Дүйсенбі, 20 Наурыз, 2023

Назарбаев Асқар Жұмағалиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады, – деп хабарлайды Ақорда.

Кездесуде Асқар Жұмағалиев Мемлекет басшысына ұлттық атом компаниясының 2016 жылғы 9 айда атқарған жұмысы туралы баяндады.

Қазақстан Президенті бұл сала өнімінің әлемдік нарықтағы үлесі жоғары екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – толық ядролық отын циклінің барлық үдерісіне қатысуға мүмкіндік алу. Бұл салада басқа елдермен өзара ынтымақтастықтың деңгейін арттыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы профильді емес активтерден арылу және трансформациялау бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.

Ұлттық атом компаниясы басқармасының төрағасы Елбасыға Үлбі металлургия зауытының аумағында зауыт салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінің аяқталғаны және қажетті жабдық өндірудің басталғаны туралы баяндады.

Бұған қоса, Асқар Жұмағалиев шетелдік серіктестермен арада биыл жасалған келісімдер және бекітілген келісімшарттар туралы, сондай-ақ  компания құрамынан профильді емес 26 активтің шығарылатыны туралы хабардар етті.

 

Back to top button