Жаңа оқу жылы: Ұстазға – сабыр, оқушыға – төзім

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар дәстүрлі оқу фор­матына дайындалып жатыр. Биыл сегіз мыңға жуық мектеп дәстүрлі фор­мат­та жұмысын жалғастырады. Екі жылдан бері қашықтан білім алған оқушылар үшін – көптен күткен қуаныш. Жаңа оқу жылында елең еткізген екі жаңалықтың бірі – әліппе оқулығы мен ана тілінің оралуы. Одан кейін қазан айында елге келетін Pfizer екпесінің 12 жастан асқан балаларға салынуы. Өзге де ауыз толтырып айтатын дүниелерді сараптадық.

Жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыр­­­­­­күйектен басталып, 34 ап­та­ны қам­­тиды. Биыл да жыл соңында тағы 4 апта жазғы мектеп ұйымдастырылады. Мем­лекеттік мектептерден гөрі жекеменшік мек­тептердің саны артып, білім беру сапасы та­ғы бір сатыға көтерілмек. Ресми мәлімет бойын­ша, жаңа оқу жылында 7475 мектепте 3,6 млн-нан астам оқушы білім алады. Биыл 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа бара­ды. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта болғанымен, қашықтан оқу кезінде білім сапасындағы олқылықтарды толтыру бойынша кешенді жұмыс жүргізу басталды. Ха­лықаралық тәжірибеде жүргізілген қа­шықтан оқытудың нәтижесіне сүйенсек, жаңа оқу жылында негізгі пәндер бойынша был­тырғы қиын тақырыптарға көбірек са­ғат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзету жос­парланған. Сонымен қатар үлгерімі на­шар балалармен де қосымша сабақ өту қарас­тырылған. Тамыз айынан бастап пән мұға­лімдері де біліктілікті арттыру кур­сы­нан өтіп жатыр. Елімізде індет бас­талғалы қа­шықтан білім алған оқушылардың үлгері­мі төмендеп кеткені айтылған еді. Тіпті биыл мамыр айында республикалық педа­го­гикалық кеңесте Қазақстанның білім жүйе­сі «бұдан әрі қашықтан оқуға шыдай ал­майды» деген сөзді де құлақ естіді. Эпи­демиялық ахуал ауыздықталмай тұрса да, дәстүрлі форматтың оралуын естіген қоғам пікірі екіге бөлінді. Оффлайн оқудың артықшылығы көп. Алайда ата-аналар балалар вирус тасымалдаушы болады деп алаң­дайды. Сол үшін де қоғамда алаң­дау­шылық туып отыр. Жаңа оқу жылында оқу­­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жә­не денсаулығын сақтау үшін арнайы санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабыл­данған. Мектепте маска тағып жүру ре­жимі енгізілген. Барлық білім беру ұйым­дарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекция шаралары өткізі­ле­тін болады.

БАЛАЛАРҒА ВАКЦИНА САЛУ – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

– 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын салу ұсынылды. Біз 12 жастан асқандарды на­­­зарға алып отырмыз. Балалар жасына на­зар аудара отырып, олар вакцина сал­дыру­ға мүмкіндік алды. Тиісінше, азаматтар вак­цина алу керек пе, жоқ па өздері шешеді, бірақ біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вак­­цина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штам­­дар балаларға әсер етеді, – деді Ден­сау­­лық сақтау министрі Алексей Цой. Сон­дай-ақ министр вакцина ерікті түрде бола­ты­­нын да айтып өтті. Тамыз айының ал­ғаш­қы онкүндігінде жарияланған мәлімет бойын­­ша, білім мекемелеріндегі педагог­тер­дің 93,1 пайызы және басқа қызметкерлердің 88,4 пайызы КВИ-ге қарсы вакцина алған. Қа­зір коронавирусқа шалдыққан науқастың 6 пайызы – балалар. Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің мәліметінше, шілде айында ба­лалардың дерт жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп, жалпы саны 13 047-ге жеткен. Дәрі­гер­лердің айтуынша, барлық мекемелерде ұжымдық иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Сол кезде ғана індеттің беті қай­тып, аты жаман ауру бәсеңдейтін көрінеді. Жалпы, мамандар екпе алу профилактика үшін керек деген тұжырым жасап отыр.

                                                МӘСЕЛЕ КИІМДЕ ЕМЕС, ЗЕЙІНДЕ
Оқушылар мектеп формасын киюге мін­детті ме? Ата-аналарды алаңдат­қан сауалға Білім және ғылым министрі бы­лай жауап берді: «Мектеп формасын қол­дағандар мен қарсылық білдіргендердің пі­кірін саралап, барлық жағдайды ескере оты­рып, біз оқушыларға мектепке тек мек­теп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүм­кіндік беретін шешім қабылдадық», – деді Үкімет отырысында. Әлемді жайлаған ін­дет түрлі салаға шығын әкелді. Соның
бірі – сауда-саттық кәсібі. Пандемия сал­дары­нан арнайы мектеп формасын тігетін тігін шеберханалары жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болды. Кейбір мектеп мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары оқу­шылар арасында әлеуметтік теңсіздік ор­нап кетуінен қауіптенеді. Десек те, мектеп фор­масының міндеттелмеуі ата-ана қал­та­сына да салмақ болмайтыны анық. Сон­дық­тан биыл классикалық үлгіге рұқсат етілуі түйінделген мәселені шешкендей бол­ды. Десек те, мектеп формасы оқушының жауап­­­­­кершілігін арттыратын негізгі фактор еке­нін естен шығармаған жөн.

                                  ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӘЛІППЕ, СЫНҒА ІЛІККЕН – САУАТ АШУ
Білім және ғылым министрінің ай­туын­ша, биылғы оқу жылында екі об­лыс бойынша оқулықтар жеткіліксіз. Олар – Түркістан және Павлодар облыс­тары. Аталған облыстарда қосымша қаржы бө­лініп, бұл мәселе шешіліп қалар деген үміттеміз.
Білім күні 1-сынып оқушылары үшін ал­ғашқы қоңырау ұйымдас­тыры­ла­ды. Ал 2-11 сынып оқушылары бекітілген ка­бинеттерге барып, тақырыптық сынып са­ғаттарына қатысады. Алғашқы қоңырау сал­танаты кезінде алғаш мектеп табал­ды­ры­ғын аттаған бүлдіршіндерге Әліппе оқу­лығы табысталатын болады. Бес жыл бұрын оқу­лықтың атасы атанған Әліппе себепсіз алы­нып, Сауат ашу енгізілген болатын. Бұл жаңа­лық қоғам наразылығын тудырып, сын­ға ұшырап еді. Биыл жоғалғанымыз та­­­былып, сөнгеніміз қайта жанғандай қуан­дық. Алайда, білім төңірегінде әңгіме қоз­ғалғанда оқулықтың олқылығынан ай­на­лып өте алмаймыз. Әлі күнге дейін оқулық дауы жалғасып келе жатыр. Кінә кімнен, қате неден?!. Әліппемен қауышатынына қуан­­­ған қоғамды енді оқулықтың мазмұны қы­зықтырады. Ғасыр құрдасына айналған оқу­лық ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының не­гіздемесінде әзірленген. Жалпы оқулық ал­мастыру – білім беру реформасы бола ала ма? Бұрынғы әдістеме қазіргі заман талабын қан­ағаттандыра ма? Осы және өзге де оқу­лық мәселесін мамандардан сұрап көрдік.

  zhuldyzЖұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі:

 PISA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІН ӘЛІППЕГЕ ЕНГІЗГЕН ЖӨН
– Әліппе – білім бастауы. Мәжіліс де­пу­таты Жанарбек Әшімжанмен бірге Әліп­пе­нің мазмұнына қатысты депутаттық сауал жолдадық. Тиісті жауап хат та келді. Бұрын бас­тауышты бітірген екі буын Әліппені оқы­мады. Сондықтан бастауыш сынып мұ­ға­лім­дерін қайтадан жазғы кезеңде Әліппені оқы­ту методикасы бойынша біліктілікті арт­тыру курсынан өткізу ауадай қажет. Әліп­педен кейін оқытылатын Ана тілі оқу­лығы арасындағы пәндік мазмұндық пә­нара­лық байланысының сабақтастығын сұра­дық. Білім және ғылым министрі жаңа әліп­пе А.Байтұрсынұлының әдістемесі негі­зінде әзірленетінін айтты. Жаңартылған бі­лім мазмұны мен оқушылардың оқу сауат­тылығын дамытуға арналған мето­ди­калар­дың да ескерілгенін атап өтуге болады. Одан кейін біз назар аударған дүние мыналар: оқу­лықтың сыртқы дизайны мен иллюстра­ция­сы. Балалардың жас ерекшеліктеріне қа­рай тапсырмаларды оқушылардың орын­дай алатын қабілетін де ескерген жөн. Бірақ ше­шімді қабылдаған – эксперттік кеңес. Ға­лымдар мен мектеп мұғалімдері, оқулық ав­торлары мен сарапшылар бірігіп, осы нұс­қаны қабылдады. Сондықтан кеңеске се­нім артамыз. Биыл 400 мың бала 1-сы­нып­тың табалдырығын аттайды. Сол 400 мың баланың ата-анасы мен қоғам мү­ше­лері, көпжылдық еңбек өтілі бар, бастауыш мек­тепте білім берген ұстаздардың да пікірі назарға алынуы керек. Осы жолғы Әліппеде көп нәрсе ескерілді деп ойлаймын. Тағы бір мә­селе бар. Әлемде оқушылардың оқу сауат­ты­лығы халықаралық стандартқа сай бекі­тіл­ген PISA халықаралық тестімен баға­ла­на­­ды. Сол оқу сауаттылығының бағалау ал­­ғышарттары әліппеге де енгізілсе деген ұсы­ныс болған. Әуелі жеңіл, сосын сатылай күр­делене түсетін тапсырмалар берілсе ба­ла­ның дағдысы дамитын еді. Білім саласы – үнемі үздіксіз дамып отыратын сала. Жыл­дам әрі үнемі өзгеруді қажет ететін ақ­парат­тық заманда өмір сүріп жатырмыз. Оқу­лық­тар­дың сапасын арттыру үшін ең алдымен оқу­лықтарды әзірлеу, басып шығару, сарап­тамадан өткізу секілді ұйымдастыру мә­се­лелері Үкіметте немесе Білім және ғылым ми­нистрлігінің толыққанды жауапкер­ші­лі­гінде жүзеге асырылуы қажет.

    2bd9ed75 c83d 4637 8707 db57d23c8ca3Шынар ҚАПАНТАЙҚЫЗЫ,
    педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

 ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫ БАСПАҒА ӨТКІЗБЕЙ ТҰРЫП, ҚОҒАМ БОЛЫП ТҮЗЕСЕК
– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мама­ны­мын. Студенттеріме өзіндік жұмыс ре­тінде үнемі оқулықтарға талдау жасатамын. «Біткен іске сыншы көп» деген бар ғой. Сол оқу­лықтар баспадан шықпай тұрған кезде okulyk.kz сайтына жарияланып, халық тал­қысына ұсынылады. Сол кезде белсенділік көрсету қажет деп ойлаймын. Солай бас­па­дан сапалы оқулық шығуына әркім өз үле­сін қоса алады. Елімізде оқулық сапасын жан-жақты бағалаудың ауқымды жүйесі жасалған. Ол жерде мамандар тарапынан оқу­лықтың сыртқы түрі, безендірілуінен бас­тап, психологиялық, тәрбиелік, дамы­ту­шы­лық әсерімен қоса, ғылыми, дидакти­ка­лық, ақпараттық, тілдік, әдістемелік маз­мұны­на дейін түгел қамтитын жүзге тарта өл­шемшарт бекітілген. Олар үнемі то­лық­тырылып отырады. Ең бастысы деп айтуға келмейді, әрқайсысы маңызды, өйткені бәрі бір-бірімен тығыз байланыса келіп, біртұтас сапалы дүниенің дайындалып шығуына ке­шенді түрде ықпал жасайды. Әрине, ең ал­дымен ғалымдар мен практик мұғалім­дер­ден тұратын тікелей мамандар ұжымы жұмыс істеуі қажет. Жақында бір жобаның басы-қасында жүрдім. Әріптестерімізге оқу­шының жас ерекшелігін ескере отырып, ойды нақты жеткізуге қажет тілдік құралдар мен бірліктерді іріктеуде, сөйлемдерді сти­льдік тұрғыдан дұрыс құру үшін лингвист ма­мандардың көмегі аса қажет екеніне кө­­зім жетті. Нағыз өз ісіне берілген, білімді мамандардан тұратын ұжым болса, пікірдің бәрі тыңдалып, ең тәуірі жарыққа шығар еді.

    dauren sagyngalievДәурен САҒЫНҒАЛИЕВ,
   «Білім беру саласының
 үздігі», тарих және құқық пәнінің мұғалімі:

 МАЗМҰНЫ БАЙ, ТІЛІ ШҰРАЙЛЫ ОҚУЛЫҚ КЕМШІН
– Мектептердің дәстүрлі оқу форматына көшуіне қатысты мәселеде қоғамның пікірі екіге жарылды. Десек те, білім беру жүйесі қа­шықтан оқытудың тағы бір жылына тө­теп бере алмайтыны да есепке алынды. Бі­лім ордаларында тиісті дәрежеде са­ни­тар­лық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі форматқа көшу – қажет­ті­ліктен туған дүние. Білім сапасының тө­мен­деп кетуі ата-ана, педагогикалық орта тара­пынан жиі көтерілгендіктен дәстүрлі фор­матқа көшуіміз де заңдылық. Алайда ба­ла денсаулығына қатысты мәселе туын­дай­тын болса қашықтан оқытуға байланыс­ты шаралар кезек күттірмей қабылдануы керек.
Оқулық сапасына қатысты мәселе жа­қын күндері шешімін табады деу қиын. Оқулық дайындап шығару – ғылыми тұр­ғыдан күрделі проблема. Академик А. Кол­могоров оқулық жазуды реактивті ұшақ жа­саумен теңестіруі де тегіннен-тегін емес. Біз­дің елдегі оқулықтану ғылымының жет­кі­лікті деңгейде дамымауы, авторларды ірік­тейтін ғылыми мекеменің болмауы, оқу­лықтардың қысқа мерзімде дайындалып шы­ғуы тақырыпқа қайта оралуға мәж­бүр­лейді. Қоғам тарапынан жиі сынға ұшы­ра­ған бұл мәселеге ғылыми негізде кірісетін кез жетті.
Мектеп оқулығы бәріне тұтас баға беру­ге келмейді. Себебі оқулықтың маз­мұнына баға беру үшін сол пәнге қатыс­ты тиісті білім мен біліктілік дәрежесі талап етіледі. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқу­лықтарды парақтай отырып, өзім бай­қа­ған бір құбылыс оқулықтардың бір са­рын­­­ды жазылуы. Яғни, ғылыми стильге ба­сымдық бере отырып, қандай да бір та­ри­хи кезең не шығарма өзінің құнарын жо­ғалтып алғандай көрінеді. Бұл жерде де­рек пен дәйекті теріске шығарып отырған жоқпыз. Алайда педагог ретінде мені ба­ланың жас ерекшелігіне бейімдеп, оның қы­зығушылығын арттырып, қазақ хал­қы­ның бай рухани мұрасы мен тілінің құ­ді­рет­тілігін танытатындай оқулықтың бол­мауы алаңдатады. Оқулық мазмұны ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге ықпал етпесе, келешекте ұлтқа қызмет қылатын ұрпақ қайдан болсын?!

Елдос НҰРЛАНОВ, Eldos Nurlanov«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:

 ОҚУЛЫҚ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС
– Биылғы жаңалық оқулықтың әр бе­тіне QR кодын енгізгеніміз десек болады. Оқу­лықтағы мақал-мәтел, өлеңдерді оқушы ска­нерлеу арқылы аудио нұсқасын тыңдай ала­ды. Орыс тіліндегі Букварьға да дәл осын­­­­дай функция орнатылған. Бұл – цифр дәуірінің дамығанының дәлелі. Заңнамаға сәй­кес оқулықтар бес жыл сайын жаңарып оты­рады. Жаңарудың жолы – оқулықты қай­та басу немесе бұрын қолданылған оқу­лық­қа түзету мен толықтыру енгізу. Елімізде кітаптарды басып, әзірлеу мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние емес. Мемлекет тек сапасына қатысты сараптама өткізеді. Қазір 40-қа жуық баспа бар. Олардың 20-сы ай­тарлықтай белсенді. Қанша оқулық жа­рық көрсе, сонша сын-пікірдің астында қа­­­ламыз. Алайда деректерге қарап сөйлеген дұрыс. Өйткені оқулықтардың сапасына қа­тысты алып-қашпа әңгіме көп.
Азаматтық қоғам қалыптастырып, де­мок­ратияға бетбұрыс жасап жатырмыз. Сон­дықтан әркімнің пікір айтуға құқығы бар. Оқулықты үш жарым миллион оқушы те­гін қолданады. Оқушының қасында ата-ана­сы, әжесі бар. Олар баласымен бірге са­бақ оқуға ынталы екен. Карантинде осыған кө­зіміз жетті. Сізге өтірік, маған шын, осы күн­ге дейін 7-8 миллион адам оқулық тура­лы пікір білдірді. Сондықтан оқулықтың олқы­лығы мәселесіне оралмау мүмкін емес. Одан кейін қоғам сұранысын қанағат­тан­дыратын әмбебап оқулық құрастырып шы­ғару – шындыққа жанаспайтын дүние. Ор­талығымызда сын-ескертпелерге үнемі ба­қылау жүргізіледі. Оның басым көпшілігі рас­талмайды. Сын-пікір айтатындар маман бол­май шығады немесе жеке субъективті пі­кірін айтады. Кейбіреулер фейк ак­каунт­тар арқылы әдейі дау шығарып, арандатып отырады. Әлеуметтік желінің жазылмаған заңдылығы бойынша олар шын ақпараттан гөрі, бес есе тез тарайды. Ресми өкіл ретінде мойындаймын, оқулықта қате бар. Басым көпшілігі – техникалық сипаттағы қателер. Кейде ғана морфологиялық қате кездеседі, бірақ аз. Жақында осы тақырып төңірегінде мәлімдеме жасаймыз. Мемлекет тарапынан іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мем­ле­кеттік сараптаманың ережесі мен рәсімдері өзгерді. Мемлекет басшысының тікелей тап­сыр­масымен, баспалардың жауап­кер­ші­лігі күшейді. Баспалар әзірлеген оқу­лық­та­рын әкелместен бұрын баспаішілік сарап­тама өткізу міндеттелді. 2012 жылы жарық көрген Білім және ғылым министрлігінің №344 бұйрығы бар. Сол жерде баспалардың қа­лай сараптау керегі егжей-тегжейлі баян­далған. Оқулықты басып шығару – нарық пен бәсеке. №344 бұйрыққа сәйкес, бізге кел­­ген оқулық пен оған ілесіп келетін оқу-әдіс­темелік кешендерін сараптау үшін ко­манда құрамыз. Іштегі қызметкерлерден бө­лек, 2000-ға жуық сырттан бақылайтын сарапшылар құрамы бар. Содан іріктеп, бір ғалым, бір әдіскер, бір мұғалім таңдалады.
Мұғалімдердің өздері зерттеуші-пе­да­гог санатынан болуы керек. Ең­бек өтілі мен авторлық туындылар жазғаны да ескеріледі. Одан кейін қоғамдық тал­қы­лау деген бар. Биылғы жаңа оқу жылында оқу­шыға жол тартатын жаңа кітаптардың он­лайн таныстырылымында модератор бол­дым. Әр оқулыққа кемінде 16 мың адам­нан пікір айтты. Мысалы, Әліппе оқулығын көбі ұнатты. Қоғамдық талқылау кезінде Нұр-Сұлтан, Семей, Қызылорда, Тараз қа­ла­сына бардық. 379 мұғаліммен кездесіп, олар­мен пікірлестік. Осылардың бәрін қо­ры­тып, пәндік сараптамалық комиссияға жі­бердік. Бірақ қоғамдық талқылаудың маңызын әсірелеп жіберуден абай болған жөн. Қоғам ішінде түрлі саланың ма­ман­дары бар. Тіпті, дамыған елдердің өзінде қо­­­ғамдық талқылаудың үлесі – 5 пайыз. Өйт­кені шешімді сала мамандары қабыл­дай­ды. Бізге журналистер мен лингвистерді, қо­ғам қайраткерлерін оқулық сараптауға қо­сыңдар деген ұсыныс айтылды. Бірақ ба­сы-қасында жүрмей, тек келіп-кетіп пікір беру­шілер қажет емесін бірден айтамыз. Оқу­лық жоспарланғаннан бастап, жарық көр­генге дейін кәсіби мамандар ғана жұ­дырық­тай жұмылуы керек.

 

Back to top button