Санаулы күндерден соң Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Бұл – адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт болғанымен, біз үшін маңызды бір белес. Сондықтан бір жыл бойы еліміздегі барлық БАҚ осы кезге дейін не тындырып, неге қолымыз жеткенін шолып, саяси-экономикалық және рухани тұрғыдан қандай жетістіктерге ие болғанымыз жайында талдау жасады. Енді, міне, осы саяси науқанның қорытындысындай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көріп отыр.
Мақалада Елбасы, ең алдымен тәуелсіздіктің мән-мағынасына, оның қазақ тарихы үшін қаншалықты маңызды екенін айта келіп, «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы» деп азаттығымыздың мерейлі жеңіс екеніне ой жүгіртеді.
Иә, ешбір елге тәуелсіздік аспаннан түспейді. Елбасы айтқандай, «жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткізсек» те оған дейін бір жарым ғасырдай уақыт ішінде азаттыққа ұмтылған ел отаршыларға қарсы жүздеген рет көтеріліске шығып, есепсіз қан төкті. Мәселен, ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тыл жұмысы үшін қазақтан адам алмақшы болған кезінде қазақ жерінің барлық тұсында «патшаға адам бермейміз» деген ұранмен халқымыз көтеріліске шықты. Сондай көтерілістің біразы Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болып, оған Елбасының да аталары қатысқан. Демек, бүгінгі қазақтың ата-бабаларының ішінде азаттық соғысына қатыспаған адам жоқ.
Патша өкіметі құлағаннан кейін де жерімізде Кеңес өкіметі орнап, буынын бекіткен соң да қазақ халқына жасалған қан-қасаптар аз емес. 1921-1922, 1932-1933 жылдардағы аштық, 30-жылдардағы репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған қазақтың өмірін жалмап, өзі жерімізде азшылыққа айналдық. Осыларды саралай келе, Елбасы: «Кейде ойлаймын: қазақ не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған» деп жазады. Бұл - өз халқының бастан өткен қиын-қыстау кездерді жақсы білетін ел басшысының сөзі. Дегенмен, соның бәрін еңсеріп, ХХ ғасырдың соңғы 10 жылдығының парақтары ашылғанда, азаттыққа қолы жеткен елдің алғашқы Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың сол елдің 30 жылда жеткен жетістігіне қосқан үлесі мол. Сондықтан ол «Тәуелсіздік тағылымын» саралағанда: «Мен 30 жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» деуіне хақысы бар.
КСРО-ның алғашқы да соңғы президенті М.Горбачев билік қолына тиісімен алдымен «жеделдету», соңынан «қайта құру» арқылы науқандар жүргізіп, кейін көзі ашылған елдің өз ырқынан шығып бара жатқанын көріп, өзі бастаған іске өзі кедергі болғысы келгені бар. Сондай сәтте Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы ретінде биік мінберден сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев та өз елінің жағдайы туралы батыл сөйлегені бар. Сонда оның: «Ведомстволық өктемдік әлемдік нарықта зор сұранысқа ие шикізат ресурсына бай республикамыздың өз әлеуметтік дамуында ауыр халге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне әкеп соқтырды. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілдің кебін киген министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөктіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі полигон үшін малшылар өрістерінен айырылды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ» деуі сол кез үшін үлкен батылдық еді.
«Жыланды үш кессең де кесірткелік қауқары бар» дегендей, әлі де өзге республикаларға сесі бар Мәскеуге арқасүйегендер өз арамызда да аз емес еді. Соны ескерсек, Елбасы 1991 жылғы 14 желтоқсанда өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданар тұста өз ішімізде алауыздық болғанын былай деп еске түсіруінің маңызы зор: «Жоғарғы Кеңес залында вице-президент Е.Асанбаев қатысып отырғанымен, мен талқылауды кабинетімдегі байланыс арқылы жіті бақылап отырдым. Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан Ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?» – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті. Көп ұзамай, тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», – деді.
«Тәуелсіздік тағылымы» мақаласындағы Елбасы ойларының бәрін бір мақалада шолып, баға беру қиын. Дегенмен, ондағы айтылғандардың ең бастысы, қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолындағы ғасырларға созылған жанқиярлық күресі мен Қазақстан тәуелсіз мемлекет атану жолындағы саяси қиындықтарды еңсеруі жайындағы ойлар дер едім. Бұл – бүгінгі және болашақтағы қазақтың есінде тұруы тиіс аса маңызды тұжырым.