29218
Нағыз қазақ қай қазақ?
Нағыз қазақ қай қазақ?

Қазақ қазақ болғалы «нағыз» деген атаққа талас көп өз ішімізде. Өзінің «Шын қазақ» екенін этникалық жақтан негіздеуге құштар қазекем өзіне көңілі толса да, өзгенің руынан, таныс болса ата тегінен кінәрат іздеуге құмар. Себебі өзгенің «қазақ еместігін» дәлелдей алса, өзінен қазақ екені «сонадайдан көрініп» тұратын сияқты. Сондықтан өзінің «текті» екенін дәлелдеуге келгенде құлшына кірісетін біздің ағайын өзгенің тектілігіне бір шекелеп қарауға бейім.
Иә, бұл енді негізінен бұрынырақтағы әңгіме ғой, қазіргісі қандай екен?
Қазақшылық деген бұрында мұсылманшылық, адамгершілік деген сөздердің синонимі сияқты естілетін және ол адамның қулық-сұмдықтан ада, ерекше тазалықтың белгісіндей ұғылатын. Бірақ уақыт өте келе қазақ болып шіреніп жүргендердің ішінен өзінен бірдеңе ұнамаса «қазақшылық қой», «бұл қазақшылықты қойсаңшы» деп кекете сөйлейтіндер пайда бола бастады. Ал бұл тегін бе? «Құландай өз қағынан жеріген» деген тәмсіл бар қазақта. Ол түсінгенге өте ауыр сөз, тегінен қашқанды адам да, тағдыр да қолдай бермейтіні бар...
Қазақ атауы − тарихи үдерістің өзі ұсынған атау. Қай жағынан қарасаң да, бірдей оқылатын осы сөзді атау қылып Құдайдың өзі бізге бере салған. Тек соны көпсінбейік.
«Шорманның Мұстафасы атымды алып, атандым сол себептен Жаяу Мұса» деп Мұса Байжанұлы күштіден зорлық көріп, зарланып жүрген тұста қазақ жеріне дендеп кіре бастаған Ресей империясы тұтас ұлттың атын алып қойып, құжаттарға киргиз деп жазып жүрген шақ еді. Неге екенін қайдам, казақтың өз алдына жеке ұлт екенін білетін орыстар «қазаққа» тілі келмеді ме әлде өздерінің «айда» десе атына міне шауып, бір кездегі өз қандастарын (түркілерді) шауып қайтатын жалаң қылыш казакпен шатастырғысы келмеді ме немесе казак пен қазақтың атауы ғана емес, түп сүйегі бір екенін сезіп қалмасын деді ме, әйтеуір қазақты о бастан киргиз дейтін болды. Тіпті Патша үкіметі құлап, билікке кедейлердің үкіметі саналатын большевиктер келген соң да 1920 жылдың 16 маусымында өз аумағымен бөлек республика болып елге РКФСР құрамындағы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы деген атау берді. Бірақ елінің өзге ұлттың атымен жүргеніне намысы келген жігіттер бұл атауды арадан бес жыл өткен соң барып өзгертті. Оны 1925 жылғы 19 сәуірде Орынбор қаласында өткен Кеңестердің 5-съезінде Сұлтанбек Қожанов дауысқа салып, көпшіліктің қолдауымен ел атын Қазақ Республикасы деп өзгерттіреді. Ал «кара киргиз» атанып жүрген ел «кыргыз» деген өз атына иелік етіпті. Бүгінгі қазақтың есінде жүретін әңгіме бұл.
Тарих деген қандай аласапыран, иә? Бұдан бес жарым ғасырдан аса уақыт бұрын Қазақ хандығы құрылғанда мың сан ру жиналып қазақ атансақ, кейін ауызбірлігіміздің жоғынан елдіктен айырылып, атымыздан айырылып, оны қайта тірілткенімізге де бір ғасырдай уақыт болып қалған екен. Ал қазір дүниенің қызығы, біреудің қабағы үшін ұлтымыздың атынан безіп кеткісі келетін адамдар бар жан-жағымызда...
Қалай қарасаң да көзіңе шалынбай, есіңе түспей тұрмайтын бір сөздер болады ғой, соның бірі «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз (авторы Карл Маркс есімді қаба сақал кісі екенін білетін шығарсыздар деп ойлаймын). Сол пәле қазаққа келгенде дұрыс шыға беретінін қайтерсің?! Кеңестік кезеңде КСРО-ны билеген Н.Хрущев деген авантюристің «Коммунизмге орыс тілімен барамыз» дегенін естіген қазақтар жаппай балаларын орысша оқытып, олар құжатында ғана қазақ болып, басқа жердің бәрінде орыс болып кеткен еді. Кейін олардың балаларының балалары да орыс тілінде оқып, бүгінде «қазақсың ба?» десең арланатынды шығарды, тіпті бетіңе бажырайып қарап «я вашего языка не понимаю» дейтіндері бар. Бірақ қазақтықтан безінудің дәурені ұзаққа бармады. Тәуелсіздік таңы атып, қазақтар оянды. Оянды да, қазақ болудың басты құралы тіл білу екенін сезінді. Қазақ тілі Конституциямызда арнайы баппен «Мемлекеттік тіл» мәртебесін алды. Алайда бірден қазақ болып кете алмадық. Оның себебі еңсесін енді көтерген, идеологиялық алаңы бос қалған елде сауатсыздар белсенді болды. Қысқа сөздердің өзін қатесіз жаза алмайтын біреулер «шежіре» кітаптарын шығарып алып қазақтың рушылдығын қоздырып, елді ру-руға бөліп, бірінен екіншісінің артық екенін дәлелдеп, әп-сәтте қоңданып шыға келді. Енді қазақпыз дегеннен гөрі әркімге өз ата-бабасы жақын көрініп, ұлттың атына бас қатырмасақ та, рудың әңгімесін сапырып болдық. Дегенмен мұндай майда-шүйде әңгімеден тысқары жерлерде қазақ мәселесі бөлекше қаралатын. Сөйтіп тіл үйрену өзге ұлттардың арасында да баяу да болса жүріп жатты. Сөйтіп бір күндері біздің шала қазақтардың беті қарамай жүргенде өзге ұлт өкілдері арасынан қазақ тілін тәп-тәуір білетіндер шыға бастады. Максим Рожин, Оксана Лоскутова, Оксана Петерс, Игорь Сахар, Мая Веронская, Ирина Тен, Анна Данченко секілді «өзге ұлт өкілдері» теледидарда бағдарламаларды қазақша жүргізе бастағанда біреулер аузын ашып, көзін жұмып жатса, тағы біреулер «өзгелердің қазақша сөйлегенін бірінші рет естіп отырсыңдар ма, Қызылорда мен Шымкентте бұрыннан солай» деп тыйып тастап отырды. Негізінде бұл заңды құбылыс болатын. Қазақ балаларымен кішкентайынан араласып өскен өзге ұлт балалары тез арада тілді үйреніп алатын. Енді солар неге қазақшасын мақамдап елдің алдына шықпасқа? Шықсын. Бірақ олар өздерін қазақ санай ма?
Қазақтың бәрі жақсы көретін, күллі әлем танитын Геннадий Головкин бірде Елбасының алдында шығып сөйлегенінде: «Мой отец − русский, мама − кореянка, ал мен − қазақпын!» дегенінде біреулер түсінбей, біреулер таңғалып, енді біреулер мәз болып жатты. Ол шындық еді ғой! Біз секілді руға қатып қалатындар болмаса, қазақ тілін біліп, қазақ мәдениетін ұстанатын былайғы жұрт өзін қазақ санаса оны несі сөкет?!
Бірде әлеуметтік желіде бір жігіттің жазбасы жұрттың назарын қатты аударды. Жазып отырған неміс жігіті. «Менің құжатымда неміс деген жазу тұрғаны болмаса не немісше, не орысша бір ауыз сөз білмеймін. Бар білетінім − қазақ тілі. Мал бағып өскен баламын. Менің қазақ болғым келеді. Осыны таныстарыма айтсам, «белгілі бір руға жатпасаң, қазақ бола алмайсың» дейді олар. Сонда мен не істеуім керек?» дейді шарасыз жігіт. Ойланатын-ақ мәселе. Қазақтың қан тазалығы үшін руды біліп, қаны жақын адаммен отбасын құруға болмайды дейді. Еріккеннен шыққан әңгіме емес, генология ғылымында бұл салт үлкен жетістік ретінде көрсетіледі. Енді не істемек керек?!.
Қалайда бір жолын таппаса болмай-
ды.
Қатты ойланатын бір тұсымыз осы. Себебі ана тілінен безіп кеткен қазақтардың аз емесін көріп отырып (және олар қазақ тілі мен мәдениетіне қарсылығын жасырмайды) тілді, салтты білетін «өзге ұлт өкілдерін» қазақ санасақ нағыз қазақтың қатары толыға түсер ме еді? Байқасаңыз, «өзге ұлт өкілдері» деген сөзді ылғи тырнақшаға алып отырмыз, неге? Біріншіден қазақ тілінде сөйлеп тұрған өзгелерді ұлты басқа деу шетке қаққандай ыңғайсыз. Тіпті араларында «өзге ұлт өкілдері» деген атауды ұнатпайтындар бар екен. Семейдің тумасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі, қазір елордада тұратын Яков Федоров деген азамат жақында «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында былай депті: «Қазақстанда өзге ұлт өкілдері жақында қалмайды десем, резонанс басталатын шығар. Өйткені әр адам осы сөздерді өздігінше түсінеді.
Қараңыздар, қазақ тіліндегі «ұлт» сөзі басқа тілдерде 2 түрлі мағынаны білдіреді. «Ұлт» – «национальность, ethnicity» және «ұлт» – «нация, nation» яғни «мемлекет». «Өзге» сөзін де әркім өз қалауынша аударуы мүмкін. «Өзге» − «басқа, другой, other» немесе «өзге» − «өзіміз» сөзінің антонимы, «бөгде, чужой, alien». Сол себепті, мені «өзге ұлттың өкілі» деп бөлсеңіз, түсінбеймін. Өйткені «инопланетянин» деген сияқты естіледі.
Әрине, елімізде ақылдылар да, ақымақтар да, дарынды да, дарынсыз да, жалқау да, пысық та адамдар өмір сүреді. Бірақ айырмашылығына қарамастан бәрі өзге емес – өзіміздікі екені анық.
Мен үшін Қазақстан азаматтары арасында өзге адамдар жоқ, барлығы – өзіміз!
Елдіктің 7 тұғырының бірі – бірлік пен келісім. Бұл мен үшін жай сөздер емес. Хакім Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өте орынды ашып берді: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», яғни дүние-мүлкін пайдаланып ағайын-достың арқасында күн көруді бірлік деп түсінемін. Ал қазақ мәдениеті, тілі және құндылықтары біріктіру құралы болуы керек.
Менің арманым − өзге мен өзімізге бөлінбейтін, мемлекетімізде біртұтас ұлттың болуы!» дейді мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін азамат. Көп ойымен келісуге болады. Тек тарихтың талай өткелегінен өткен соң секемшілдеу халықпыз. Бірақ өзім деген өзегін жұлып беретін қасиетіміз тағы бар.
Біз неден үркеміз?
Осынша ұлан-байтақ жерге иелік етіп, осы мемлекетке ұлттың атын берсек те, әлі азбыз. Ұлт ретінде талантты болғанымызбен, идеологиялық тұрғыдан әлі біртұтас күшті ұлт қалпына жете қойған жоқпыз. Сондықтан «Өзіміз күшті болмай тұрып, өзгені қалай сіңіре аламыз?» деген алаңымыз бар және ол негізсіз емес. Сол үшін ертерек жетіліп, ертерек күшеймесек болмайды. Біз руға бөлініп жүргенде өзгелер ұлт болып ұйысып, аузына әлемді қаратып отыр.
Еуропадағы айдарынан жел ескен ұлттарды айтпай-ақ қояйық, анау «Түркия түріктердікі» дейтін Анадолыдағы ағайынды, мынау іргелес орыс пен көршілес өзбекті қарасақ та, талай нәрсеге көзіміз жетуі мүмкін. Олар үшін өз елінде жасап жатқан «өзгелер» деген ой жоқ, түрік тілін білгенді түрік, орыс тілін білгенді орыс, өзбек тілін білгенді өзбек деп қабылдайды. Сонысымен көбейіп, іргелі елге айналып отыр.
Ендеше бізге қайтпек керек?
Шамасы, өзін қазақ сезінетіндерді қатарымызға қосып ала береміз-ау, сонда тілді білетін (тіл арқылы жан дүниесі де қазақтанады ғой) сары шашты, көк көз балалардың бәрін қазақ деп, өзіміз деп санасақ аз жылда санымыз арта түспей ме? Сөйтіп, сөйтіп тіл дауынан да құтылармыз бәлкім? Тек бауырымызға енген тілі қазақтардың жаны да қазақ болғай деп тілейік. Өзгесі ештеңе.
Тағы бір айта кететін нәрсе: қазақ тілін білген өзге ұлт өкілдерінің (осы сөзді қолданғаным үшін ренжімеңіздерші, әзірге басқа атау таба алмай тұрмын) ұлы болсын, қызы болсын қазақпен отау құруға дайын тұрады екен. Боксшы қыз Марина Вольнова қазаққа тиіп, қазақтың ұлдарын бірінен соң бірін дүниеге әкеліп жатса, бәрімізге сүйкімді көрінетін Оксана Лоскутова қазақ жігітіне күйеуге шығып, фамилиясын Аубакирова деп өзгертті. Сол қазақша сөйлейтін ана жігіттердің біразының өмірлік жары қазақ қызы көрінеді. Демек, тіл арқылы жаны қазаққа айналғандардың бәрі − өзіміз, қазақ! – деп асқақ пафоспен айтуға болатын шығар.
Қазақ көбейе берсін!
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Кейде күлерімді де білмеймін, жыларымды да білмеймін... Өзі қазақ бола тұра қазақ үшін қылаудай еңбек сіңірмеген біреулер руын айтып, «қазақпын!» деп бөсіп, төсін ұрады. Ал кеудесін кермей-ақ, руы да жоқ, қазаққа қазақтан артық қызмет қылған тұлғалар бар. Әрине, мен қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарын білмей отырған жоқпын. Олар туралы сөз басқа. Менің айтпағым... Сібір мен Моңғолия аумағынан бітік тастардағы жазуларды тауып, угро-финдер ата-бабамыздың мұрасы деп дауласып жатқанда оны көне түркі тілінде оқып, тарихымызды сан ғасырға тереңдетіп берген орыс фольклоршысы Григорий Потанинді (1835-1920), неміс ғалымы Фридрих-Вильгельм Радловты (1837–1918), дат лингвисі Вильгельм Томсенді (1842--1927) т.б. түркітанушыларды айтпай-ақ қоялық, олар біздің ұлтымыздың тарихына, тілі мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосса да, даттың, немістің, орыстың ғалымдары екеніне ешкім таласпайды. Ал башқұрт, татар, қазақ халықтарына ортақ Ақмолла ақынды (Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров) (1831-1895) бірнеше түркі халқы ортақ перзент санайды... Шығармаларын қазақ, орыс, неміс тілдерінде жазған Герольд Карлович Бельгер (1934-2015) ағамыз «қазақ десеңдер – қазақпын, неміс десеңдер – неміспін» деп талай айтты. Ал ол кісі ешқашан өзін орыспын деген жоқ! Бірақ қазақ халқына барынша адалдық танытқан фольклоршы, этнограф, ғалым, (ұлты башқұрт) Әбубәкір Диваев; қазақтың 1000 әні мен күйін ғасырлардан-ғасырларға жеткізген (ұлты поляк) Қазақ КСР халық әртісі Александр Викторович Затаевич (оны орыстар орыс дейді); жазушы, қоғам қайраткері, (ұлты татар) Сабыр Шарипов (Мухаммедсабыр Шарифович Давлетшин) (1882-1942); «Қыз-Жібек» (1934), «Жалбыр» (1935), «Ер-Тарғын» (1936), «Айман-Шолпан» (1938), «Амангелді» (1945, М. Төлебаевпен бірге жазылған), «Дударай» (1953) секілді қазақ операларын дүниеге әкелген, «Қазақ симфониясын» жазған композитор, (ұлты еврей) Қазақ КСР халық әртісі Евгений Григорьевич Брусиловский (1905-1981); «Қазақ вальсі» және «Бұлбұл» секілді ғажап әндерді шығарған, «Абай», «Төлеген Тоқтаров» (А.Жұбановпен бірлесіп жазылған), «Жамбыл» операларын жазған Латыф Абдулхаевич Хамиди (Латыйф Габделхәйулы Хәмиди) (1906-1983); қазақ тілінің синтаксисі, стилистикасы мәселелерімен айналысып көптеген еңбек жазған (ұлты еврей) Мәулен Балақайұлы Балақаев (1907-1995); қазақ тілінде жазып, қазақ балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан жазушылар (ұлты башқұрт) Машқар Гумеров (1927-2002) пен (ұлты татар) Саид Баязитов (1929-1981), қазақ әндерін шырқап құлақ құрышымызды қандырған ағайынды (татарлар) Мүсілім Мүкімұлы Абдуллин (1916-1996) және Ришат Мүкімұлы Абдуллиндер (1916-1988), (ұйғыр қызы) Гульвира Разиева (1936), (ұлты грек) Лаки (Пантелей) Константинович Кесоглу (1939), «Алпамыс батыр» эпосынан бастап «Абай жолы» эпопеясына дейін көркем безендірген, қазақ тақырыбына қыруар сурет салған (ұлты орыс) Евгений Матвеевич Сидоркин (1930-1982), айтыскер ақын (ұлты орыс) Надежда Андреевна Лушникова (1940), бұлардан басқа спорт саласында үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанның көк туын желбіреткен жігіттер мен қыздар бар. Бәрін бірдей атап шығуға көп уақыт керек... Міне, нағыз қазақтар солар! Олар Үш жүздің біріне кірмейтіндіктен, рулары жоқ болғандықтан, біз оларды қазақ деп айта алмай, «орыс», «еврей», «башқұрт», «татар», «поляк» деп өзге ұлттарға телиміз. Ал ол ұлт өкілдері оларды «орыс», «еврей», «башқұрт», «татар», «поляк» деп танымайды. Қазақстандық деп қана атайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан «орыс әлемі» емес екенін, қазақстандықтардың бәрін әлем халқы қазақ деп тануға тиіс екенін әлденеше рет айтты. Ендігі сөз өзімізге байланысты.