Жаңалықтар

Еденде сүйреген: дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыға қол көтерген

Қарағанды орта мектептерінің бірінен жанжал шықты. Дене шынықтыру сабағы кезінде мұғалім жасөспірімге қол көтеріп, оны еденде сүйреген, – деп жазды ҚазАқпарат.

Қарағандының танымал блогерлерінің бірі өзінің Instagram парақшасында шағымданып келген әйел туралы пост жариялады. Әйел он үш жасар ұлына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қол көтергенін хабарлаған. Оқытушы баланың басынан бір-екі рет соғып жіберіп, бүкіл сыныптастарының көзінше кеудешесінің капюшонынан тартып сүйреп өткен.

«Кімнің кінәлі екенін білмеймін, мүмкін менің ұлым бұл оқиға кезінде жағдайды өзі ушықтырған шығар, бірақ мұғалім балаларды ұрмауы керек, баланың бабын таба білуі керек», – деп жазады оқушының анасы.

Қарағандының білім бөлімі болған оқиға туралы мынадай түсінік берді: «Директор аталған факті бойынша қызметтік тергеу басталғанын айтты, болған жағдайға қатысты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі түсініктеме берді. Мектептің спорт залында бейнебақылау камерасы бар, бейнежазба бұл жағдайды объективті түсінуге көмектеседі. Қызметтік тергеу қорытындысы туралы қосымша хабарлаймыз».

Back to top button