Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ: Поэзия − заманақырды алыстататын өнер

Сөз өнері бар өнердің анасы екеніне талас жоқ. Себебі бар ғылымды игеруге ой мен тіл керек. Алайда «өзі болып, төркінін танымай кететіндердің» қай-қайсысы да әдебиетке мұрнын шүйіруге дайын. Бірақ оған бола көркемдік әлемінің қылы қисайған емес. Сондықтан ара-тұра әдебиеттің өз адамымен сұхбаттасып тұрмасақ сөз өнерінің неден құлдырап, немен алысып жатқанын сезбей де қалуымыз бек мүмкін.
Қазақ жұрты тірі ғана емес, ірі ақын екеніне шек келтірмейтін Мейірхан Ақдәулетұлымен бүгінгі әдебиет жайында әңгімелескенде бүгінгі сөз құдіретін құрметтейтін халайықтың ойында жүр-ау деп болжаған санаулы сұрақтарымызды алға тостық.
− Ақынмен сұхбаттасқанда әңгіменің негізгі желісі поэзия болса, оны бәрі түсінер деп ойлаймын. Ендеше әңгіменің әлқиссасы өлең болғанда, біздің халықтың жырқұмарлығы басым екеніне тоқталмай кете алмаспыз. Айтыңызшы, «Қазақ – ақын халық» деп шектен тыс дабырайтамыз деп ақындықтың қадірін тым түсіріп, халық үшін «шөп те, шөңге де өлең» халіне жеткіздік. Бүгінде ұйқас техникасы мен буын санауды өлермендікпен игеріп алған жазғыштардан шынайы поэзияны арашалап алудың мүмкіндігі бар ма?
− Шынайы поэзияға араша түсудің қажеті жоқ. Ол өзін-өзі қорғайды. Өзінің ерекше болмысымен, жылдар өткен сайын жаңғыру, адамға жақындай түсу қабілетімен. Ал «шөп те өлең, шөңге де өлеңге» келсек, ол қай кезеңде де болған, бола да беретін шығар. Себебі халықтың бір аты – тобыр және сол тобырыңыздың өзі өз деңгейі, түсінік-түйсігі бойынша әрқилы, ал нағыз асыл сөзді автордың өзіндей деңгейде ұғатын кісі − жалпы, аз. Атақты ақындарға қол соғып отырған мың кісілік залда соларды терең түсіне отырып қостайтын жұрттың саны әрі дегенде он, он бес кісіден аспауы бек мүмкін. Бұл – бұрын да солай болған, бола бермек те. Себебі белгілі – біреу ұқсын-ұқпасын, өлеңді әйтеуір тыңдап қол соқса, тағы біреудің өзіне шақ деңгейі бар, оқығаны көп, енді біреуге «Аэропорт. Кездесу мен қоштасу, мүмкін емес достасу – шығарып салшы-ы!» дегеннің өзі шедевр болып көрінуі мүмкін… Бұл – талғам, ал «талғам туралы таласпас болар» деген әлдебіреудің «ғылыми тұжырымы» тағы бар…
Қысқасы, бәрі келіп өлеңді тыңдаушының, жалпы әдебиетті бағалаушының деңгейінің құлдырап, бәкенесіп қалуына келіп тіреледі. Оны – сол деңгейді кім тәрбиелемек? Ақын. Ақындар. Өте сауатты сын. Жақсы мен жаманды айыра білерлік сана қажет.
Меніңше, шынайы поэзия дегеніңіз «пәленшекеңдер жабылып жүріп әперетін» сыйлыққа, т.б. қолдауларға және т.т. қыртымбайларға бағынбайтын, шынымен «нағыз аспани қазына». Сол қазына мәнжубас тобырды да сәл-пәл тәрбиелеуі мүмкін.
Рас нәрсе біреу ғана – біз құлдырауды ерекше «құлшыныспен» бастап кеттік.
− Шынын айту керек, тәуелсіздіктен кейін әдебиетімізде бұрынғы жазылғандардың көбінің уақыт сынынан өтпей қалғанын көрдік. Классик деген ақын-жазушыларымыздың көп шығармасы кезеңдік саясат талабына сай жазылғаны белгілі болып қалды. Ал жаңа дәуірдегі әдебиет әлі күнге толыққанды өз дәстүрін жасай алмай жатыр. Бұл іркіліс (тоқырау демей-ақ қояйық) қанша уақытқа созылар екен?
− Уақыттың сынынан, тереңірек қарасақ, ештеңе де өтпейді: тозбайтын, жоғалмайтын, ұмытылмайтын ешнәрсе жоқ, себебі біздің өзіміз өткіншіміз, ал миллиондаған жылдар бойы жасап келе жатқан адамзатта кім болмады, не істелмеді − бәрі де болды. Омар Хайәмнің «мына қыш құмыраның бастапқы балшығында қаншама арудың көздері жатыр» дейтіні содан.
Ал біздің бергі әдебиетіміздің тез айнып, арзандап қалуының себебі – әу бастан жасандылыққа, жалған пікірлер мен идеалдарға сенгендігімізден, солардың қолшоқпарына айналып, сенбегендерді қырып тастауға ессіздікпен кірісіп кеткендігімізден. Әрине, бәрі емес, бірақ басым көпшілігі. Бірақ адал әдебиет коммунистік идеологияны қанша алдарқатқанымен, шамасы жеткенше әдебиет болып қала берді, ал жасандылық әлі сол күйінде деуге де болады: заман өзгеріп жатқан жоқ, рас, жаңару бар әдебиетте, бірақ сол әдебиетіңіздің өзі де рухани қортыққа айналып барады. Мұның болашағын болжау өте қиын.
− Қалай десек те, анау Ақтамберді, Шалкиізден бүгінге дейінгі аралықта қазақ поэзиясы деген поэзия қалыптасты. Өзінің дәстүрі бар үлкен өнерге айналды. Бірақ солай бола тұрса да, қазақ өлеңі өз ерекшелігімен әлемге таныла алмады. Оған не себеп? Біздің негізінен ұйқасқа негізделген поэзиямыз ерекшелігі өзге тілге аударылуға қиын ба немесе әлемдік поэзиямен салыстырғанда ой мен пікірге кемшін бе?
– Біріншіден, қазақ аударма саласына аса мән берген жоқ, бірақ ең озық деген әдебиетіміздің өзі басқа тілдерге адам аяғандай деңгейде аударылып келеді. Өзгесін айтпағанда, орыс тілінде шыққан Мұқағали мен Төлегенді оқысаңыз, өзіңіз ұяласыз, өзгесіне не жорық? Ал қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылған аудармалар арасында бірер ғана болмаса, аударма жоқ деуге болады. Жұрт мұны орыс тілінде оқып алады да, қазақтілді бейшаралыққа назар аудара қоймайды.
Ал шынында, аударма ісі дегеніңіз − ұлы өнердің бірі, ал қазекең үшін ақша табудың жолы ғана. Қалғаны белгілі. Рас, өте сәтті аудармалар бар, бірақ аз. Мәселен, Светқали Нұржанның Артур Рембоны аударғаны оригиналға (әрине, орысшасына!) өте жақын, ол, сірә, «осыны өзіме сіңіріп алайын» деген ниетпен аударған сияқты, сосын… ол ірі ақындардың бірі ғой.
Әлемдік поэзия біздің әдебиетті үлкен ықыласпен қабылдар еді, оны французға, арабқа, шүршітке және т.б. жеткізіп беретін аудармашы жоқ, ал осы өнер бізде тек ақша табудың ғана көзі болып отыр. Ал қазақ өлеңінің құдіреті сіздер мақтап, еліктеп жүрген француз, ағылшын немесе жапон поэзиясынан артық болмаса, кем емес. Сайып келгенде, бәрі аударма ісінің жоққа жақын тұрғанына тіреледі.
− Тәуелсіздіктен кейінгі жастар поэзиясында ізденістер жетерлік. Кейбірі дәстүрлі өлеңнен бойын аулақ салып, верлибр жазып жүр. Әрине, олардың арасында еркін өлеңнің шын болмысын танитындар да, әйтеуір ұйқаспаған өлеңнің бәрі верлибр болады-ау деген түсінікпен жазып жүргендер де жоқ емес. Қалай ойлайсыз, бұл барыста ұлттық (дәстүрлі) поэзиямыз әлсіреп, еуропаның классикалық музыкасы секілді біртектілікке ұрынып, өлең өнеріміздегі ұлттық болмыс жойылып кетпей ме?
− Қазақта дарынды жастар, шүкір, баршылық. Бірақ олар қашанда аздық етіп отырады. Бұл − заңдылық. Ал өлеңші көп, өте көп. Дарындылар солардың қалың нөпірінің астында қалып, әлдебір «әдеби авторитетке», «түбі бір ағайынына», т.т. сүйеніп сыйлықтан сыйлық қоймайтын пысықтардың дәурені жүріп тұр. Әдебиет беделінің төмендей беруі содан. Мен, мәселен, келесі сыйлықтарды кім алатынына дейін біліп отырамын. Бұл да «қазақбайский» заңдылық. Алсын, ақша керек қой… Ал дарынды ағайын, ерте ме, кеш пе, ақыры танылады, ұлттың меншігіне айналады.
Ал енді «верлибрің» мен хайкуіңе келсек, оның түбі божырап, авторы көз жұмған соң Президент сарайының атын берсең де, санадан, ұғымнан аласталып, өліп бітеді.
Жаман жері − сауаты кемдеу «қалың оқырман» өзінің «ақындарына» сенгендіктен, өткен ғасырлардағы бей-
шара деңгейде қала беруі мүмкін. Сол жаман…
Қазіргі «ұзаққа созылған науқастың» − әдебиетті қараусыз қалдырудың ақыры сонымен бітуі мүмкін…
− Өзгеше ойлауға ерік бермейтін заманда тірлік кешіп, өнердегі рухани азаттықты аңсап келген талай қаламгерлер өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысынан бері қарай тың ізденіс соқпағына түсіп, соны соқпаққа жетелейтін шығармалар жазды. Сол аз топтың ішінде өзіңіз де барсыз. Адам жан дүниесінің терең түкпірлеріндегі сырды қозғап рухани тұрғыда ұлт ретіндегі шеккен қасіретіміздің мәнін ұқтыратын «жаңа Мейірхан» поэзиясының пайда болуына не себеп? Таза шығармашылық тұрғыдағы ізденіс нәтижесі ме әлде басқалай себеп бар ма?
− Өзім жайлы айтпаймын − өзімнің «керемет» екеніме сеніп алып, қазіргі кейбір қортықтардың қатарына қосылуым бек мүмкін. Менің өлең жазатыным рас, соны бірақ ешкімге бұлдаған емеспін. Мен халқым емес, өзім үшін, көңілім қобалжыған кездерде жазам өлеңді. Ұнаса, оқысын жұрт. Ұнамаса, оны өзі біледі.
− Жаһандану заманында өткеннің көзіндей талай құндылықтар күйреп, қадірін жоғалта бастады. Оның бірі әдебиет шығар деп ойлаймын. Бүгінде дүниенің бар «қызығы» алақандай гаджеттерге сыйған заманда көп ойлдануды, ықшам нәрселерді тұтынуға дайын тұратын жұртқа сөз өнері қызықсыз нәрсеге айналып барады. Енді бір елу не жүз жылда қазақ әдебиеті қандай күй кешеді деп болжар едіңіз?
− Керісінше. Қазір есті Еуропа «әдеби, мәдени жын-шайтаннан арылу» үшін әлем әдебиетінің классикалық үлгілеріне қайта орала бастады. Бұл − ақырзаманды өз қолымен, пиғыл-ниетімен жақындатып келген адамзаттың өз қатесін түсініп, тәубаға келуінің басы шығар.
«Әу баста Сөз болған, Сөз Құдайда еді, Сөз Құдай еді» дейді Иса пайғамбардың Інжілі. Сол Сөзге, сол Құдайға қайтып оралуға тырысу, мүмкін, адамзаттың жаңа, жасампаз дәуіріне қайта оралуына әсер етер.
Оны бірақ бір Алла біледі.
P.S.
Кім де болса өзі өмірін арнаған саланың кемшілігіне жаны күйіп, қателіктеріне қиналмай тұрмайды. Ал Мейірхан ағамыздың сұхбаттан тыс айтқан кей пікірлеріне құлақ қойғанда оның шындық екенін ұғып қана қоймай, сіз де ақынмен бірге көңіліңіз құлазиды. «…Қазақ әдебиеті қашанда аз ғана жанкештілердің арқасында өмір сүріп келеді ғой, бір көбіне интеллектуалдық жағынан ақсайды. Ең жаманы, бір әдебиетте жүріп бір-бірін оқымайтындар көп. Осыдан келіп неге өсу жоқ деудің өзі ыңғайсыз» дейді ағамыз.
Не деуге болады? Заманды аласапыран қылып, адами түсініктегі жақсылық атаулының қадірін кетіргендердің кесірі әдебиетке де, оның оқырмандарына да тиді. Бірақ ұлт өзі үшін әрдайым күрестен
бас тартпаса, оның жан тазалығын сақтайтын әдебиет те өмір сүре
берері хақ.