Тәуелсіздік – 30

Тәуелсіздік қазақ тарихының ақиқатын ашты – Берекет Кәрібаев

Халықтың өзі туралы шындықты айта алмауынан асқан қасірет жоқ, шын мәнінде саяси бодандықта өткен ХХ ғасырдың 70 жылы қазақ халқын өз тарихынан барын­ша алыстатып, ұлтымызға өзі туралы ақиқатты білдірмеуге тырысқан комму­нис­тік режимнің билігінде өтті. Ал Қазақстан тәуелсіз елге айналғалы бері саяси, рухани өміріміз мүлде басқаша сипат алып, өзіміз туралы барынша ашық айтуға мүмкіндік туған­да бізді ұлт ретінде жойғысы келген империялардың қандай зымиян әрекеттерге бар­ғаны, оның қандай зардаптары болғаны жайында білдік. Саяси тұрғыдан барынша тұн­шықтырылған қазақ тарихы ғылымы еркіндік алып, кең тыныстай бастағанда қан­дай мемлекеттердің рухани мұрагері екенімізді, қандай халықтардың жалғасы еке­ні­мізді білдік. Академик Берекет Кәрібаевпен әңгімеміз осы шындық жайында болды.

− Берекет Бақытжанұлы, әңгіме­міз­ді қазақ тарихы ғылымына жасал­ған қиянат туралы сөзден бастасақ… Тәуел­сіздіктен бұрынғы қазақ тарихы ғы­лымының қаншалықты қиянатқа ұшы­рағаны кейінгі дәуірдегі тарих­шы­ларымыздың еңбектерінен бай­қа­латын сияқты?
− Тәуелсіздікке дейінгі біздегі тарих ғы­лымы Мәскеудегі орталықтың тап­сыр­масымен, солардың қадағалауымен жа­сал­ды. Бұл тек бізде емес, сол кездегі өзге де одақ­тас республикалардың бәріне тән құ­бы­лыс болды. Сондықтан Қазақстанның ежел­гі, ортағасырлық тарихына теріс көз­қарас үстемдік етті. Барлық мәселеге «тап­тық» тұрғыдан баға берілді. Қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырлары, бай­ла­ры, тағы басқа саяси, тарихи тұлғалары ту­ра­лы зерттеулерге тыйым салынып, бергі коммунистік партияның басшы­лы­ғымен жүзеге асқан істер туралы жазуға ғана рұқсат етілді. ХХ ғасырдың бас кезін­де ел болашағы үшін еңбек еткен қазақ зия­лылары − Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еткен еңбектерін зерттеу түгілі, олар­дың атын атауға тыйым салынды. Сондай-ақ елімізде болған екі ашаршылық, 30-жыл­­­дардағы репрессия, Қазақстанға өзге ұлт өкілдері депортация жасалу секіл­ді әңгімелер мүлде жабық тақырып еді. Бұл тыйымды жойған − еліміздің тәуелсіздік алуы. Жаңа дәуірдегі тарих ғылымы өр­кениеттік методологияға сүйеніп, тарихи оқиғаларды саясат­тандырудан аршып, тұлғаларды таптық негізіне бөлмей зерттеуге қол жеткізді. Міне, осыдан-ақ тәуелсіздіктен бұрынғы және кейінгі тарихи зерттеулердің айырмасы анық кө­рінеді. Сол үшін де бүгінгі тарихшылары­мыздың батыл да еркін ойлы, барынша объективті көзқарастағы еңбектерін бұрын­ғы кездегімен салыстыруға келмейді. Тек өткен ғасырда қазақ тарихына қандай қы­­сым болғанын бүгінгі жас ұрпақ біліп жүр­гені дұрыс.
− Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ тарихын зерттеу жағдайы қалай болды?
− 1991 жылы 16 желтоқсанда толық тәуел­сіз мемлекетке айналдық. Соның қарсаңында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің тарих ғылымы таптық көзқарастағы методологиядан бірден ірге ажыратып кете алған жоқ. Ең алдымен, тарихтағы ақтаңдақтарды анықтап, сол кезеңдердегі жалғандық пен ақиқаттың аражігін ажыратуға күш салынды. Бұл кезеңде Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков секілді аға буын тарих­шы­лар кеңестік кезеңде айтылмаған, айту­ға тыйым салынған тақырыптарды көтер­ді. Сөйтіп, Алаш қозғалысын басқарған тұл­ғаларды ақтауға кірісті, 20-30-жылдар­дағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін зардаптары туралы, тіпті Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру ке­зеңінің негативті жақтары жайында ай­тыла бастады. Сөйтіп, бұрын пафоспен ай­тылатын мәселелердің көлеңкелі жағы сөз болып, нағыз шындығы белгілі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тарихын зерттеушілердің көп уақыты ақтаңдақтарды ақтауға кетті десе болады. Соның бір дәлелі − кеңестік ке­зеңде жазылған бірнеше томдық ака­демиялық еңбекті біздің тарихшы ғалым­дар­дың қайта жазып шығуы. Осылайша, қазақ тарихы ғылыми өркениеттік мето­дология тұрғысынан қайта байыпталып, бұрынғы жалған көзқарастан арылды.
Ал біздің тарих ғылымы қай бағытта да­мыды дегенге келсек, негізінен бұрын рұқсат етілмеген тақырыптарды зерттеу бағыты жанданды дер едім. Тәуелсіздік алған кезде ғылымға келген біздің өзіміздің бағытымыз анықтала бастады. Мәселен, арғы дәуірдегі сақтар, ғұндар дәуірі, қазақ мемлекеттілігі, Қазақ хандығы тарихы, басқа да салалар жеке-жеке зерттеу объек­ті­сіне айналып, зерттеле бастады. Ал Алаш қоз­ғалысы мен оны басқарған тұлғалар­дың тарихы, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы шындықты ашу қазақ тарих ғылымы үшін мүлде тың та­қырып еді.
Бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында тұлғалар тарихының өзі өз алдына бір салаға айналды. Өйткені тұлға­лардың өмірі мен саяси қызметін саралау арқылы солар жасаған дәуірдің тарихын біліп, оған баға бере аламыз. Сол сияқты тарих ғылымының этнология, археология салалары да дами бастады. Жекелеген та­рихи оқиғаларға қатысты тарих анық­тала бастады, мысалы Алтын Орда мемлекетінің құрылуы мен күйреуі, Ноғай ордасы, Қазақ хандығының құрылуы, тағы басқа. Бұлар­дың бәрі қазақ тарихын зерттеудегі жаңа бағыттардың пайда болуы, дамуы дер едік. Кеңестік кезеңнің алғашқы 15 жылдық дәуірінде қазақ тарихын­дағы белгілі оқиғаларды зерттеуге тал­пы­ныс жасалды. Мәселен, Кенесары хан кө­тері­лісін зерттеген Ермахан Бекмаханов, Ел­тоқ Ділмұхаммедов секілді ғалымдар қу­далауға ұшырағаннан кейін, бұл ба­ғыт­тың қауіптілігін түсінген ғалымдар одан айналып өтетін болған-ды. Соның себе­бінен XV-XIXғасырлардағы қазақ тари­хы ғылым емес, әдебиет арқылы жазылды. Мә­селен, Ілияс Есенберлиннің «Көш­пен­ді­лер» трилогиясының бірінші кітабы − («Алмас қылыш») Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюіне, екінші томы − («Жан­талас») қазақ-жоңғар арасындағы соғы­сына, үшінші томы («Қаһар») Кене­сары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Ал ол кезде тарихшылар бесжыл­дықтар тарихын жазып жатқан-ды…
Қазір кім қай тақырыпты зерттеймін десе де, оны ұлттық мүддеге сай қол­ға алуына кедергі жоқ. Мәселен, орыс ка­зактарының тарихы бұрын басқаша айтылса, қазір ол біздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан мүлде басқаша бағаланады. Қазақ тарихының қай кезеңі зерт­телсе де, ол ел мүддесі тұрғысы­нан сара­ланады, яғни белгілі бір оқиға қазақ тарихы үшін қаншалық маңызды екені тұжырымдалады.
− Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да қазақ қаламгерлері қазақ тари­хы туралы көптеген кітап жазды. Осыған орай сол тұста «тарихшы­лар­дың қызметін жазушылар атқарды» дей­тін әңгіме жүрді. Қаламгерлер­дің жазғандарына кәсіби тарихшы ре­т­інде қандай баға берер едіңіз? Жа­зушылардың тарихымыз туралы жаз­ғандарынан тарихи шындық ашылды ма?
− Сұрағыңыз орынды. Жоғарыда шет-жа­ғасын айтып кеттім. І.Есенберлиннің үш кітаптан тұратын романы бар. Сол «Көш­пен­ділердің» қалай цензурадан өтіп кет­ке­нін білмеймін, бірақ ол елге ұлт тарихы ту­ралы біраз мәлімет беретін шығарма еді. Одан кейін Мұхтар Мағауиннің «Ала­са­пыран», Софы Сматаевтың «Елім-ай», Әбіш Кекілбайдың «Үркер», «Елең-алаң» роман­дары мен Мұхтар Шаханов, тағы басқа ақындардың поэмаларында қазақ тари­хына қатысты оқиғалар баяндалып, сурет­телді. Бұлар әдебиеттегі сүрлеуді үлкен даңғылға айналдырып, халықтың төл тарихына деген қызығушылығын оятты. Тарихшылардың жазуына тыйым салған, тарихшыларымыз айта алмаған тақырып­ты ақын-жазушыларымыз әртүрлі формада жазып жеткізді. Сөйтіп, сол кездегі халық тарихты әдебиет арқылы біліп отырды.
Тәуелсіздіктен бергі жерде де Мұхтар Мағауин, Қойшығара Салғара, Әнес Са­рай, Тұрсын Жұртбай секілді қалам­гер­лер тарихи туындылар жазды. Бірақ тарих­ты ғылыммен түсіндіру мен әдебиет арқы­лы баяндаудың едәуір айырмашылығы бар. Таным үдерісінде әдебиетшілер тарихи де­рек­ті негізге алғанымен, тарихи оқиға­лар арасындағы байланыстарды өз қиял-қисындарымен береді. Ол қисынға кел­генімен, тарихи оқиға шындығына сәйкес келе бермеуі мүмкін. Ал тарихшыларда олай емес, олардың жазғаны ғылыми ең­бек болғандықтан, ғылыми танымның та­лабына сәйкес, мүмкіндігінше объективті болады.
Әрине, жазушылардың еңбектерін жоққа шығаруға болмайды, олар­дың қаламынан шыққан көркем әдеби туын­ды болғандықтан, халыққа тез тарап, та­нымал болады. Ал ғылыми форматта жа­зылған еңбектер аз таралыммен шығады да, ғылыми ортаға белгілі болғанымен, жұрт­қа жете бермейді. Дегенмен әдеби шы­ғармалар жұртқа әсер етуі жағынан әр­дайым алда тұрады, сондай-ақ тарихи шы­ғармалардағы авторлардың субъективті ой­лары бізге ой салады. Мәселен, Қой­шы­ғара Салғара, Тұрсын Жұртбай секілді қа­лам­герлерді оқысаңыз, олар шығарма­ларын­да тарихи оқиғаларға қатысты өз ойларын, болжамдарын ұсынып отырады, ал ол тарихшыларға болашақта бір зерттеу бағытын ұсынып отыруы әбден мүмкін.
Әдебиетшілер бір-екі фактіні ұсына отырып, соған орай логикамен ой айтса, тарихшылар мүмкіндігінше барлық деректі саралап, тарихи талаптарға сай тұжырым жасайды.
− Тарихшылармен бірге қазақ жазу­шыларын да арғы тарих − ғұндар, сақ­тар, Түркі қағанаты тарихы қызық­тыр­ғаны сөзсіз. Олардың жазғандары біз­дің арғы тарихымыз туралы шы­найы ақпарат бере ала ма?
− Әрине, тарихты кім жазса да дерек­на­маға сүйенгені жөн. Жалпы, кез келген та­рихи мәселе үш құрамдас бөліктен тұра­ды: бірінші − сол мәселеге қатысты дерек­тер тобы, ол − ұшан-теңіз материалдар. Мә­­­селеге сол жақты саралап келу керек. Екін­ші – сол мәселеге қатысты кім зерттеді, қалай зерттеді, қандай тарихнамалық тұ­жы­рымдар бар. Оның өзі − тарих ғылымы­ның жеке бір саласы. Үшінші − мәселенің өзі. Міне, осы үшеуі қамтылған кезде ғана бел­гілі бір тарихи мәселе зерттелді деп ай­туға болады. Ал әдебиетшілер ондай те­рең зерттеуге бармайды да, фактіні алып, со­ған қатысты өз ойын өрбітіп жазады. Әри­не, олар қателесуі де мүмкін, бірақ жа­зыл­ған нәрсе ғылыми-зерттеу емес, көркем туынды болғандықтан, оған ғалымдарға қойған талапты қоя алмайсың. Мәселен, Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабының жанрын «байып­тама» деп көрсеткен. Ол монография ма, зерт­теу ме, әлде өзіндік зерделеу ме түсініксіз. Бәл­кім, әдебиетшінің тұжырымдамасы шы­ғар. Дегенмен қаламгер тарихшыларға тиіс­ті бірталай жүкті көтергендей.
Жоғарыда айтып өткенімдей, қа­лам­герлердің еңбектерінің құн­ды­лығын бекерлеуге болмайды. Сондықтан көне тарихымыз жайлы тарихшылар айта алмаған, жаза алмаған, өресі жетпеген кей­бір тұстарды жазушылар көтеріп отыр дер едік.
− Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғын тойлау Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі бол­ғаны даусыз. Осы арқылы мемлекет­тілігіміздің нақты тарихи негізі бар екенін және ол әріден басталғанын әлем алдында дәлелдей алдық. Жалпы, Қазақ ордасының құрылуының Еура­зия тарихындағы орны мен маңы­зы қандай?
− Қазақ хандығының құрылуы − Еура­зия­дағы тарихи үдерістің көрінісі.
Жалпы қазақ этногенезінің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі қола дәуі­рінен басталады. Сол дәуірде этни­ка­лық үдерістерге, этногенезге қозғаушы күш бол­ған нәрсе – бір типтегі шаруашылықпен ай­налысу. Сөйтіп, Қазақстан жерінде көш­пелі мал шаруашылығына өту басталды. Ал оның аяқталуы 1930 жылдары болды. Яғ­ни, бүгінгі жасап жатқан жерімізде 3 мың жыл бойы этногенез үдерісі болды. Ал эт­но­генез үдерісі барысында өзінің саяси қон­дырмасын − мемлекеттік құры­лым­дарын әр кезеңде орнатып, ол ыдыраған кезде оның орнына этникалық үдерістерге қа­тысушы этноэлементтік топтар өз­дері­нің саяси құрылымын құрып отырды. Осылайша, скифтер, сақтар, сарматтар, ғұндар, қаңлылар, басқа да антикалық заман­дағы мемлекеттік құрылымдар бол­ды. Сондықтан біз тарихымыздың түп-та­мы­рын осылардан бастаймыз. Одан бері­дегі Түрік дәуіріндегі мемлекеттер − Түрік қа­ға­наты, Батыс түрік қағанаты, Түргеш мем­лекеттері, оғыз, қыпшақ, қимақ мем­ле­кеттері. Мамандардың пікірінше, қазақ этно­генезі ХІ ғасырдағы қыпшақ дәуірінде қалыптасып болған. Бірақ ол моң­­ғолдардың жаулап алуына байланысты те­желді. Одан кейінгі Жошы ұлысы − Ал­тын Орда деп аталатын мемлекетте жаңа фор­матта этникалық процестер жүрді. Ол то­лығып, саяси үдерістер де соған икем­дел­ді. Алтын Орда дәуірінде Еуразия аума­ғында қазіргі ұлттардың болмысы айқын­дала бастады. Алтын Орда ыдыраған соң оның құрамында болған мелекеттер Қа­зан хандығында татарлар, Қырым хан­ды­ғында қырым татарлары, Ноғай ордасын­да ноғайлар, Қазақ хандығында қазақтар қалыптасты. Одан соң Ресейдің жаулап алу саясатына байланысты Сібірдегі татарлар, Астрахан татарлары жойылып кетті. Алтын Орда құрамында құрылған мемле­кет­тер ұлттық мемлекет деп саналады. Соның бірі − Қазақ хандығы. Ол да ұлттық мемлекет. Неге? Өйткені қазақ жерінде Қазақ хандығына дейінгі болған тайпалық деңгейдегі бірлестіктерден құралған саяси құрылымдардың ешқайсысының ұлттық сипаты болған жоқ. Ал қазақ деген тайпа не ру жоқ, қазақ деген халық бар. Сол кезде пайда болған этникалық мәндегі қазақ атауы бүгінге дейін қолданылып отыр және солардың өмір сүрген жері қазір Қа­зақстан деп аталады. Ол қазақтардың жері дегенді білдіріп тұр. Бүгінгі Қазақстан ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығы мем­лекетіне этникалық және атауы жағынан тікелей байланысты.
Бүгінгі Қазақстан − жер көлемі жа­ғынан әлемнің тоғызыншы аймағы деп аталатын алып ел және ол Еуропа мен Азияның арасын байланыстырушы ерекше гео­саяси маңызды мемлекет.
− Қазақ хандары туралы сериалық мақалалар жазып, олар туралы көп мә­­­лімет бердіңіз. Қазақтың алғашқы ха­ны Керей хан мен ең соңғы ханы Ке­несарыға дейінгі аралықтағы билеу­шілеріміздің тарихы зерттеліп болды ма?
− Егер де кез келген тарихшы белгілі бір мәселені зерттеп, соны аяқтадым десе, онда оның ғылыми әлеуеті аяқталғаны, сол мәселенің тоқырағаны. Ғылым ешқашан тоқтамайды. Ғылымға жаңа ұрпақтар келіп, жаңа деректер тауып, соған сай тың идея, тұжырымдар айтуы мүмкін нәрсе.
Шынында, Қазақ хандығын зерттеу маған дейін де болған. Бір мақа­лам­да Қазақ хандығын зерттеу ХІХ ғасыр­дың ортасынан басталады деп жазғанмын. Тек қана құрылуының өзі жайлы аздаған деректерге сүйеніп, Вельяминов-Зернов, Рад­лов, Бартольд, Левшин, Аристов, Пота­нин секілді ғалымдар Қазақ хандығын зерт­теумен айналысты. Одан кейін Шәкә­рім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Тыныш­паев қосылды.
Өткен ғасырдың 50-жылдары бұл мәселе тереңдей түсті. Қазақ тари­хына қатысты тың деректер араб-парсы, ша­ғатай тілдерінен аударып, оны ғылыми үдеріс­ке енгізу күшейді. Соның бір көрінісі − 1969 жылы шыққан «ХV-XVIII ғасырлар­дағы Қазақ хандығының тарихына ма­те­риал­дар» деп аталатын кітап. Ол көп ізде­ніс­ке жол ашты. Жекелеген авторлар Қа­зақ хандығының құрылуымен айна­лысты. Клавдия Пищулина, Тұр­сын Сұлтанов, тағы басқа тарих­шылар өз деңгейінде бірталай мәсе­ле­нің шешімін алға жылжытты. Біраз мә­селенің бетін ашып берді. Ал тәуелсіздіктен бергі жерде осыларға сүйеніп, Қазақ хан­дығы тарихы туралы зерттеулерімді жүр­гізіп жатырмын. Зерттеулерімнің бір артықшылығы − ауыз әдебиетінің мате­риал­дары мен ғылыми айналымда жүрген белгілі жазба деректердің синтезін жасау.
Кеңестік кезеңде М.Тынышпаевтың, Ш.Құдайбердіұлының есімдерін айтуға тыйым салынғандықтан, зерттеу­ші­лер олар пайдаланған ауыз әдебиеті мате­риал­дарын көрсете алмады. Тек оның кейбірін І.Есенберлин өз шығармаларында қолданды. Тәуелсіздік дәуірі басталғаннан кейін ғана қазақ тарихына қатысты ауыз әдебиеті материалдары бар екенін көрдік, сөйтіп ауызша жеткен деректер мен жазба деректерді саралай отырып, өз зерттеуімді жүргіздім. «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандығының кү­шеюі», «Қазақ хандары туралы зерттеулер» деген монографиялық зерттеулерім жарық көрді. Дегенмен қазақ хандары туралы зерттеулер жалғаса береді деп ойлаймын.
− Күні кеше Атырау облысында «Ұлық ұлыс − Алтын Орда» атты халық­ара­лық жиын өтіп, негізгі орны біздің жерімізде болған Алтын Орда мем­ле­кетінің 750 жылдығы тойланды. Жал­пы, түркі халықтарына ортақ мемле­кет, бірақ негізгі мұрагері қазақ хал­қы болып саналатын Алтын Орданың тари­хымыз үшін маңызы қандай?
− Алтын Орда − Еуразия аумағындағы Ер­тістен Дунайға дейінгі аралықтағы үлкен мемлекет. Ол моңғолдар жаулап ал­ған аумақта құрылды, дегенмен негізгі халқы – түрік тайпалары. Былайша айтқанда, түрік тайпаларының мемлекеттік құры­лымы. Үш ғасырдай өмір сүрген Алтын Орда мемлекеті кезінде түріктер монғол­дарды ассимиляцияға ұшыратты. Алтын Орданың ең гүлденген кезеңі − XIV ғасыр­дың бірінші жартысы. Бұл сол кездегі әлем­ге әйгілі төрт өркениеттің бірі − қып­шақ өркениетіне жататын ел болды. Оның нақты бір көрінісі − «Кодекс куманикус» («Қыпшақ тілінің сөздігі») деген кітап. Ол Еуропа мен Қытайға дейінгі аралықты алып жатқан халықтың тілінде жазылған сөздік.
Алтын Орда дәуіріндегі хандар орыстар үшін басқыншы саналғанымен, біздің халықтың жадында олар қасиетті жандар ретінде сақталған. (Айта кету керек, XIII ға­сырда майда князьдіктерге бөлініп ша­шылып жатса да Алтын Орданың қор­ғауындағы неміс, поляк, финдер орыстарға шабуыл жасай алмады. Содан кейін барып қана Мәскеу князьдігіне топтасқан орыс­тар мемлекетке айналды, бірақ соның өзін­д­е Алтын ордаға бағынышты еді). Алтын Орда − Еуразияда өз міндетін атқарған мемлекет. Ұзақ жылдар бойы сая­си тұрақтылықтың орнығуы бұл аймақ­тағы халықтар арасында этникалық үдеріс­тің еркін жүріп, олардың қалып­та­суына себеп болды. Жалпы, Алтын Ордадағы құрылым, идеология Қазақ хандығында қал­ды. Қазақ хандары – айналып келгенде сол Алтын Орданың негізін қалаған Жо­шы­ның ұрпақтары. Алтын Орданың не­гізін құраған тайпалар кейін Қазақ хан­дығының құрамында болды. Алтын Орда құрылғанда оның оң қанаты, сол қанаты болса, қазақ жері − соның сол қанаты. Сол қанатында Ақ Орда мемлекеті, одан кейін Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы құрылды. Тек XV ғасырдың басында ғана Алтын Орданың ыдырау үдерісінде Ұлық Мұхаммед, Кішік Мұхаммед дейтін хандар болды. Олардың кезінде мемлекет аймағы Еділдің арғы жағы, бергі жағы делінетін. Алтын Орданың ыдырауы Еділ­дің арғы жағынан басталды. Қазақтың ха­лық әні «Үкілім-айда»:
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы.
Ата-анамды сағынып әнге салдым,
Бауырымның хабарын алмағалы, − де­ген жолдар бар ғой. Сол Алтын Орда мемлекетінің күй­реп, ала­сапыран басталған кезеңнен хабар беретіндей…
Сөйтіп, Алтын Орда 1502 жылы 15 мау­сымда өзінің өмір сүруін толық тоқтатты. Еділдің арғы жағындағы Қырым ханы Меңлігерей мен үлкен Орданың соң­ғы билеушісі шейх Ахмет ханның ара­сындағы қазіргі Украина жеріндегі, Днепр өзеніне жақын жерде соғыс болған. Қазір ол жерге үлкен су қоймасы салынып кет­кен. Осылайша, Алтын Орданың тағдыры шешілген жер қазір су астына кеткен. Ол жер туралы жазба дерек сақталған, себебі Мең­лігерей ол туралы Мәскеу князіне жаз­ған хатында айтқан. Оны «Алланың қол­дауымен менің және сенің қарсыласың Шейхгерейдің тағын тартып алдым» деген бір-ақ сөйлеммен айтқан екен. Алтын Орда мемлекеті де, ол ыдыраған соң пайда болған Қазақ хандығы да бүгінгі Қазақстанның түп негізі. Ал біз кезінде солар дүркіреген аумақта ұлт болып, мемлекет құрып отырмыз. Тек бұл ақиқат жалпыға тәуелсіздік алғаннан кейін жетіп, әлем мойындаған ақиқатқа айналып отырғанын ұмытпауымыз керек!
− Мазмұны терең әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін. Қазақ ұрпағы үшін өзі­нің ата тарихын құрметтеуден ар­тық мақтаныш болмаса керек!

Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ

 

Back to top button