Ерлі-зайыпты қандастар атпен 99 күн жүрген

Ерлі-зайыпты қандастар атпен 99 күн жүрген

Ерлі-зайыпты қандастар атпен 99 күн жүрген
ашық дереккөзі
Ерлі-зайыпты қазақтар Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан Қытай астанасы Бейжіңге екі атқа мініп сапарға шыққан болатын. Олар мақсаттарына жетуге 99 күн уақытын жұмсаған, деп хабарлады Қытайдың Ағажай-Алтай ақпарат порталы, деп хабарлады turkystan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап. Бұл туралы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкелік үкіметі өткізген баспасөз мәслихатында айтылған. Қытайлық ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, күйеуімен бірге Бейжіңге сапар шеккен қазақ әйелі Жайна Еркінқызының жасы 25-те. Ол - Сауан ауданы Болтунгу ежелгі қалашығы Кенаген ауылының тұрғыны. Отбасында 5 адам бар. Жайна күйеуі, екі кішкентай ұлы және енесімен бірге тұрады. Олар осыдан үш айдан астам уақыт бұрын ағайын-туыс, достарымен ақылдаса келіп, неше мыңдаған шақырым қашықтықтағы Қытай елінің астанасы Бейжіңге атпен бару шешімін қабылдағанын айтады. Оның айтуынша, атпен жүрген бұл ұзақ жолдары қиыншылыққа емес, қызыққа толы болған. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, олардың өз ауылынан Бейжің қаласына атпен жетуіне тұп-тура 99 күн уақыт кеткен. Осы сапарда 120 мың юаньға (8 млн 160 мың теңгедей) жуық ақша жұмсалған. Оның барлығын өз еңбегімен тапқан. Шыңжаңнан ел астанасына жолға шығуы - жас жұбайлар үшін өмірлеріндегі ең есте қалатын оқиға. Жолда әртүрлі өңірлерден өтіп, 40 градустық аптап ыстықты сезініп, шөлді аймақтардың қиындықтарына шыдап, табиғат сынына төтеп берген. Сондай-ақ жолда кездескен түрлі этнос өкілдерінің өздеріне жасаған көмектері де көп болған. 99 күндік ұзақ жолдан кейін Жайна Еркінқызы мен күйеуі туған жеріне оралып, отбасы мен ауылдастарына жолдағы көрген-білгендері мен елдегі үлкен өзгерістер туралы әңгімелеп берген. Айта кетсек, олар мал бағумен айналысады. Жылқы, сиыр және қой ұстайды екен. Жайна қазіргі тұрмыстық жағдайларының жақсы екенін айтады.
«Мен тауда өстім, оныма еш өкінбеймін. Қазір туған жерімде асфальт жол үйімнің табалдырығына дейін апарады. Су, жарық, интернет қосылған. Ауылдастар науқасты емдетуден еш қиналмайтын болды. Балаларымыз балабақшадан бастап тегін оқиды. Сонымен қатар мектепке барғанда тамақ, жатын орын субсидиялары бар. Біздің үйде қазір 300-ден астам қой, 40 бастай сиыр, 20-дан астам жылқы бар. Өзіміздің еңбектенуіміздің арқасында тұрмысымыз күннен-күнге жақсарып келеді», - дейді Жайна Еркінқызы.