Қазақстан суицид статистикасы бойынша алғашқы ондыққа кіреді

Қазақстан суицид статистикасы бойынша алғашқы ондыққа кіреді

Қазақстан суицид статистикасы бойынша алғашқы ондыққа кіреді
ашық дереккөзі
ДДСҰ келтірген деректерге сүйенсек, суицид көрсеткішінің 79 пайызы халқы кедей елдерде жасалады екен. Ал Қазақстанның бұл көрсеткіш бойынша әлемде алғашқы 10 елдің қатарына кіретіні көпшілікке мәлім. Орта Азия елдері бойынша еліміз, тіпті, көшбасында тұр, деп жазды turkystan.kz. Әлемде жыл сайын «АИТВ», безгек және сүт безі қатерлі ісігінен гөрі суицидтен көз жұматындар саны көп. ДДСҰ-ның соңғы рет жүргізген статистикасына сәйкес, 2019 жылы 700 мыңнан астам адам өз-өзіне қол салған. Тіпті, соғыс пен кісі қолынан қаза табатындар саны мұндай жоғары көрсеткішке ие емес. Елімізде жасалған суицидтердің көрсеткішіне сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде статистиканың қатты өзгере қоймағанын аңғаруға болады. Мәселен, 2017 жылы – 3644 адам, 2018 жылы – 3542, 2019 жылы – 3805, 2020 жылы – 3526 адам өз-өзіне қол жұмсаса, биылғы 10 айдың ішінде 3353 азамат суицидтен көз жұмды. Өзіне қол салуды жөн көргендердің басым бөлігі 35 пен 40 жас аралығындағылар. Сондай-ақ, әскерилер арасында да көрсеткіш тұрақты болып тұр. Тек биыл ғана сарбаздардың өздерін өлтіру деректері азайған сыңайлы. Суицид арқылы өз өмірімен қоштасқандардан бөлек, осындай қадамға бармақ болғандардың да статистикалық көрсеткіші жаға ұстады. 2020 жылы 18 жасқа дейінгілер арасындағы суицид бойынша 144 жағдай тіркелді. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Бірақ биыл жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 150-ге бір-ақ жетті. Балалардың өзін өлтіруіне көбіне отбасындағы жанжал мен оқу орнындағы түсініспеушілік себеп болады. Жалпы бұл бағытта ҚР Білім және ғылым министрлігі суицидтің алдын алу үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді. Республика өңірлерінде 1876 психологиялық қызмет жұмыс істейді, онда балалардың құқықтарын қорғау бойынша 11 мыңнан астам маман қызмет етеді. Мәселен, тек білім беру жүйесінде 7 мыңнан астам педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог жұмыс істейді екен. Ашық дерек көздерінде жарияланған ресми деректер бойынша бүгінде ДДСҰ құрамына кіретін 183 елдің ішінде тек 38 елде ғана мемлекеттік деңгейде қабылданған суицидтің алдын алу бағдарлама бар екен. Суицид бойынша орта Азия елдері арасында Қазақстан бірінші орында тұр.