Әкімдік Есеп комитетін жалған ақпарат таратты деп айыптады

Әкімдік Есеп комитетін жалған ақпарат таратты деп айыптады

Әкімдік Есеп комитетін жалған ақпарат таратты деп айыптады
ашық дереккөзі
Тексеріс барысында Есеп комитеті Атырау қаласындағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға деп сатып алынған 160 пәтердің екі жылдан астам уақыт бойы бос тұрғанын анықтаған. Алайда, жергілікті билік бұл шағыммен келіспейді, деп жазады turkystan.kz. Жуырда комитет республикалық бюджеттің орындалуы талқыланған отырыста Атырау облысына бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуына байланысты бірқатар мәлімет жариялаған болатын. Ал жергілікті әкімдік өкілдері тексерушілердің әлеуметтік баспана бойынша қорытындысымен келіспей отыр.
«Қалалық құрылыс бөлімі аз қамтылған көпбалалы отбасыларға деп жалпы құны 1,4 млрд теңгеге 173 пәтер сатып алынды. Оның 1,3 млрд-қа бағаланған 160 пәтері жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға 21 ай бойы берілмеген», – деді жиналыста Есеп комитетінің мүшесі Рашит Ахметов.
Аталмыш жайтқа байланысты өңірлік «Ақжайық» басылымы жолдаған сауалға Атырау әкімдігіндегілер «бұл ақпарат шындыққа жанаспайды» деп жауап берген.
«Өткізілген конкурс қорытындысы бойынша қалалық құрылыс бөлімі мен «Дамар Строй» ЖШС арасында жалпы құны 1 млрд 829 млн теңгеге 200 пәтер сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұл қаржының 329 млн-ы республикалық бюджеттен болса, 1 млрд 500 млн теңгесі – жергілікті бюджеттің ақшасы. Республикалық бюджеттің қаржысына алынған үш бөлмелі 40 пәтер көпбалалы отбасыларға кезек бойынша берілді. Жергілікті бюджет қаржысына алынған 160 пәтер апаттық үйлердің тұрғындарына берілді», – деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
Әкімдіктің хабарлауынша, бұл баспаналарға 2019 жылғы 18 қазандағы облыстық мәслихаттың №365-VI шешіміне сәйкес болашағы жоқ деп танылған ауыл тұрғындары (№496 разъезд, Қарабатан) көшірілген.