Жаңалықтар

Биыл Қытайда 100 жылда жаумаған қар түсті

Қытайдың солтүстік-шығысындағы боран басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше провинциядағы қардың қалыңдығы 50 сантимерден асқан. Кейбір аймақта температура бағаны қазірдің өзінде 16 градусқа төмендеді. Мамандар мұндай қар соңғы 106 жылда жаумаған дейді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, табиғи апаттан 1 адам ажал құшып, ондаған тұрғын жарақат алған. Мектептер, жолдар жабылып, жүздеген әуе рейсі кейінге шегерілді.

– Қар күн-түн демей тазаланып жатыр. Әсіресе теміржол мен ұшып-қону алаңдарындағы ақ ұлпаны аршуға көп техника тартылған.

Үндістанда жаңбыр маусымы басылмай тұр. Бәрінен де Ченнай қаласы қатты зардап шегіп отыр. Оңтүстіктегі Тамил Наду штатында тасқыннан көз жұмғандар саны 16 адамға жетті. Құрбандардың кейбірі құлаған қабырғаның астында қалып қойған. Аймақта теміржолға зақым келіп, оқу орындары жабылған. Билік ойпатта орналасқан елдімекендердің тұрғындарын қауіпсіз жаққа көшірді. Үндістандағы жауын-шашын маусымы қазанда басталған. Енді желтоқсан айына дейін созылады деген болжам бар.

– Жаңбыр 4 күн бойы тоқтамай құйды. Құтқарушылар дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Ең үлкен мәселе – көшедегі суағарлар бітеліп қалған.

– Қан сынамасын тапсырайын деп келіп едім. Бұл ойым іске аспады. Аурухананың іші толған су. Жолдарды да шайып кеткен. Көліктер жүре алмай жатыр. Азық-түлік тапшылығы сезілуде. 

Австралиядағы Алис-Спринс қаласы да су астында қалды. Солтүстік аймақта бірнеше күн сіркіреген жаңбырдан кейін әдетте табаны құрғап жататын Тодд өзені тасыды. Топан су көлігін ағызып әкеткен ер адам ағаштардың арасында бірнеше сағат тұрып қалған. Оны арнайы келген мамандар арқанмен тартып құтқарып алды. Өңірде бір түннің ішінде 100 миллиметр жауын-шашын түсіп, соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып тіркелді. Оның үстіне мұндай нөсер қараша айында бұрын-соңды жауып көрмеген екен.

Бангладеш дауылдар мен тасқыннан зардап шегіп отыр. Бұл елде теңіз деңгейі жыл сайын көтеріліп келеді. Осыған байланысты жағадағы кейбір тұрғындар көшуге мәжбүр. Су тұтас елдімекендерді басып қалған. Барар жер, басар тауы жоқ халық су кешіп, өмір сүруде. Сарапшылар Бангладешті Азиядағы экономикасы жылдам өсіп келе жатқан елдердің бірі деп бағалайды. Бірақ климаттың өзгеруі ел дамуын тежеп отыр.

Жорина Бегум, ауыл тұрғыны:

– Жаға бойындағы бөген 3 ай бойы жөнделіп, қалпына келтірілді. Бірақ күшті дауыл соғып, қайта қирады. Ауылдағы барлық мешіттер мен үйлерді су басып қалды. Тұратын баспанамыз жоқ.

Мұхаммед Шамсуддоха, зерттеу орталығының басшысы:

– Әлемдік саясаткерлер мен көптеген үкімет ауаға бөлінетін газ қалдығының көлемін шектемесе, ғаламдық жылыну салдарынан теңіз деңгейі көтеріле бермек. Менің ойымша, Бангладештің 50 процентін қалың су басады. Қазірдің өзінде үлкен көлемдегі ауыл шаруашылығы алқабы жойылды. 2050 жылға қарай жағада орналасқан 30 миллиондай тұрғын қоныс ауыстыруы мүмкін.

Ал Кения керісінше құрғақшылық зардабын тартып отыр. Елдің солтүстігінде екі жыл бойы тамшы да жаумаған. Мамандар бұған климат өзгерісі кінәлі дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, аймақтағы ауыз су мен азық-түлік тапшылығынан жасы 5-ке толмаған жарты миллион бала ашқұрсақ жүр.

Back to top button