7 қоқыс полигоны бар өңірде 98 орын қоқырсып жатыр

7 қоқыс полигоны бар өңірде 98 орын қоқырсып жатыр

7 қоқыс полигоны бар өңірде 98 орын қоқырсып жатыр
ашық дереккөзі
Қоқыс орнының 32-сі Ақтауда орналасқан. Бүгінде 17 нүкте тазартылғанмен, ұдайы бақылаудың жоқтығынан ол орындар қайта толып қалады екен, деп хабарлады turkystan.kz. Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, негізінен, құрылыс жүріп жатқан аумақтар тез ластанады. Әсіресе қаланың өнеркәсіптік аймағымен қосылатын 1-шағын ауданы қоқыс үйінділеріне толы. Жаңадан салынып жатқан 16, 20-ықшамаудандардың да тазалығы жетісіп тұрған жоқ. Кінәлілерді іздеп табу қиын болған соң, қоқысты қала билігінің өзі тазартуға көшкен.
«Қанша тазалық жұмыстарын жүргізгенімен, тұрғындар үйінен шыққан жөндеу қалдықтарын тастауды тоқтатар емес. Баянды елді мекенінде орналасқан полигонға жеткізіп, арнайы техника жалдап шығаруыңызды сұраймыз. Қаланың қақ ортасында тұрып, осындай мусормен отыру өзіңізге де жақсы емес деп ойлаймыз», - дейді қалалық ТҮКШ бас маманы Бақтияр Мақсатов.
Шаһар сыртындағы кіші Оймашы көлінің маңына бейнебақылау камерасы орнатылмағандықтан, жыл басында тазаланған жер қайта ластанып жатыр. Енді тұрғындарды тәртіпке шақыра алмай шаршаған өкілетті органдар мобильдік топтар құрып, табиғат тазалығын қадағалауды мықтап қолға алып отыр екен. Бұдан былай, қоқысты қоқырсытып кететін азаматтарға бірден айыппұл салынбақ.
«Биылғы жылдың өзінде 56 құқықбұзушылық анықталды. Жылына 2 рет, көктем және күз айларында сенбіліктер өткізіледі. Сол сенбілікте осы кіші Оймашының аумағы бірнеше рет тазаланады. Енді тағы ластануына көз жеткізіп отырмыз», - дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Динара Еңсеген.
Жалпы, Маңғыстау облысында санитарлық талаптарға сай келетін 7 қоқыс полигоны бар. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытша төгу үшін 16 орын белгіленген. Таяу жылдары қоқыс полигондарының санын екі есе арттыру жоспарланған.