Елімізде балаларды емдейтін білікті дәрігер көп емес, әсіресе балалар урологиясында. Бақытжан Әбекенов сондай жандардың бірі. Ол − медицина ғылымдарының кандидаты, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар урологиясы бөлімінің меңгерушісі, білікті балалар хирургі, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі». Білікті хирург 35 жыл ішінде мыңдаған күрделі ота жасап, қанша мың баланың өмірін сақтап қалды. Урология бөлімінде оның басқаруымен несеп шығару жолдары, жыныс мүшелері, шат аймағы мен іш құрсағының даму ақаулары мен сырқаттары бар балаларға жоғары білікті мамандар көмек көрсетеді.
Бұрын-соңды баспасөз бетінде көрінбей жүрген білікті балалар дәрігерімен әңгімеміз ол кісінің қиын да қызықты еңбек жолы және еліміздегі балалардың урологиялық аурулары мен оны емдеу мәселелері төңірегінде өрбіді.
− Хирург дәрігер болғаныңызға 34 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы аралықта қанша ота жасадыңыз?
− Ол енді кезеңдерге байланысты. Мәселен, алғашқы кезде, жұмысқа енді араласа бастаған кезде көп ота жасаған жоқпыз. Хирургтерге ассистент боламыз, көмектесеміз дегендей. Кейінгі 15 жылды айтсам, жылына орта есеппен 300-400 ота жасап келеміз, өзіміздің бөлімде. Соның 80-90 пайызын өзім жасадым десем, жалған болмас. Сонда 3 000-нан аса күрделі ота жасаған болып тұрмын. Оның бәрі балаларға, урологиялық науқасқа байланысты.
− Сонда жылына 300-400 бала урологиялық аурумен ауырып, отаға түсетін болғаны ма?
− Сондай болып тұр. Өйткені біздің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына науқас балалар бүкіл Қазақстаннан келеді. Біздің орталықта жылына 700-800-ден аса бала емделеді.
− Сіз басқаратын бөлімге науқас балалар негізінен қандай диагнозбен түседі?
− Саны қанша екенін жоғарыда айтып кеттім ғой, біздің біздің бөлімге келетін балалар урологиялық диагнозбен түседі, оның түгелге жуығы туа біткен аурулар. Оның ішінде қуықтың ақауы, бүйректің ақауы, жыныс мүшелерінің сыртқы, ішкі ақаулары. Ол балалардың 30 пайызы — 1 жасқа дейінгі балалар. Жергілікті дәрігерлер баладан урологиялық ақау тапса, оларды бізге жібереді, оларды әкелген бойда қарап, тексеріп, ауруы толық тексеріліп, анықталған соң бірден емдеуге кірісеміз.
− Бөліміңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Қай жылы ашылған?
− Біздің орталықта урология бөлімі 2001 жылы ашылды. Бірақ оған дейін 1986 жылы уронефрология бөлімі ашылған. Негізгі базамыз «Ақсай» республикалық клиникалық балалар ауруханасы болатын.
Қазір біздің бөлімде менен басқа төрт мықты дәрігер бар, бәрі де балалар урологі. Оның біреуі PhD докторы, екеуі оқып жатыр, тағы бірі бірінші санаттағы жай дәрігер. Негізі, олардың үшеуі бірінші санаттағы дәрігер. Атап айтсам, Бауыржан Сәкенов, Рустам Дюшманов, Шоқан Тұрысбеков және магистратурада оқып жатқан Әсел Сағынбаева.
− Сіз бұл салаға егемендігіміздің алғашқы жылдары келдіңіз, сондықтан сол кез бен қазіргі жағдайды салыстыра қарағанда қандай өзгеріс, даму барын жақсы білдіңіз?
− Ол кез бен қазіргінің парқы аспан мен жердей, тіпті салыстыруға келмейді. Тәуелсіздіктің бас кезінде барлық салада, соның ішінде балалар медицинасында қиындық көп болды. Қазір мемлекетіміз медицинаға, оның ішінде балалар медицинасына барынша жағдай жасап отыр.
Бұл салада жұмыс істей бастаған кезде дәрі-дәрмек тапшы, керекті құрал-жабдық жоққа тән болатын, маман тіптен аз. Қазір ешқандай проблема жоқ десе де болады.
− Бүгінде балалар неге урологиялық ауруларға шалдығып жатыр, оның алдын алу үшін не істеуге болады?
− Оны әлі де терең зерттеу керек, себебі біздің емдейтін балаларымыздың 80-90 пайызы туа біткен ақаулардың себебінен ауырады. Демек, ол ақаулар сәби анасының жатырында жатқан кезде пайда болған. Бір жақсы жері − қазіргі дамыған технологияның арқасында балаға тумай тұрып диагноз қою мүмкіндігі бар. Урологиялық ауруларды ертерек анықтау мүмкін болмаған соң бұрында науқас асқынып, ауру балалар 14-15 жаста келетін бізге. Ал қазір қай жерде балалар қандай науқаспен туылатыны күні бұрын анықталып, емдеу орындары оның статистикасынан алдын ала хабардар болып, дайын отырады. Ал сау туылып, кейін науқастанған балалардың ауруы – тас аурулары, яғни бүйректе, қуықта тас жиналып қалғаннан пайда болатын аурулар.
− Осындай кезде уролог мамандардың біліктілігінің маңызы жоғары десек, ондай мамандар бізде жеткілікті ме?
− Жеткілікті деу қиын. Облыстарда балаларды емдейтін ауруханаларда жеке балалар урологиясы бөлімі жоқ. Уролог болған жағдайдың өзінде ол да хирургияның құрамында жұмыс істейді, бұл бір қиын мәселе. Урологтердің, оның ішінде балалар урологінің елімізде білім көтеру үшін баратын жерлері жоқ. Сондықтан өзім облыстан келген урологтерге жылына бір-екі рет курс өткіземін. Жергілікті жерлерде урологтердің болғаны жақсы, сол үшін үш-төрт жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде білікті мамандардың қатары көбеюі үшін қолдан келген көмегімізді жасап жатырмыз. Бірақ балалар урологі әлі аз.
− Айтқандарыңызға қарап, балалар арасында урологиялық аурулардың өршіп тұрғанын байқадық, сондықтан бұл жөнінде жас ата-аналарға беретін кеңесіңіз бар ма?
− Қазіргі технологияның жетілген заманында медициналық құралдар бала анасының құрсағында жатқан кезде оның түрлі сырқатын анықтап, ата-аналарына ескертсе де мән беретіндер аз. Біздің менталитет сол: балам жүгіріп жүр, жаман емес, өсіп жатыр деп дәрігерге көрсетіп, оның кеңесіне құлақ сала бермейді. Сондықтан баланың ақауы бар дегенді айтқан соң, баланы бір айлығынан бастап емдете беру керек. Шыны керек, ауылда айтылады, қалады. Одан әрі ешкімнің жұмысы жоқ. Кейін ауру асқына бастаған кезде барып бір-ақ келеді...
Бұрыннан келе жатқан жүйе бар: бала бір жасқа толғанда оны тексертіп, мамандарға көрсетіп алу керек.
− Бүгінде дәрігер боламын деп талпынған жастардың қатары көбейіп келеді, бірақ кей жағдайда ел ішінде дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіретін жағдай кездесіп жатады. Жалпы, елді емдеймін деген адам қандай қасиеттерге ие болуы керек?
− Қазақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді ғой, кейбір біліксіз мамандардың кесірінен жалпы дәрігерлерге сөз келіп жатады, оны жасыра алмаймыз. Бірақ оған қарап елімізде мықты дәрігер аз деуге болмас. Дәрігерлік — өте қиын мамандық, оған қателесуге болмайды, өйткені оған адамның өмірі сеніп тапсырылады. Балалар дәрігеріне екі есе күшті жауапкершілік керек. Көптеген саланың маманына қателігін жөндеуге мүмкіндік болар, ал дәрігерге ондай жеңілдік жоқ. Сол үшін дәрігер боламын деген адам қиындықтан қашпай, көп еңбек етіп, үнемі ізденуі керек. Білімсіз дәрігер қателік жасаса оның ештеңесі кетпес, бірақ біреудің тағдырына орны толмас өкініш әкелуі мүмкін.
− Жас мамандарға, қабілетті деген дәрігерлерге қолдау білдіресіз бе? Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
− Болашақты ойлаған дәрігердің бәрі шәкірт тәрбиелейтіні анық. Бәрін өзім білем, өзім жасаймын деген өркөкіректік адамгершілікке жатпайды. Мәңгілік ештеңе жоқ, уақыты-сәті келгенде бәрі де орынды босатып, артындағыға жол береді. Сондай кезде білгеніңді өзіңмен әкетпей, талапты жастарға үйретіп, оны маман ретінде шыңдап кеткен жақсы. Құдайға шүкір, қарамағымда төрт дәрігерім бар, бәрі керемет маман. Олардың бәрін өзім таңдап алдым.
Мединститутта сабақ бергенмін. Сонда мединститутты бітіргеннен кейін болашақ дәрігерлер бізге келіп екі жыл резидентурада оқиды, қазір өзіммен бірге жұмыс істеп жатқандар солардың арасынан таңдап алған дәрігерлерім. Бұлардың бәрі тынымсыз ізденетін, көп оқитын мамандар.
Сосын жылына екі рет 15 күннен курс өткіземін, сонда келіп урологтер сабақ алады. Соларды бақылап отырып кім мықты, кім осал − бәрінің қабілетін бағамдаймын.
− Емделген пациенттер хабарласып тұра ма?
− Әрине, өзің емдеген бала − өзіңнің балаң сияқты болып кетеді, аттай шауып кеткенде әке-шешесімен бірге қуанасың. Олардың бәрі бүгінде жігіт болып, мамандық алып, қатарға қосылып кетті. Хабарласып тұратындары көп, талайы үйлену тойларына шақырды. Сонда бір кезде өзің саулығы үшін күрескен азаматтарға қарап тұрып сүйсінесің, еңбегіңнің текке кетпегеніне марқаясың. Ол бір ғажап сезім.
− Сіз білікті дәрігер ғана емес, ғылыммен де айналысқан адамсыз. Ғылыми жетістіктеріңіз жөнінде айта кетсеңіз...
− «Балалардағы нефроптоз» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Сондай-ақ жеті патентім бар. Үш монографияға бірлескен автор болдым. Өзім жеке монография жазып жарияладым.
− Дәрігерлік машақаты көп мамандық қой, шаршағанда неден медет аласыз?
− Жас кезімде музыкамен әуестенгем, қазір де қолға домбыра алып тартып тұрамын. Сурет саламын. Пандемиядан бұрын аптасына екі рет футбол ойнап тұратыным бар еді, өзіміздің командамыз бар.
− Дәрігерлердің өмірі күтпеген оқиғаларға толы, сіздің де басыңыздан небір қызық жайт өткен шығар?
− Өмір болғасын түрлі жағдай болатыны заңдылық. Дегенмен бір оқиға есімнен шықпайды. Төменарықта балалар дәрігері болып жүрген кезім, ауылдық емханада төрт-бес дәрігер бармыз, ішінде ең жасы —мен. Бір жедел жәрдем көлігіміз бар, маңайдағы 5-6 ауылды қосқанда 12 мың халық бізге қарайды. Біреу жедел жәрдем шақыртса, көлікке мініп алып жүгіре беремін. Ол кезде жас кезім, бойдақпын. «Біреу шақырса баратын сен ғой» деп жедел жәрдемнің жүргізушісі менің қасыма қонатын. Бір күні «Екпінді» деген бөлімнен шақыру түсіп, түн ортасында жедел жәрдемнің жүргізушісі екеуміз тартып кеттік. Барсақ, толғақ қысып жатқан аяғы ауыр әйелдің отбасы екен шақыртқан. Дәрігер болғаныммен менің жұмысым емес, оқып жүргенде тәжірибеде көргенімізбен, әйел босандырған адам емеспін. Содан толғатып жатқан әйелді көлікке салып алып, 20 шақырым жердегі Төменарыққа қарай шықтық. Біраз жүрген соң толғатып жатқан әйелмен ере шыққан бір-екі адам «Бала, машинаны тоқтат» деді, мені тысқа шығарып жіберді. Жүргізуші екеуміз сыртта отырмыз, «аман болса екен» деп. Бір кезде шыр еткен баланың даусы шықты. Ішке жүгіріп кіріп, нәрестенің кіндігін кесіп (оны білем ғой енді), оны байлап, орап алдым. Сосын жедел жәрдемді дереу оталдырып, ана мен баланы ауылға жеткізіп, гинекологке тапсырдық. Сөйтіп, ойламаған жерден «кіндік әке» атанғанбыз.
− Сөз соңында еліміздегі балалар ауруын емдеу мәселесі мен оның қазіргі жағдайы жайында айта кетсеңіз...
− Иә, бұл − өзекті мәселе. Бір жылдары еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында балалар дәрігерін дайындайтын факультетті реформа жасап жауып тастағаны бар. Дегенмен елімізге белгі атақты дәрігер Камал Ормантаев ағамыздың жоғары жаққа қайта-қайта хат жолдап, талап етуінен соң жеті жылдан кейін педиатрия факультетінің қайта ашылғаны бар. Сол жылдарда бүкіл Қазақстан балалар дәрігерісіз қалды. Алғашқы жылдары байқалмағанымен, кейін зардабы біліне бастады. Жалпы, практика дәрігері, яғни отбасылық дәрігер дегенді кім ойлап тапқанын білмеймін, мына заманда белгілі бір бағыт бойынша маманданбаған дәрігерден не күтуге болады. Педиатр, терапевт, хирург дәрігерлер бірінің орнын бірі баса алмайды. Ересектердің дәрігері балалар дәрігерінің орын баса ала ма? Сөйтіп, әйтеуір ақыры түзелгендей болды.
Мемлекет халықтың денсаулығына өте сергек қарауы керек, әсіресе балалардың денсаулығына. Өйткені балалар − біздің ертеңіміз, еліміздің келешегі. Демография деп жатамыз, ал оның дұрыс болуы үшін халықтың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Жастарының дені сау болмаса, халық қайдан өседі? Балалар урологиясы мәселесі де соның ішіне кіреді. Сол үшін дәрігерлеріміз білікті болуы тиіс. Ал балалар дәрігері аз елде жас ұрпақтың саулығы қауіп астында қалады. Осыны ұмытпау қажет!
− Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ