Жаңалықтар

29 қыркүйек: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтары құрылтайының алғашқы салтанатты мәжілісі өтті. Құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия және басқа 33 елдерден 800-ден астам өкіл қатысқан.

Құрылтайдың күн тәртібінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Үш күнге жалғасқан құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды. Түркиядан Дәлелхан Жаналтай, Қазақстаннан Мырзатай Жолдасбек қатарлы қайраткерлер Төралқа мүшелері ретінде бекітілген.

1994 жылы Польшада су астында бағдарлаудан халықаралық сайыста Қазақстан құрамасы ел тарихында алғаш рет жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды.

2000 жылы Семейде «Абай күні» атты І Халықаралық поэзия фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия және Жапониядан танымал жазушылар мен ақындар қатысты.

2009 жылы Алматыда «Сталинизм және Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы репрессия» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап «Зерде» мен Фридрих Эберт (Германия) қорларының бірлескен жобасы аясында жарық көрген. Осы уақытқа дейін жабық мұрағат қорларында сақталып келген тергеу материалдарын негізге ала отырып қазақ байларын, ишан, имам, молдаларды, сондай-ақ ұлттық саяси басқарушы топты жою үдерісі жеке адамдардың қайғылы тағдыры арқылы көрсетілген. Кеңес Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың 20-30-жылдары өз тарихында бұрын кездестірмеген зұлматты басынан кешіргені белгілі.

2011 жылы Қазақстанның мәдениетінде үлкен маңызға ие қазақ шеберлерінің орындауындағы үш дискілі опералық ариялар жинағы шығарылды.

2011 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академия әсері» бағдарламасына қабылданған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. «Академия әсері» – бұл әлемдік деңгейде мойындалған міндеттерді белсенді қолдауға, адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық далогта әлемнің 90 еліндегі 500-ден астам университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы.

2015 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері Германияның Штутгарт қаласында геодезия, геоинформатика және жерді пайдалану саласының Еуропадағы ең ірі «InterGeo-2015» халықаралық көрмесіне қатысты. Қазақстанның көрме стенді «KazEOSat-1» и «KazEOSat-2» ғарыш аппараттарын ұсынды. Оны мыңдаған адам көрді. Қазақстандық мамандары 30-дан астам елдің 50-ден астам ұйымының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

2016 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қазақ кино майталмандарына арналған жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты. Жұлдыздар аллеясына инооператор, кинорежиссер, продюсер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан-2001» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Ораз Рымжанов, кинорежиссер, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Шәріп Бейсембаев, кинорежиссер, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Қанымбек Қасымбеков, актер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Сағи Әшімовтің есімдері қосылды.

2017 жылы Румынияның Констанца қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Консулдық Румынияның алты – Констанца, Яломица, Кэлэраши, Джурджу, Телеорман және Тулча өңірлерін қамтиды.

2018 жылы БҰҰ штаб-пәтерінде Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртіп кодексіне қол қою рәсімі өтті. Аталған құжаттың пысықталуы 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастама аясында жүзеге асырылды. Кодекс алғаш рет қауіпсіздіктің, терроризммен күресудің және дамудың өзара тәуелділігін мойындайды және осылайша Тұрақты даму мақсаттарын алға ілгерілетуге ықпал етеді.

2018 жылы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бас жоспарының тұғырнамасы мақұлданды.

2018 жылы Ереван мемлекеттік университетінің жанындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының кітапханасына қазақ тіліндегі сирек кездесетін басылымдардың бірқатары сыйға тартылды.

2020 жылы қазақстандық ғалымдар биоүйлесімді желім өндіру технологиясын ойлап тапты. Қазақстандық ғалымдар моллюсктер желімінен жасанды синтезделген супержелім жасай алды. Хирургиялық желімнің жабыстыру күші бұрынғыларға қарағанда 100 есеге артық, алдағы уақытта ол хирургиялық тігісті алмастыра алады, жараның жазылуын тездетеді және тіс емдеуде қолданылады. Жоба қолға алынған сәттен бастап жоғары адгезивті беріктілігі жоғары және ылғалды ортада пайдалануға болатын рекомбинантты адгезивті ақуыз жасалды.

2020 жылы ақын Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа еңбек жарық көрді. Ақынның жауһар жырлары мен өмір жолындағы бірқатар тың зерттеулер үлкен энциклопедияға топтастырылған.

Back to top button