Жаңалықтар

«Мың бала» республикалық жобасы қорытындыланды

Бүгін елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын қорытындылауға арналған іс-шара өтті.

«Мың бала» жобасының мақсаты – түрлі этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларын, жастарды мемлекеттік тілді оқыту процесінде қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарына (мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына) баулу арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу.

Аталған іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым, жоба жеңімпаздары, мемлекеттік тілді оқыту әдіскерлері, жастар ұйымдарының белсенділері мен мүшелері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин өз сөзінде елдегі татулық пен бірлікті нығайту сияқты асқаралы міндет жүктелген Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз қызметінің басымдықтарының бірі ретінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында дәйекті жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Іс-шара барысында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының екі номинациясы бойынша өңірлерде ұйымдастырылған «Өнер алды – қызыл тіл» және «Өнерлі өрге жүзер» конкурстарының жеңімпаздары марапатталды.

Бүгінгі таңда елімізде 5644 ұйым балаларды қазақ тілінде оқытып-тәрбиелейді, 3798 қазақ мектебі жұмыс істейді. Достық үйлерінде, республиканың этномәдени бірлестіктерінде 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оларда мемлекеттік тілде оқытатын 124 топ бар.

Қазақстанның барлық этносы мемлекеттік тілдің осы жаңа әлеуметтік рөлін қолдайды, оның өміршеңдігіне және біріктіруші әлеуетіне сенеді.

Биылғы «Мың бала» жобасы аясында «Тіл мектебі» авторлық курсы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тіл үйретудің инновациялық бірегей әдістемелерімен өңірлерден келген 15 әдіскер таныстырылды және маңызды іс-шараға түрлі этностардың жастары – 37 тіл үйренуші қатысты.

Back to top button