50719
Тіл саласының әмбебап ғалымы
Тіл саласының әмбебап ғалымы
Жылдар жылжиды, уақыт өтеді. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аймангүл Мырзалықызы Алдаш 70 жасқа толып отыр.
Профессор Аймангүл Алдашты әмбебап ғалым деуге болады. Ғылыми шығармашылығының басты ерекшелігі – тақырып бағыттарының әржақтылығы, кең ауқымдылығы және тереңдігі. Ол – тіл мәдениеті, қазақ ортологиясы, лингвистикалық аударматану, неология және неография, лексикография, терминология, терминжасам, терминография, функционалды стилистика, қазақ тілін оқытудың теориясы мен практикасы салаларының проблемаларымен шұғылданатын белгілі зерттеуші-маман. Ұстаз А.Алдаш сапалы аударма жасауға дағдыланатын шәкірттерді лингвистикалық білімдермен қаруландыруға, аудармашы мамандар даярлау ісіне айтарлықтай септігін тигізді. Профессор өзінің еңбектерінде, мақалалары мен зерттеу-шолуларында қазақ терминжасамы мен терминографиясының да өзекті тұстарын қарастырды.
Қазақ тілтанымында лингвистикалық аударматану саласы кештеу қолға алынды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған көптеген іс-шаралардың жүзеге асырылуының қажеттілігі туындады. Әсіресе ауызша және жазбаша қатынасымда аударма ісін жолға қоюдың, білім беру, ғылымның түрлі салаларында, ресми-іскери қарым-қатынаста бұрын ресми тілде жасалып келген ғылыми әдебиетті, оқу-ағарту әдебиетін қазақшалаудың, бұл үшін мамандар даярлаудың маңыздылығы айқын көрінді. Осыған байланысты, қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте белгілі ғалым, профессор З.Ахметжанованың тікелей атсалысуы нәтижесінде аударма бөлімі ашылған еді. 1991-1996 жылдары аударма кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін қоса атқарған кезінде Аймангүл Алдаш аударма сапасын жақсартуға мол үлес қосты. Білім беру барысында бір тілден екінші тілге аударудың күрделі проблемалары бар екендігін, нақты айтқанда, қазақ лингвистикалық аударматану ғылымының өзекті тұстарының анықтала қоймағандығын байқаған зерттеуші тілдік аударматанудың ғылыми негіздерін саралауға ден қойды. Типологиялық құрылымы әр басқа тілдерде жазылған көркем, ғылыми, ресми-іскери мәтіндердің тәржіма үлгілерін ұзақ әрі тыңғылықты зерделеу жұмысын бастады. Қазақ мәдениетіндегі аударма үлгілерінен жинақталған мол танымдық материал негізінде тәржіма ісінің тілдік негіздері бойынша өз тұжырымдарын жасады. Қалыптасқан аударма тәсілдерін сараптай отырып, зерттеуші аударылған мәтінге түпнұсқа мен аударма мәтінде ұлттық түрдің сақталуының маңызды тұстарын айқындады. Осы проблемалар зерттеушінің академик Рабиға Сыздықтың басшылығымен «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер» тақырыбында филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық еңбегінде және осы тақырыппен жарияланған монографиясында көрініс тапты (1999).
Профессор қазақ терминжасамы мен терминографиясының өзекті тұстарын да қарастырды. Ғалым тіл дамуының қазіргі айрықша прогрессивті кезеңіндегі әдеби тіл нормалары, тіл мәдениеті проблемаларымен тығыз байланыстыра отырып, қазақ терминжасамы мен терминжүйесіне қатысты ондаған ғылыми мақалалар жариялады, оларда төл тілдің әлеуеті арқылы жасалған терминдер мен термин тіркестердің ұғымдық сыйымдылығы мен мағыналық қуаты, қазақыландырылған атаулардың кодталмауының ішкі және сыртқы себептері, калька жолымен жасалған аталымдардың тіл заңдылықтарына әсері, терминдерді біріздендіру мәселелері жөнінде тұжырымдар жасады.
Гранттық жоба аясында әзірленген «Әскери терминдер сөздігі (2017), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырысы бойынша жарық көрген «Кәсіпкер сөздігі» де (2018) заманауи өзектілігімен, құндылығымен ерекшеленеді. Әсіресе экономикаға қатысты дамыған және жаңадан өріс алған сан түрлі салаларда қазақ тілінің қызметтік қолданысына ықпал ету, сала терминдерін біріздендіру мүддесінде ұсынылған, кәсіпкерлердің күнделікті іскери қарым-қатынасына қажетті қазақшаланған терминдер мен термин сөз тіркестерінің, клише тұлғалардың ең жиі жұмсалымдағы үлгілері жинақталған соңғы сөздік ресми-іскери стиль тармағының да, терминжүйенің де қалыптасуы мен одан әрі жетілдірілуіне үлес қосқан маңызды практикалық құрал болып табылады.
Өткен ғасырдың бас кезінен бастап жасалған сөздің дұрыстығы туралы құралдардың тәжірибесін сараптай отырып, қазақ тіл мәдениеті саласының тағы бір маңызды аспектісі емле, емле қағидаларын біріздендірудің өзектілігі де кезек күттірмейтін міндеттердің бірі еді. Бөлім қызметкерлері академик Рәбиға Сыздықтың басшылығымен емле ережелеріне түзетулер енгізу, орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасын әзірлеу ісін қолға алды. Жазу практикасындағы өзгерістерді, нормативті сөздік түзудің лексикографиялық принциптерін терең талдау негізінде Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері қабылданып (1983), Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің өңделіп, толықтырылған үшінші басылымы (1988) жарияланды. Профессор Аймангүл Алдаш бөлімдегі тәжірибелі мамандармен бірге осы сөздіктің жауапты шығарушысының бірі болды. Баспасөздің, оқу-ағарту, ғылыми әдебиеттің, көркем туындылардың тіліндегі жазу дағдыларын екшеуден өткізу, бір үлгілес тілдік бірліктерді біріздендіру, орфографиялық нормалардың ғылыми негіздерін анықтау нәтижесінде түзілген Емле сөздігінің осы басылымы белгілі бір кезеңге дейінгі қазақ тілі сөздік құрамының толығуы, стилдік саралануы, тілдің нормалардың бірізденуі жайын жинақтауы жағынан ұлттық-мәдени дамудың көрсеткіші, сауатты жазудың таяныш етерлік бірден-бір құралы ретінде бағаланып келеді. Жаңа сападағы Емле сөздігінің материалдары жазу практикасы мен тіл заңдылықтары арасында көрініс таба бастаған айырым-белгілердің себептерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеудің, қазақ орфографиясының теориялық базасын күшейтудің өзектілігін байқатты. Бұл мәселе «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» атты монографияда баяндалды.
Профессор А. Алдаш – қазақ тілінің қазіргі тағдыршешті кезеңіндегі жаңа ұлттық әліпби және емлетану салалары бойынша білікті мамандардың бірі. Қазақ әліпбиін және жазуды реформалауға бағытталған ауқымды міндеттерге сәйкес Аймангүл Алдаш әліпби нұсқаларын сараптау, жаңа ұлттық әліпби негізінде жасалатын Емле сөздігі мен Емле анықтағышының жетілдірілуі, жаңартылуы мен толықтырылуы ісіне атсалысады. Ол институттағы барлық бөлімдерге ақыл-кеңес беруге әрқашан дайын отырады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі ретінде ортологиялық құралдарды жетілдіру, жаңарту, ортологиялық қалыптандыру, ортологиялық кодтау мәселелері бойынша аса тәжірибелі зерттеуші соңғы жылдары түрлі мінберлерден, масс-медиа арналарынан сөз сөйлеу, сұхбат беру, кең ауқымды мәслихаттарда баяндамалар жасау арқылы ортологиялық құралдарды жетілдіру, тілді жаңғырту мен реформалаудың өзекті тұстары, әліпби мен жазудағы өзгерістер қоғамдық сананы жаңғыртудың іргетасы екендігі жөнінде салмақты пікір айтып келеді.
2020 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімі «Латынграфикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-техникалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-нысаналы жобасының аясында «Жаңа ұлттық әлiпбиде кiрме терминдердi транслитерациялау және транскрипциялау анықтағышы» атты тармағын орындау мақсатында «Кирилл және латын графикасындағы салалық терминологиялық сөздік (қоғамдық ғылымдар)» және «Кірме терминдердің анықтағышы» тәрізді еңбектер әзірледі.
Жұмыс барысында бөлім қызметкерлеріне профессор А.Алдаш сөздік пен анықтағыштың құрылымын жасау, олардағы кірме сөздердің берілу қағидаттары жайлы кеңестер беріп отырды.
Аймангүл Алдаштың кеңесі бойынша, «Кірме терминдер анықтағышының» құрылымы былайша берілді:
Алдымен белгілі бір параграфтағы емле ережесі көрсетілді. Содан кейін кірме терминдер төрт бағанға бөлініп жазылды. Бірінші бағанда сөздердің қолданыстағы орфограммасы әліпби ретімен, сөзбелгісімен (помета) қоса (боцман (әск.), бруцеллёз (ауылшар.), бутилацетат (тамақ өн.), вакцина (*), екінші бағанда латынграфикалы орфограммасы (мыс., bosman, bruselöz, butilasetat, vaksina), үшінші бағанда сөз соңына үндесе жалғанатын жалғаулар (мыс., -nyŋ, -y, -ğa, -dаn, -dıŋ, -ı, -ge, -dеn, -tyŋ, -y, -qa, -tan), төртінші бағанда тиісінше ағылшынша орфограммасы (мыс., boatswain, brucellosis, butyl acetate, vaccine) берілді.
Үлгілер мен моделдерді тиімді түсіндіру мақсатында алдымен жаңа емле ережелерінің әрбір үлгі мен моделге тиісінше сәйкес келетін қағидасы берілген.
Жазу теориясы, фонетика мен фонология, транскрипциялау мен транслитерациялау мәселелері бойынша зерттеулерге сүйене отырып, әрбір баптағы қағидаларға мүмкіндігінше қысқаша түсініктеме берілді.
Соңғы ұсынылған әліпби, соның негізінде жасалған емле ережелерінің жобасы кірме терминдердің құрамындағы өзге тілге тән әріптерді таңбалауда біраз оңды жоба болды. Ол бойынша сөздеріміз айтылуға жуық және де үнемділік заңы бойынша да жазылып, дыбысталатын болады. Анықтағышта кірме терминдердің жазылуы 21 параграф бойынша берілді (§69-93). Сонымен қатар, Аймангүл Алдаштың кеңесімен кірме сөздер емлесіне қатысты қосымша ереже баптары да мысалдарымен енгізілді.
Кез келген тілдің әліпбиінде кейбір сөздерді таңбалау үшін әліпби құрамына енбейтін қосалқы таңбалар (цитаталық принцип бойынша) болады. Жаңа жетілдірілген емледе де ондай үш әріп (С,W, Х) бар. Олар халықаралық марка, бренд атауларын жазуға арналып қолданылады. Мысалы, Саmel, Canon, Coca-Соla, Twitter, Word, Windows, Wһаtsapp, Yandex, Playtex, Kimex, Coneх, Xerox.
Әрбір тілдік бірліктің ғылым мен техниканың, әлеуметтік өмір мен мәдениеттің қандай салаларының термині екендігі шартты қысқартулар арқылы көрсетілген, қай салаға тиесілі екендігі бекітілген терминдік сөздіктерге тіркелуі арқылы анықталды. Мысалы, абсолют, абсолютизм терминдері заң, философия, мәдениет салаларына арналған сөздіктерде қайталанып көрсетілген. Анықтағышта олардың біреуі ғана беріліп отыр.
«Кирилл және латын графикасындағы салалық терминологиялық сөздіктің (қоғамдық ғылымдар)» де құрылымы, ондағы сөздерді беру тәсілі де Аймангүл Мырзалықызы Алдаштың тікелей кеңесшілігімен жасалды.
Сөздікте реестр сөз әліпби ретімен үш баған түрінде берілген. Бірінші бағанда терминдердің кирилл әрпіндегі орысша нұсқасы, екіншісінде кирил әрпіндегі қазақша баламасы, үшінші бағанда сол терминдердің латыннегізді жаңа қазақ әліпбиі бойынша таңбаланған нұсқасы алынған. Екінші, үшінші нұсқаларда терминнің нақты қай салаға қатыстылығын білдіру үшін жақша ішіне көлбеу қаріппен сөзбелгі (помета) қойылған. Мысалы, түйсік түрлері (психол.), жетім жол (лингв.), асқақтық (филос.), ішкі баға (экон.), пара (заң). Бірнеше салаға ортақ терминдер жұлдызша тәрізді (*) белгісөзбен берілген (абдикация*, аберрация*, нысан*, ереже*, регрессия*). Сонымен қатар, кейбір халықаралық терминдер жарыспалы баламаларымен қоса көрсетілген, мысалы, абалиенация – бөтенденім, абалиенация (психол.); абсолютизм – шексіз билік, абсолютизм (саяс.); абстинент – тартыным, абстинент (психол.); монотеизм – монотеизм, бірқұдайлық (діни.); моносемия – моносемия, бірмағыналылық (лингв.); оптимизм – оптимизм, үмітшілдік (психол.); спринт – спринт, желаяқ (спорт).
Осы орайда, техника мен технология дамыған жаһандану заманында, күн сайын терминдердің саны артып отырған сәтте қазақ ұлттық терминологиясын дамыту, терминдерді реттеу, біріздендіру, жүйелеу, үйлестіру жұмыстары қашан да өзекті болып қала бермек. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін жаратылыстану саласы терминдерімен қатар, мемлекетаралық қатынас, саясаттаттану, тарих, философия, тіл мен әдебиет, заң, экономика, педагогика, психология, спорт тәрізді қоғам дамуында қолданылатын, ғылым тілін қалыптастыруға елеулі әсер ететін салалардағы терминдерді біріздендіру өзекті де көкейтесті мәселе екені даусыз.
Көп жағдайда бекітілген терминдерді қалың жұртшылыққа жеткізу, оны бұқаралақ ақпарат құралдарында, мерзімді баспасөз беттерінде жариялау ісі кемшіл түсіп жатады. Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Терминком) бекіткен, тілге сіңіп, тұрақтала бастаған терминдердің өзі әр сөздікте түрлі баламаларымен беріліп жатады. Бұл өз кезегінде терминдердің көп мағыналылығын, баламалылығын, жарыспалылығын, синонимділігін тудырады.
Белгілі бір тілде жасалатын салалық термин сала маманы мен тіл маманының бірлескен жұмысының нәтижесі болуы шарт. Ол термин қалың жұртшылық талқысынан, құзырлы мекемелердің сараптамасы мен мақұлдауынан өтіп, содан кейін ғана Терминком қарауына бекітуге ұсынылғаны жөн. Бекітілген термин баспасөз беттерінде жарияланып, қалың оқырманға насихатталғаны, таныстырылғаны дұрыс.
Осы орайда жалпы жұрт назарына ұсынылып отырған «Кирилл және латын графикасындағы салалық терминологиялық сөздіктің (қоғамдық ғылымдар)» басқа сөздіктерден ерекшелігі – ұсынылып отырған сөздікте қоғамдық ғылымдар саласына жататын терминдер бір жерге топталып, жүйеленіп беріліп отыр. Және де мұнда негізінен Терминкомның соңғы он жыл ішінде бекіткен терминдерімен біріздендіру жұмыстары жүргізілді. Ондағы мақсат – жаңа жасалған ұлттық терминдерді жұртшылыққа таныстыру, насихаттау, сол арқылы терминдердің тілдегі қолданыс аясын кеңейту, тілге сіңіп кетуіне жағдай туғызу.
Аталған сөздікті құрастырушылар барлық терминдерді електен өткізе, олардың соңғы жылдарда бекітілген нұсқаларына басымдық бере отырып, термин талаптарына жауап беретін сөздер мен сөз тіркестерін енгізуге басты назар аударды. Бұл – қазіргі кезде кез келген терминологиялық сөздіктерде, тіпті бекітілген терминдер сөздігінде де кездесетін жайт. Аталған сөздік ұлттық терминологияны дамыту, терминдерді реттеу, біріздендіру, жүйелеу, үйлестіруге септігін тигізетіні сөзсіз.
Қазақ қоғамында, отандық ғылым дамуында өмірден тоқығаны мол, терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет пен ізгі қасиеттерге ие көрнекті ғалым ретінде өзіндік орнын алып отыр. «Өміріңдегі ең басты ісің – қазіргі істеп отырғаның, өміріңдегі ең басты адамың – қазіргі сөйлесіп отырғаның», деп атақты ғұлама Лев Толстой айтқандай, қадірлі Аймангүл апай, атқарып жүрген берекелі істеріңіз – өзіңізбен қанаттас жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге екендігі даусыз!
Қазіргі таңда адамзат өмір жолының асқар биігі – мерейлі жастың шыңына шығып отырған Сізді білікті маман, ұлағатты ұстаз, саналы ғұмырын Қазақстан ғылымын дамытуға, білімді ұрпақтар тәрбиелеуге арнаған зиялы да аяулы Қазақтың қызы ретінде таниды. Өмір жолыңызда еңбексүйгіштік, жауапкершілік, қоғамдық белсенділік сияқты нағыз азаматқа тән қасиеттеріңізбен ел игілігіне бөленіп, қызықты да күрделі сала – ғылым жолында атқарып отырған абыройлы істеріңіз атап өтуге әбден лайық. Қоғам игілігі үшін атқарып жүрген ерен еңбектеріңіз еліміздің нығаюына, ғылымның дамуына орасан үлес қосып отыр.
Өмір-керуенінде үзеңгілес құрбы-құрдастар, бір ұжымда еңбек етіп әріптес болған жандар көп болуы заңдылық. Бірақ солардың бәрімен бірдей ұзақ уақыт аралас-құралас болып кетуіңіз мүмкін бе? Әрине, жоқ. Жаныңа жақын тұтып, емен-жарқын араласуыңа себеп болар қасиет керегі анық. Ол – адам бойындағы адалдық пен мінез байлығы болса керек-ті. Айман апай жанының үлбіреген ұлпа қардай таза, гүлдей нәзіктігін сезінгенде нағыз қазақи әйелдің тұлғалық келбетін өлеңмен өріп, жалпақ жұртқа паш еткің келеді. Міне, табиғаттың үлкен сыйы – мінез байлығына ие болған Аймангүл апайдың адами келбетінің бір парасын ғана жазбамызға арқау еттік.
Н.М. Әшімбаева
А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарның кандидаты
Н.Қ. Шүленбаев
А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғылыми
қызметкері,
гуманитарлық ғылымдар магистрі