Қарқаралы ауданында серуенге шығып, жоғалып кеткен адамдар табылды

21 қыркүйек сағат 22:55-те Қарқаралы ауданының құтқару қызметіне Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жердегі демалыс аймағы маңында үш демалуышының адасып кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті.

Сағат 18:00 шамасында 1994, 1996 және 1997 жылғы достар орманға серуенге шығып, қайтар жолдан адасып кеткен. Кері жолды өз бетінше таба алмайтындарын түсініп, құтқару қызметіне қоңырау шалады.

Құтқару тобы жоғалған адамдармен телефон байланысын ұстай отырып, олардың шамамен орналасқан жерін анықтады.

«Іздеуге ТЖД құтқарушылары, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты. Сағат таңғы 05:00-де іздеу тобы жоғалған адамдарды демалыс аймағынан солтүстік-батысқа қарай 10 км қашықтықтан тауып, Қарқаралы қаласына жеткізді. Медициналық көмек қажет болмады», – деп мәлімдеді Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.

Құтқарушылар орманға барар алдында ауа-райы болжамын нақтылау, ұялы телефонды зарядтау, дәрі-дәрмек алу, туыстарыңызға қайда және қашан баратыныңызды хабарлау, олармен байланыста болу қажет екенін еске салады.

 

Back to top button