Мемлекет басшысы екі облыс әкімінің есебін тыңдады

Маңғыстау және Қызылорда облысы әкімдері есеп берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облысының әкімдерімен өңірлердегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды телефон арқылы талқылады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасына жазды.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Президентке COVID-19 індетіне қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар, соның ішінде, халыққа екпе егу және малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына екпе салу қарқынын арттыру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ, еңбек дауларын реттеу және болдырмау, өндіріс орындары мен мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсететін мекеме жұмысшыларына әлеуметтік қолайлы жағдайды қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.
Одан кейін Президент Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, қуаңшылық салдарына және жайылымдық жерлердегі шөптің тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдай бойынша фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысына коронавирус індетімен күресте жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өңірдегі вакцина салдыруға тиісті тұрғындардың 52 пайызы екпе алған.
Сонымен қатар облыс әкімі аймақтағы су шаруашылығына қатысты жағдайды да баяндады. Бүгінде Сырдария өзені арқылы облысқа секундына 550 текше метр су келуде. Шаруашылық субъектілеріне су беру кезегі мен оның көлемін анықтайтын жұмыс комиссиясы құрылды.
Облыс әкімінің айтуынша, Арал ауданында 12 шілдеде төтенше жағдай жарияланған. Осыған байланысты Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен жем-шөп субсидиясына, сондай-ақ, су арналарын тазартуға және ұңғымалар қазуға қаржы бөлу туралы шешім қабылданған.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне халықты вакциналауға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, мұнай-газ саласындағы проблемаларды шешу үшін кешенді амал қарастыруды, сондай-ақ, Қызылорда облысына қарасты аудандардағы зардап шеккен шаруашылық субъектілеріне жем-шөп дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Back to top button