Жаңалықтар

Қазақстандық танкішілер халықаралық Армия ойындарына қатысады

Армиялық халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» байқауына қатысу үшін іріктеліп алынған Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік танк экипаждары Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонына келді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Команда келісімен карантинге жіберіліп, әскери қызметшілерден коронавирусқа қарсы ПТР тест алынды.
Қажетті алдын-алу шараларынан кейін танкішілер байқауға қатысу үшін Ресей тарапы ұсынған Т-72Б3 танктерін қабылдап, жаттығуға кіріседі.
Қазақстандық команда әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар және Қарулы Күштер ауқымында іріктеуден өткен үздік танкішілерден құрылған.
– Танк экипаждары Гвардейск гарнизонының оқу-жаттығу полигондарында дайындалды. Экипаждардың бірыңғай іс-қимыл әдістемесіне баса назар аударылды. Бұл танкке отыруға, оқ-дәрілерді тиеуге, нысаналарды зақымдай отырып, оқ ату дайындығына және кедергілерді жылдам еңсеруге аз уақыт жұмсауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің физикалық төзімділігін және олардың психологиялық тұрақтылығын дамыту бойынша жұмыстар атқардық, – деп атап өтті команда басшысы генерал-лейтенант Әмір Халықов.
Биыл танк экипаждарының жарысы 22 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтеді. Халықаралық байқауда 20 мемлекеттің үздік танкішілері бақ сынасады. Қазақстандық танкішілер «Танк биатлонының» тұрақты қатысушылары болып табылады және өздерін жарыстағы фавориттердің бірі ретінде таныта білді.

Back to top button