Соңғы кездері Ауғанстан күллі әлем назарына қайта ілікті. Оның себебі – осыдан жиырма жыл бұрын кіргізілген НАТО әскерлерінің ауған елінен шығарыла бастауы және ол үдеріс аяқталмай жатып, 2001 жылы биліктен күштеп тайдырылған тәліптердің қайта бас көтеріп, мемлекет аумағындағы елді мекендер мен қалаларды бірінен соң бірін қысқа мерзімде басып алуы. Көптеген жерде тәліптерге тіпті соншалық қарсылық та көрсетілген жоқ. Сөйтіп олар аз уақыттың ішінде ел астанасы Кабул қаласына басып кіріп, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани билікті тастап, шетел асып кетті.
Жалпы, Ауғанстан жері ерте дәуірлерден бері түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың ошағы болып келеді. Бұл жерге түрлі кезеңдерде парсы, түркі, араб, моңғол империяларының үстемдігі жүрген. Ал елдің ұлттық құрамына келсек, ежелден Ауғанстанды парсы, түркі тектес халықтар мекендеп келеді. Ауған аумағы осыдан екі ғасыр бұрын-ақ геосаяси ойынның нысанына айнала бастаған. Дегенмен, ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз қарсыласудың нәтижесінде ХХ ғасырдың басында Ауғанстан Англиядан тәуелсіздігін алды. Алайда ХХ ғасырда тәуелсіз мемлекет болған соң да бұл елде бірін-бірі мойындамайтын бірнеше билеушінің үстемдігі сақталып, мемлекет билігіне таласу мен әскери қақтығыстар толастаған жоқ. ХХ ғасырдың соңына қарай Ауғанстанды басқарып отырғандар өз билігін сақтап қалу үшін сыртқы күштердің көмегіне сүйенді. Соның себебінен 1979 жылдың соңында Кеңес Одағының әскері еніп, ол он жылға жуық уақыт ауған жерінде соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскері ауған еліне кірген бойда елдің бұрынғы үкіметіне қарсы топтар «кәпірлерге» қарсы соғысу Отанды азат ету жолындағы қасиетті соғыс деп санап, елді соған үндеді. Әрине, оған түгел ауған елі еріп кете қойған жоқ, бірақ «басқыншыларға» қарсылардың да қарасы аз емес еді. Сөйтіп ауған жеріндегі 10 жылдық соғыста 16 мыңдай адамынан айырылған Кеңес әскерін көп шығынға батырған нәтижесіз ұрыс қажытып, 1988 жылдан Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті соғысты тоқтатып, елден шығарыла бастады.
1996 жылы Ауғанстан билігін Талибан ұйымы басып алды да, радикал ислам канондарын ұстанатын тәліптер елді шариғат үкімдері бойынша билей бастады. Талибан қозғалысы туралы айтар болсақ, о баста оны Пәкістанның әскери барлау қызметі Үндістанға қарсы құрған деп есептеледі. Яғни Кашмирдегі жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында бұл ұйым әлі күнге Пәкістанның бейресми қолдауына сүйенеді дейді әлемнің көптеген саяси сарапшылары. Талибандар елді шариғат заңдарына сай басқаруды қолдайды. Олардың ұстанымдары қыз балалардың оқуына, әйелдердің жұмыс істеуіне, көшеде жабық киімсіз және күйеуінен бөлек жүруіне тыйым салады. Сол сияқты теледидар көру, зайырлы мемлекеттердегідей өмір сүру салтын бекерлейді және соны қолдайтындарды аяусыз жазалайды.
2001 жылы Ауғанстандағы тәліптердің билігіне бес жыл толғанда сол кезде яғни, 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк Дүниежүзілік сауда ұйымының ғимаратына лаңкестер тарапынан шабуыл жасалып, содан бастап әлемде терроризмге қарсы іс-қимыл үлкен қарқынмен жүре бастады. Солайша, осы шабуылды ұйымдастырды деп саналған, Ауғанстанда жасырынған Әл-Каида ұйымын құрту үшін АҚШ әскері елге басып кіріп, аз уақыттың ішінде жақсы қаруланған әлемнің ең мықты әскеріне қарсы тұра алмаған Талибан үкіметі тас-талқан боп жеңіліп, биліктен тайдырылды. Сөйтіп Ауғанстанда АҚШ-тың және халықаралық ұйымдардың көмегімен жаңа үкімет пайда болды. Содан жиырма жылдай уақыт өткенде Ауғанстанды бақылауында ұстаған АҚШ билігі өткен жылдан бастап әскерін аз-аздан әкете бастаған. Бұл жағдай жиырма жыл бойы астыртын күресіп келген тәліптерге қозғау салып, олар елден АҚШ әскері әкетілген сайын әрекетін күшейте бастады.
Ауған үкіметінің АҚШ әскерилері дайындаған 300 мыңға жуық әскери күші бар деп саналатын еді. Алайда олар саны 70-80 мыңнан аспайтын Талибан әскеріне қарсы тұра алмай, елдегі елді мекендер тәліптердің қолына өте бастады. Кей жағдайда Ауғанстан үкіметінің әскері елді мекендерді соғыссыз тастап шықса, бір жерлерде олар тәліптер жағына өтіп кетті.
2021 жылдың 15 тамызында Талибан қозғалысы Ауғанстанның барлық аумағын толықтай өздеріне қаратқанын және Ауғанстан ислам әмірлігі атты мемлекет құратынын жариялады.
Ауғанстанның барлық елді мекендерін, ірі қалаларын аз уақытта басып алып, өз билігін жүргізген тәліптер ел түрмелеріндегі өздерінің жақтастарын босатып алды. Олардың қарқынынан сескенген елдегі мықты қолбасшылардың бірі саналатын елдің вице-президенті, маршал Абдул-Рашид Достум бас сауғалап Өзбекстанге өтіп кетсе, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани бұдан әрі тәліптерге қарсы тұрып, өз билігін сақтап қала алмайтынын түсініп, Ауғанстан аумағынан ұшақпен шығып кетті.
Бұдан кейін ауған елінде күшті дүрбелең басталып, көптеген мемлекеттің елшілері, шетел азаматтары мен әскерилері Кабулды тастап, өз елдеріне қайта бастады. Кабул әуежайында барлық әуе рейстері тоқтатылып, одан тек әскери ұшақтар ғана ұшырыла бастады. Бұрын НАТО әскеріне көмектескен қарапайым ауған халқының өкілдері Кабул әуежайына басып кіріп, мүмкіндігінше кез келген әскери ұшақпен елден шығып кетуге асықты.
Осы жылдың мамыр айынан бастап 400 мыңдай ауғандық елден кетіп қалған. Оған үлгермегендері елде дүрбелең басталғалы қай елге болса да кетіп қалуға тырысып жатыр.
Қалай дегенде де Ауғанстан билігіне тәліптер қайта келді. Бірақ оларға қарсы шығып, өз аймақтарын қорғап жатқан лидерлер бар. Ахмад Масуд, Абдул Рашид Дустум секілді тұлғалардың ізіне ерген халықтың елдегі талибан режиміне қарсы екені белгілі. Демек, ауған елінде азаматтық соғыстың жуық арада тоқтамауы да мүмкін.
Қазір тәліптер билігіне көшкен Ауғанстан мемлекетінің болашағы туралы әлемнің барлық елінде қызу дискуссия жүріп жатыр. Біреулері Ауғанстан діни авторитаризмнің құрсауында дамымай кері кетеді десе, тағы біреулер елде жемқорлық жойылып, наркоөндіріс тоқтатылады, сөйтіп ауған елі дамудың өз жолын табады деп болжам жасап жатыр. Не болса да, уақыты келгенде бәрі белгілі болар. Ал қазір әлемдік қауымдастық елдегі бейберекеттіктің тоқтауына мүдделі.
Дос КӨШІМ,
саясаттанушы:
АУҒАН ЕЛІН КҮШТЕП ӨЗГЕРТЕМІН ДЕУ – ҚАТЕ
– Талибан қозғалысы қысқа уақыттың ішінде қалай жеңіске жетті? Бұл соншалық күрделі, бас қатыратын мәселе емес, өйткені оны ауған халқының басым көпшілігі қолдамаса, олар жеңіске жетпес еді, саны соншалық көп те емес тәліптер ауған билігін тұғырдан тайдыра алмас еді деп ойлаймын. 1996 жылы Ауғанстанда пуштундар арасында пайда болған бұл қозғалыс («Талибан») өкілдері Молла Омардың бастауымен ауған үкіметін құлатып, билік басына келді. 2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға кірген соң олар жеңіліп биліктен кетуге мәжбүр болды.
Қай кезде болса да ауған халқы сырттан келгендерді ұнатпаған. 1979-1989 жылдары Кеңес үкіметінің әскерлері Ауғанстанда тұрған кезде де ауған үкіметіне оппозицияда болғандар (душмандар) сырттан енгізілген әскерлерге қарсы шығып соғысты. Тең емес күште олар, әрине, көп шығынға ұшырады, бірақ қарсыласуын тоқтатқан емес. Сондай жағдай елде америкалық әскерлер тұрған жиырма жылда да болды. Ауған халқының басым бөлігі өзінің ұлт-азаттық күресін ешқашан тоқтатқан емес.
Әрине, Ауғанстанда Кеңес үкіметі де, АҚШ-та халыққа білім беруде, түрлі ғимараттар салып азды-көпті өндіріс орындарын ашуда көмек көрсетті, бірақ бәрібір жергілікті елдің санасында сырттан келгендер басқыншы ретінде қалыптасты.
Талибан қозғалысын біз содырлар деп санағанымызбен ауған елінің ішіндегі халық олай деп қарамайды, себебі тәліптер – сол елдің ішінен шыққандар. Демек, бұл орайда «содырлар» деген түсінікті жалаулату дұрыс емес. Өйткені талибандар өзге елге барып соғыс ашқан жоқ қой!
Әрине, мен талибандарды қолдап отырған жоқпын, олар туралы бұрын да, қазір де «қанішерлер», «халықты жауыздықпен қырушылар» деген сөздер айтылады. Мен Ауған халқының таңдауын қолдаймын. Егер не ауыр қару-жарағы, не ұшақтары мен электронды қарулары жоқ тәліптер екі аптада өздерінің биліктерін орнатса, сырт елдер ойлануы керек. Тіпті елден одақтастардың армиясы кеткен соң «Ауғанстан терроризмнің жаңа базасы болады» деп те жатыр, бірақ бұл Батыс Еуропаның және Американың идеологиясының сөзі деп ойлаймын. Сондықтан ондай сөздерге сене беруге болмайды.
Қазір елден кетіп жатқандар көп, олар – елде әскері жиырма жыл тұрған АҚШ әскерін, басқыншылардың саясатын қолдағандар. Олардың Ауғанстанды тастап кетуі қалыпты жағдай. Қашқандардың Орталық Азиядағы Ауғанстанмен шекаралас елдерге келуі мүмкін, бірақ көп келеді деп ойламаймын. Қазақстан болса, Ауғанстанмен шекаралас ел емес, сол үшін олардың бізге ешқандай ықпалы, қорқынышы болуы мүмкін емес. Басқалардың сөзіне еріп, өзімізге жау тауып алудың қажеті жоқ. Кеңес өкіметі жүргізген ауған соғысында екі жарым миллион ауғандық қаза болды, олардың басым көпшілігі – бейбіт адамдар, бала-шаға мен кемпір-шалдар...
Қазір Ресейдің, Қазақстанның елшіліктері Ауғанстаннан кеткен жоқ, оларды тәліптер қорғап тұр деп жатыр. Демек, тәліптер ауған мемлекетінің сақталуына мүдделі. Олар барлық елшіліктен елден кетпеуін, қызметін жалғастыра беруін сұрап жатыр. Сондықтан мұндай аласапыран кезде болуы мүмкін түрлі әрекеттерден зиян шекпес үшін шетелдіктерді қорғауы заңды.
Бір қызығы, Талибан қозғалысы – Ресей мен Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ұйым. Бірақ оларды Ресей мен Қазақстанның содыр деуі, тыйым салынған ұйым ретінде тануы қаншалықты дұрыс? Олар Ресеймен не бізбен соғысқан жоқ қой! АҚШ пен Батыс Еуропа тәліптерді өркениет пен демократияның жауы ретінде бағалап, олардың ауған билігінде болғанын қаламағандықтан «содыр», «лаңкес» деп таниды. Бірақ елді шариғат заңына сүйеніп басқарамыз деу − тәліптердің қалауы. Былайша айтқанда, тәліптер билігіне көшкен елдің ішкі ісі. Ертең тәліптер мемлекет басына келіп, ресми түрде басқа елдермен қарым-қатынасқа түскенде, президенті Қазақстанға келгенде, біз қандай жағдайда боламыз? Оны да ойлауымыз керек.
Иә, елді шариғат заңымен басқарамыз деп жатыр, алға қойған идеологиясы да осы. Шынын айту керек, жемқорлық пен нашақорлық деген нәрсеге ислам елдері қатал қарайды. Тәліптер де Ауғанстанда наркотик заттар өндіруді тоқтатамыз деп жатыр. Егер тоқтатса Тәжікстан арқылы әлемге таратылып жатқан наркоөнімдер тыйылады, ол бізге де жақсы емес пе? Бірақ әлемдегі наркотиктің таралуына, сатылуына мүдделі топтар оған қарсы болады, бұлардың бәрі радикал, жауыз деп шулайды. Өйткені олар өздеріне келіп отырған наркотик өнімдерден айырылайын деп отыр.
Әрине, мынадай экономикасы қирап, бүлініп жатқан елді ел қылу тәліптерге оңай соқпасы анық, бірақ оған көмектесетін, инвестиция салатын елдер бәрібір табылады. Олардың қатарында ислам елдері болатыны анық. Сондай-ақ Қытай сияқты пайда табамын деген елдер де инвестиция құюы мүмкін. Демек, сырттан келген қаражатты дұрыс пайдаланса, жемқорлықты жойса болашақта ауған елінің дамитыны анық.
Әр елдің даму жолы, болашақты таңдауы әртүрлі. Сондықтан Батыс Еуропа елдерінің, АҚШ-тың Ауғанстанды күштеп өзгертемін деуі жүзеге аспады. Кезінде Ауған еліне әскер кіргізіп, мылтықтың күшімен он жыл тұрған Кеңестер Одағының да саяси мақсаты жүзеге аспай, ешнәрсе өзгерте алмай, масқара болып үдере қашты. Әрине, олар өздерін қуып шыққандарды жамандап, зұлым күш ретінде көрсетуге күш салады. Тағы қайталаймын, Ауған елінің ішкі мәселесіне баға бергенде, басқыншылар тарапынан таралып жатқан идеологиялық «үрей мен қорқыныш» мәселесіне абайлай қарайық.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы журналист:
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАТҚАН ЕЛДІ ТӘЛІПТЕР ОҢАЙ ҚҰЛАТТЫ
– Ең алдымен айтатын нәрсе, тәліптердің жеңісі расымен тез әрі көз ілестірмес жылдамдық негізінде өтті. Провинциялар бірінен соң бірі құлап жатты. Бұны тіпті «тәліптік блицкриг» десек те болады. Бұл тұрғыдан оларға аса қатты қарсылық та көрсетілмеді. 20 жыл бойы НАТО тарапынан үйретіліп, жауынгерлік жаттығуларда ысылған кәсіби сарбаздар қалайша жылдам жеңілді деген сұрақ барлығымыздың көкейімізде бар. Бақандай 88 млрд долларға жасақталған әскердің кей тұста тіпті бір оқ атпастан беріліп жатқанын да көрдік. Бұл әрине бір емес, бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, Ауғанстан – жемқорлыққа батқан ел. Transparency International-дың рейтингінде 180 елдің ішінде Кабул 173 позицияда тұр. Ауғанстанға батыстық коалиция әскери салаға қаржыны аямай бөлгендіктен, бұл салада жемқорлық орасан зор деңгейде болды. Тіпті статистикада 300 мың деп көрсетілген сарбаздың, шындығында, үш есе аз болғаны да айтылып қалды. Яғни билік барынша қаржыны қымқырып қалуға, ыңғайы келсе жымқырып қалуға тырысқан сәттер болмады емес, болды. Оның барлығы да сарбаздардың сапасына, рухына, әскери дайындығы мен қамтамасыз етілуіне, тіпті санына да әсер етті. Алғашқы себеп осы.
Екіншіден, көптеген провинция басшылары қаланы ұрыссыз беруге шешім қабылдады. Оны бейбіт халықты сақтап қалу үшін деп атағанымен, шындығында олар не тәліптерге ақшаға сатылды, не олардың бопсалауы мен қорқытуынан кейін осындай шешімге барды. Ал кейде тіпті этникалық жағдайға байланысты, пуштундар көп тұратын аймақтар тәліптерге бүйрегі бұрған сәттер болды.
Үшіншіден, ел басшысы солқылдақтық танытып, нақты бұйрықтар бермеді. Авиация мен арнайы жасақ тым аз қолданылды. Соңғы сәтке дейін Қорғаныс министрлігі бұйрық күтіп отырды, оны тіпті ашық айтып, президентті «сатқындық жасады» деп те айыптады. Расымен астананы ұрыссыз бере салған басшыға олар басқа баға бере алмас еді. Сондықтан Ауғанстанды тәліптердің жылдам басып алуын бір себеппен сипаттау мүмкін емес. Жемқорлық, саяси жігердің жоқтығы, этникалық мәселелер, сатқындық және басқа да себептер бар. Бұл біз білетін тұсы ғана, ал білмейтін тұсы, көлеңкелі жағы жетерлік.
Дегенмен қазір Ауғанстан толық тәліптердің қолында емес. Әлі де лаңкестердің туы тігілмеген елді мекендер бар. Соның бірі – тұтастай Панджшер аймағы. Бұл әйгілі Ахмад Шах Масудтың өлкесі, халқының құрамы 90 пайыздан астам тәжіктерден құралған аймақта «Талибан» туы тігілген емес. Тіпті 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған тәліптер бұл аймақты ала алмаған. Қазір әкесінің жолын ұлы Ахмад Масуд жалғастырып жатыр. Ол тәліптермен соғысуға дайын екенін білдіріп, мәлімдеме де жасады. Оған көмекке генерал Дустумның жасақтары мен үкімет әскерінің аз бөлігі барып қосылды. Бұл – тәліптерге қарсы бір күш.
Екінші күш қазір Бағлан аймағында тәліптерге қарсылық көрсетіп жатыр. Олар қолбасшы Дадгардың қоластында қимылдап, үш ауданды лаңкестерден азат етті. Бағлан аймағы Панджшермен шектесіп жатыр, сондықтан болашақта екі топтың өзара қосылу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар вице-президент Салех қазір Конституцияға сай өзін президент деп жариялап, тәліптерге қарсы күресін жалғастырып жатыр. Оны сырттағы ауған елшілері елдің легитимді басшысы санайды. Қазіргі бұл күштер тәліптерге қарулы қақтығыстың бір деңгейін ғана көрсетті. Олардың үлкен күшке айналу мүмкіндігі бар, бірақ көп емес. Себебі қарсыласу күштері елдің қақ ортасында орналасқан, жан-жақтан көмек келуі екіталай. Ал сыртқы күштер көмек көрсетпейтінін анық айтты. Сондықтан тәліптер бұл күштерді толық жоя алмасына көз жеткізсе, екі тарапқа да тиімді ұсыныс жасауы мүмкін. Мысалы, ол ұсыныс үкімет құрамында қарсыласу күштерінің де адамдарын енгізу болмақ.
Тәліптер қазір 20 жыл бойы Батыстық коалиция жасаған жұмысты жоққа шығаруды бастады. Атап айтқанда, адам құқығына қатысты өзгерістерді құрдымға жіберіп жатыр. Бұл әсіресе әйел мен қыздарға қатысты тыйымдардың көбеюімен көрініс тауып отыр. Сонымен бірге олар елде демократия болмайтынын, сайлау өткізілмейтінін ашық мәлімдеді. Енді тәліптер жаңа Конституция жазып, діни шарттарды сонда толық бекітіп тастамақ. Салық, білім алу, кәсіпкерлік жасау және басқа шарттардың барлығы дерлік өзгереді.
Ал талибанның Орталық Азияға тікелей ықпалы болуы екіталай, алайда идеологиялық ықпалы мол болмақ. Бұл діни радикализмді аймаққа экспорттаумен көрініс табуы мүмкін. Сонымен қатар олардың жеңіске жетуі іштегі радикалдық көзқарастағы жандарды да желпіндіріп отыр. Бұл ҰҚК-ға үлкен жұмыс табылды деген сөз...
Ахмет ӨМІРЗАҚ