1 желтоқсан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1 желтоқсан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1 желтоқсан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1935 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның алғашқы қуыршақ театрларының бірі – Алматы мемлекеттік қуыршақ театры құрылды. Театр Түркия, Иран, Қытай, Чехия, Ресей елдерінде өткен фестивальдар мен халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Театрда талантты актерлар, қуыршақ шеберлері, режиссерлар, суретшілер, декораторлар, бутафорлар тәрбиеленіп, көп жылдар театр сахналарында, қуыршақ өнері саласында адал қызмет етті. 1960 жылы Қарағанды металлургия зауытында кокс батареясы іске қосылып, қазақстандық тұңғыш кокс алынды. 1991 жылы Тұңғыш рет жалпыхалықтық Қазақстан Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі ашылды. 1997 жылы Алашорда қайраткерлері Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайға арналған деректі фильм жарық көрді. 2004 жылы Ә.Қастеевтің 100 жылдығына арналған тиындар мен пошта маркалар альбомының тұсаукесер рәсімі өтті. 2004 жылы Қазақстан аумағында жаңа пошта индексі енгізілді. Бұған дейін қазақстандықтар 70-ші жылдары енгізілген кеңестік индексті пайдаланып келген болатын. Жаңа индекс те 6 саннан тұрады, оның 1-ші және 2-шісі облыс коды, 3-ші және 4-шісі аудан коды, ал қалған соңғы екі сан елді мекеннің кодын білдіреді. 2006 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі сатуға екі коллекциялық жаңа шақа шығарды. 500 теңгелік шақалардың құны 5 мың теңге. «Регель қызғалдағы» мен «Дирхем» 925-шы сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. Біріншісінің таралымы – 4 мың, екіншісінікі – 5 мың дана. «Регель қызғалдағы» шақасының сыртқы жағында (реверс) үш қызғалдақ бейнеленген. Регель қызғалдағы – сирек кездесетін өсімдік, тек Шу-Іле тауларында ғана өседі. Ал «Дирхемнің» бет жағы мен сыртында көне шақа бейнеленген. Отырар қаласында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған күміс шақа «Дирхем» деп аталған. Ол 16 ғасырда шығарылған. 2007 жылы Ашғабатта Қазақстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы Үкіметтерінің арасында Өзен (Қазақстан) – Қызылқия – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) жаңа темір жол желісінің құрылысына байланысты Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Түрікменстан көлік министрліктері арасында «Өзен – Берекет» жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты Ынтымақтастық туралы меморандумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға сапары барысында қол қойылған болатын. Ал Тегеран қаласындағы Саммит кезінде Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган жаңа темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға байланысты ынтымақтастық туралы Қазақстан, Түрікменстан және Иран Президенттерінің Бірлескен Декларациясына қол қойылды. Темір жол желісінің ұзындығы - 670 шақырым, соның ішінде Қазақстан бойынша – 130, Түрікменстан бойынша - 470, Иран бойынша – 70 шақырым. 2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Мемлекеттік наградалар туралы заңнамаға өзгеріс енгізіп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын белгіледі. 2010 жылы Астанада Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының VII Саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ қатысушы елдері мен әріптестерінің, сондай-ақ ірі халықаралық және аймақтық ұйымдар – БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқаларынан 73 ресми делегация қатысты. Кездесудің нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды, Қазақстан Президентінің айтуынша, ол ЕҚЫҰ өмірінде жаңа кезеңді ашады. 2011 жылы Бакуде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атына көше беру салтанатты рәсімі өтті. Бұдан басқа, Әзербайжан халықаралық университетінің ғимаратында Абай барельефімен естелік тақта ашылды. 2011 жылы Екібастұз ауылдық аймағының Қылдыкөл шатқалында Әзірет Исабек ишан кесенелік кешені ашылды. Мұнда Маңғыстау облысынан әкелінген ақ тастан жасалған екі кесене, мешіт және қажыларға арналған үй тұрғызылды. Үш күмбезді мазарда Әзірет Исабек ишан, оның ұлы Нұрмұхамед және ағасы Мұхаммед Нияз жерленген. Бір күмбезді Исабек ишанның ұрпағы – Әулие Жандарбек қожа жерленген жерде тұрғызылған. 2015 жылы Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ел тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейін ашты. Ғимаратта музейден тыс, концерт залы, уақытша көрмелер залы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі және Орталық ансамблі жұмыс істейді. 2015 жылы Солтүстік қазақстан облысы Айыртау ауданының Сырымбет ауылында Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханша мазары ашылды. Оның құрылуы қазақтың ұлы ғалымы, этнографы және тарихшысының есімімен байланысты тарихи мұраны сақтауға қызмет етеді. Немересіне үлкен әсер еткен оның есімі халық арасында кеңінен танымал. 2016 жылы ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің 34-отырысында және «Шеки - түркі әлемінің 2016 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылу салтанатында 2017 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып Қазақстанның Түркістан қаласы таңдалды. 2016 жылы Алматыда Республика Сарайының алдына ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 10 желтоқсанда өткен алғашқы ант қабылдау рәсіміне арнап ескерткіш тақта орнатылды. 2016 жылы ҚР Ұлттық банкі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған номиналы 5000 және 500 теңгелік күміс тиындарды айналымға шығарды. Тиындар дизайнында ұлттық киім киген адамдар бейнеленген. Ол Қазақстан халқының бірлігін танытады. 2017 жылы Алматы облысының Шамалған ауылында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Атамекен» атты тарихи-мәдени орталығы ашылды. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қазақ жерлерінің бірігуіне үлесін қосқан, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған Әйтеке биге арналған ескерткіш орнатылды. 2018 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалдық кешенінің ашылуы өтті. «Ұлы жебе» мемориалдық кешені негізінен ақ мәрмәр мен граниттен дайындалды. Жобаның құны – 278,6 млн теңге. Құрылысын жүргізген мердігер ұйым – «Kagan Engineering» ЖШС. Мемориалды кешеннің суретшілері – Ғазиз Ешкенов пен Айдар Жамхан, мүсінші архитекторы – Айдын Жайлаубаев. Мемориалды кешенді тұлпарлы батырлар бейнеленген барельеф, жоғарыға тік шаншылған жебе мен қалқан құрап тұр. 2019 жылы Акробатикада өнер көрсететін қазақстандық фристайл спортшысы, Еуропа кубогі кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және Еуропаның екі дүркін абсолютті чемпионы, Әлем кубогінің бірнеше кезең жүлдегері, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы Жанбота Алдабергенова фристайл акробатикасы бойынша Рука қаласында (Финляндия) Еуропа кубогі аясында синхронды секіру жарыстарында бірінші болды.