Оның бірі – Еуропа мен Азия­ның қақ ортасында орналасқан Қазақ­стан.
Жер көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған жас мемлекетке тәуелсіздік алған соң алдынан даңғыл жол ашылып кете қой­ған жоқ, бірақ ел басқарған тұлғалардың жан­қиярлық еңбегі арқасында аз уақытта өзін тіктеп, экономикалық өсімге қол жет­кізген қазақ елі он шақты жылдың ішінде ел халқының әл-ауқатын көтеріп, саяси-экономикалық тұрғыдан орнықты мемле­кетке айналды.
Бүгінде Қазақстан АҚШ, Ресей, Қытай сияқ­ты ірі державалармен, Еуроодақ мем­ле­кеттерімен және Орта Азиядағы көр­шілес елдермен тығыз қарым-қатынас ор­натқан. Сыртқы саясатта көпвекторлы ұста­нымдағы Қазақстан үшін әлемнің бар­лық елдері бірдей әріптес саналады. Жерінде қазба байлығы мол Қазақстан аз уақытта соны пайдалануды жолға қою ар­қылы сырттан көп инвестиция тартып, сол арқылы барлық саланы бірдей дамытуға қол жеткізді. Әрине, 30 жылдың ішінде әлемдік қауым­дастықтың белді мүшесіне айналып, өз даму жолына түскен Қазақстанның бар­лық жетістігін бір мақалада әңгімелеп шығу мүмкін болмағандықтан, тәуелсіз еліміздің осы кезең ішінде жасаған саяси маңызды қа­дамдары туралы қысқаша шолып шығу­мен шектелеміз. 1991 жыл Қазақстан үшін жаңа дәуір­дің басы болып есептеледі. Өйткені осы жылы Қазақстан дербес ел ретінде тарихтан орын алып, өз болашағына қатысты батыл ше­шімдер жасай бастады. Сол жылдың тамыз-қазан айларында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары қайта құрыл­ды, сондай-ақ Қазақ КСР Мемлекеттік қор­ғаныс комитеті құрылды. 2 қазанда қа­зақ­тың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубә­кіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер атанды. 16 қазанда Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының заңы қабылданды, сөйтіп Жоғарғы Кеңестің таңдауымен Президенттің қызмет орны бекітілді. Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. 1 желтоқсанда Қазақ КСР-інің Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауы­сын жинаған Н.Назарбаев республика Президенті болып сайланды. 10 желтоқ­санда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. 16 желтоқсан күні «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қа­зақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Осы­лайша, әлем картасында Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. 1992 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Рес­публикасында ішкі әскерлері туралы» Қа­зақстан Президентінің Жарлығы қабы­л­да­нып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында еліміздің ішкі істер әс­кері құрылды. 15 қаңтарда «Діни сенім бос­тандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Сол жылы Алматы қала­сын­да Дүниежүзі қазақтарының І Құрыл­тайы өтіп, әлем қазақтары тұңғыш рет өз ата­мекенінде бас қосты. 2 наурызында Қа­зақ­стан БҰҰ-ға мүше болды. 8 мамырда ҚР-ның дербес Қарулы Күштері құрылды. 15 мамырда ТМД-ның 6 мемлекетінің (Ар­ме­ния, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тә­жік­стан, Өзбекстан) мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды. 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді. Ал 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әнұранының музыкалық ре­дакциясы туралы» заңдар күшіне енді. 11 жел­тоқсанда «Қазақстан Республикасы мем­лекеттік Әнұранының мәтіні туралы» заң қабылданды. 1993 жылғы 4 қаңтарда Ташкентте Ор­та Азия елдерінің мемлекет басшыларының кез­десуі барысында, Қазақстан Пре­зиден­тінің ұсы­нысымен тараптар «Аралды қор­ғау» ха­лықаралық қорын құру туралы ше­шім қа­былдады. 13 қаңтарда «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды. 22 қаңтарда Президент Жар­лығымен Қазақстан Ұлттық ғылым ака­демиясы республикалық жоғары дәре­желі ғылыми мекеме – Ұлттық ғылым ака­демиясы болып қайта құрылды. Қаңтар­дың 28-інде Қазақстанның тұңғыш Консти­ту­циясы қабылданды. 26 ақпанда рес­пуб­лика аймағының тұтастығын дәлелдейтін «Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік ше­карасы туралы» заңы өз күшіне енді. 25 наурызда Қазақстан Еуропалық Даму және қайта құру банкіне мүшелікке кірді. Мамыр айын­да «Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­бан­­дарын ақтау туралы» заң қабылданды. 15 қараша Қазақстанның Ұлттық валюта- сы – теңге айналымға шықты. Сол жылы Қа­­зақстан Президенті Н.Назарбаев «Бола­шақ» бағдарламасын тағайындап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды. 1994 жылғы 16 ақпанда Қазақстан ядро­лық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Наурыз айында алғаш рет парламенттік сайлау өткі­зілді. 27 мамырда Қазақстан рамалы құ­­­жат­қа қол қойып, НАТО-ның «Бейбітші­лік­ке арналған серіктестік» бағдарла­ма­сы­ның 19-шы қатысушы мемлекеті болды. 6 шіл­деде Жоғарғы Кеңес депутаттары аста­на­ны Ақмола қаласына көшіруге шешім қа­былдады. 30 маусымда қазақтың екінші ғарыш­кер ұлы Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты. 1995 жылғы 1 наурызда Президент Жар­лығымен Қазақстан халықтарының Ассамб­леясы құрылды. 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдумда сайлау­шы­лардың 95,4 пайызы Президент өкілеттілі­гі­нің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап дауыс берді. 26 ма­мырда Қазақстан аумағынан ядролық қару­дың соңғысы шығарылды. 3 шілдеде Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты. 30 тамызда конституция­лық өзгерістер процесі аяқталып, қазіргі қол­даныстағы Конституция қабылданды. Сол күзде Қазақстанда ұлттық әуетасы­мал­даушы пайда болды. Қазақстан Ислам кон­ференциясы ұйымының мүшелігіне қабыл­данды. 1996 жылғы 3 сәуірде Қазақстандағы қа­зақ ұлтының азаматтары құжатқа тарихи халық дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүм­кіндік алды. 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды. Сол жылдың 16 желтоқсанында Алматыдағы Республика алаңында «Тәуелсіздік монументі» ашылды. 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Рес­публикасындағы тіл туралы» заң қабылдан­ды. 8 қарашада мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өтті. 20 қазанында «Ақмола қала­сын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» №3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылғы 10 желтоқсаннан астана болып саналады. 1998 жылғы 10 маусым астананың тұсаукесер күні ретінде белгіленеді. Елімізде халықтық жалпы келісім мен саяси реп­рессия құрбандарына арналған жыл болып, «Қуғын-сүргіндерді еске алу жылы» деп атал­ды. Қазан айында Президент Н.Назар­баев­тың «Қазақстан-2030» стратегия­лық Жолдауы жарияланды. 1998 жылдың басынан бастап зейне­тақы реформасы басталды. 6 мамырда Қа­зақ­стан Үкіметі жанындағы ономастикалық ко­миссияның қорытындысы негізінде Ақ­мола атауын Астана қаласы деп өзгерту ту­ралы Президент Жарлығы шықты. 1 мау­­сымда Қазақстанның Қарулы Күш­тері­нің Әуе қорғанысы күштері құрылды. 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей Федерациясы ара­сында мәңгілік достастық пен одақ­тастық туралы Декларацияға қол қойылды. 1999 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Пре­зидентінің сайлауы өтті. Тұңғыш рет бала­малы негізде демократиялық үрдіспен өт­кен бұл сайлауда Қазақстан Президенті бо­лып 81,71 пайыз дауыс алған Н.Назарбаев қай­та сайланды. Сондай-ақ осы айда «Нұр Отан» Республикалық саяси партиясы құрыл­ды. Шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен мара­патталды. 1999 жылы тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Са­нақ халық саны 14 млн 652,7 мың адам еке­нін, оның 53,4 пайызын қазақтар құрай­тынын көрсетті. 2000 жылғы 29 маусымда Семей ядро­лық сынақ полигоны біржола жабылды. 1 қыр­күйекте «Қазақстан Республикасының тәуел­сіз сот жүйесін күшейту жөнінінде» Президент Жарлығы қабылданды. 2001-2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасы және Мемлекет бас­шысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылды. 2001 жыл автомобиль жолдары жылы болып жарияланды. Трансеуразиялық магистраль «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жо­басы басталды. 2002 жылғы 4 маусымда Алматы қала­сын­да Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммиті өтті. 23-24 қарашада Түр­кістан қаласында қазақтардың Екінші бүкіләлемдік құрылтайы өтті. 24-26 қара­шада Алматыда ІІ Еуразиялық медиа-форум өтті. Сол жылы Астананың төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен елор­даның символына айналған биіктігі 97 метр «Астана – Бәйтерек» монументі салынды. 2003 жылы Астана қаласында Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі болды, сондай-ақ демографиялық жағ­­дайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақ­­сатында аналарға бала тууына байла­ныс­ты бірреттік жәрдемақылар беріле бастады. 2004 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Пре­зи­денті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасы туралы қаулыға қол қойды және Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы­мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сы қабылданды. 2005 жылғы 5 шілдеде Астанада өткен Мемлекет басшыларының саммитінде астана декларациясына қол қойылып, анти­террорлық сипаттағы негізгі құжаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес­тегі ынтымақтастық тұжырымдамасы, ере­жесі бекітілді. 2005 жылдың 4 желтоқсанын­да кезекті Президент сайлауы өтті. Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев 91,15 пайыз дауыс­пен үшінші рет Мемлекет басшысы болды. 2006 жылдың қаңтарында Қазақ­стан­ның жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне композитор Ш.Қалдаяқовтың (сөзі Ж.Нәжімеденовтің) 1950 жылдары шығар­ған «Менің Қазақстаным» әні алынып, оның жаңарған мәтіні авторларының бірі Н.Назарбаев болды. 11 қаңтарда Ақорда рези­ден­циясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуі­не арналған салтанатты рәсім өтті. 1 қыр­күйекте Астанада пирамида үлгісіндегі Бей­бітшілік және келісім сарайы ашылып, сол айда осы ғимаратта Әлем діндерінің екін­ші съезі өтті. 17 маусымда Алматыда Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру ша­ралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) екін­ші саммиті болды. 15 қарашада теңгеміз жаңа басылыммен қайта шықты. 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Конс­титуциясына енгізілген өзгерістер мен то­лықтыруларға сәйкес, бұрынғы консуль­тативтік-кеңесші орган – Қазақстан халық­тары Ассамблеясына Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атау берілді. Осы жы­лы Қазақстан Республикасының ғылы­мын дамытудың 2007-2012 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламасы қа­был­данды. 2008 жылғы қаңтарда «Оралмандардың кө­шіп келу квотасы» туралы Қазақстан Пре­зидентінің Жарлығы шықты. 23 жел­тоқ­санда Қазақстан Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары қабыл­дан­ды. 1 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі өтті. 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында елiмiздегi тұрғындар арасында екінші халық санағы өттi. Санақ қорытындылары бойынша, Қазақстан хал­қының саны 16 004,8 мың адамды құрады. 2010 жылы «Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық дамудың» мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде үстіміздегі жылы ғана 140-тан астам жаңа бәсекеге қабілетті өнер­кәсіп кәсіпорындары іске қосылады. Аста­на қаласында мемлекет тарихында тұң­ғыш рет Орта Азия елдері басшылары­ның қатысуымен ЕҚЫҰ-ның саммиті өтті. 2010 жылдың 31 желтоқсаны мен 2011 жыл­дың 7 қаңтар аралығында VII қысқы Азия ойындары Астана-Алматы қалаларын­да өтті. 2011 жылы Қазақстан Ислам конферен­ция­сы ұйымына төрағалық етті. Қазақ­стан­да VII қысқы Азия ойындары өтті. 25 ма­мыр­да Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы­мен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Осы жылы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» атағы берілді. 2012 жылғы 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 7 алтын алып, жалпы командалық есепте 12-орын­ға ие болды. Алғаш рет қазақстан­дық­тар Тұңғыш Президент күнін атап өтті. 14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ел хал­қына арнаған «Қазақ­стан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауын жария­лады. 2013 жылғы 30 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Рес­публикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығы шықты. Қазан айында «Нұр Отан» партия­сы­ның саяси доктринасы қабылданды. Доктрина «Нұр Отан» партиясының ХХІ ға­сырдағы миссиясы мен «Қазақстан–2050» стратегиясын жүзеге асырудағы рөлін анықтауға бағытталған. 2014 жылғы 17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ат­ты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жа­риялады. 27 шілдеде Қазақстан Дүние­жүзі­лік сауда ұйымының мүшесі атанды. Қа­зан айында Елбасы Астана қаласының белсенділерімен кездесу кезінде 2015 жылы қа­зақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетіні жайлы мәлімдеді. 11 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – бола­шаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. 2015 жылғы 26 сәуірде кезектен тыс Пре­зидент сайлауы өтті. Президент орын­тағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәти­же­сінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық дауысына қол жеткізіп, ай­қын басымдықпен жеңіске жетті. 2 қыр­күйек­те Қазақстан тарихындағы үшінші ғарыш­кер – Айдын Айымбетов халықара­лық экипаждың құрамында Халықаралық ғарыш стансасына аттанды. 11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арнал­ған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөй­леді. 2016 жылы Мемлекет басшысы 21 мем­лекетке ресми сапармен барып, 16 шетел, халықаралық ұйымдар басшысын қабыл­дады, сондай-ақ Жер кодексіне 2021 жыл­дың соңына дейін түзетулер енгізуге мора­торий жариялады. Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру мен «Париж ке­лі­сімін ратификациялау туралы» заң жо­басы қабылданды. 2017 жылғы наурызда Қазақстан Конс­титу­циясына өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Осылайша, мемлекеттiк билiк тар­мақтары арасындағы өкiлеттiктер қайта бөлiндi. Сол арқылы президенттiк басқару формасын сақтай отырып, парламенттiң бақылау функциясын күшейтуге мүмкіндік берілді. 26 қазанда Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлығы қабылданды. Елордада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында EXPO-2017 көр­месі өтті. Іс-шараға 115 ел мен 22 халық­ара­лық ұйым қатысып, көрменi барлығы 4 млн адам тамашалады. 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда V Кас­пий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қа­тыс­ты. Осы жиын барысында Каспий теңі­зі­нің құқықтық мәртебесі айқындалды. 10-11 қазан күндері Астана қаласында Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның VI съезі өтті. 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз өкілеттілігін тоқтату туралы мәлімдеді. 2019 жылғы 9 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің кезектен тыс сайлауын та­ғайын­дау туралы» №18 Жарлығына сәйкес, сайлау 2019 жылғы 9 маусымда өтті. Сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатқалы уақытша Президент болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге есептегенде жеті кандидат қатысты. Сайлау нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар дауысының 70,96 пайызын иеленіп, Қазақстанның Президенті болып сайланды. 2 қыркүйекте Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» деген та­қырыппен халыққа Жолдау жасады. 2020 жылғы 19 наурызда COVID-19 ин­фекциясының таралуы себепті Қазақстан тәуелсіздігі тарихында алғаш рет төтенше жағ­дай енгізілді. Билік қалааралық көлік қоз­ғалысын жауып, мемлекеттік шекарадан өтуге шектеу қойды. 11 мамырда түн орта­сынан бастап Қазақстанда төтенше жағдай тоқтатылды. 25 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қол қойды. Қазақстан топырағынан шық­қан әлемдік дәрежедегі ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнан­байұлының 175 жылдығы халықаралық дәрежеде аталып өтті. Сондай-ақ кезінде орталығы қазақ даласында болған Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы мемле­кет­тік дәрежеде белгіленіп, түрлі іс-шара бол­ды.

2021 жылы да көптеген маңызды оқиға, тари­хымызға қатысты түрлі ме­рейтойлық даталар бар, дегенмен біз үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­­ғы басты саяси оқиға болып қала бер­мек. Азаттық адамзаттың арманы бол­ғанда, тәуел­сіздік – кез келген ұлт, мем­лекет үшін ба­қыт. Ендеше тәуел­сіз­дігіміз жасай берсін!