Қуат Әуесбай Бас редакторлар клубының вице-президенті болып сайланды

Қуат Әуесбай Бас редакторлар клубының вице-президенті болып сайланды

Қуат Әуесбай Бас редакторлар клубының вице-президенті болып сайланды
ашық дереккөзі
Белгілі журналист, Túrkistan халықаралық газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті болып сайланды. Мұндай шешім клуб мүшелерінің басқосуында қабылданды. Басқосуға Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, вице-президент Мұратбек Тоқтағазин, атқарушы директор Әсем Есілбаева, клуб мүшесі «Білімді ел» республикалық газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова қатысты. Клубтың пандемия жағдайында атқарған жұмысы мен ұйымдастырған іс-шаралары туралы атқарушы директор Ә.Есілбаева баяндады. Бұдан кейін Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай белгілі журналист, республикалық Sport газетінің бас редакторы, клубтың вице-президенті болған, биыл дүниеден өткен Дүрәлі Дүйсебайды еске алып, қаламгердің атқарған жұмысы, жалпы қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі елеулі екенін айтты. Бұдан кейін Бибігүл Нұрғалиқызы клубтың жаңа вице-президенті қызметіне Қуат Әуесбайдың кандидатурасын ұсынды. Басқосуға қатысқан және онлайн қосылған клуб мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Жаңа вице-президентке халықаралық ұйымдармен байланысты күшейтіп, шетелдегі қазақ тілді БАҚ-пен тығыз қарым-қатынас жасау бағытында бірқатар тапсырмалар берілді.  width= Қуат Әуесбай – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің бакалаврын, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің магистратурасы мен докторантурасын (PhD) тәмамдады. Еңбек жолын «Ана тілі» республикалық газетінде тілші болып бастаған.  Әр жылдары «Айқын» республикалық газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Мемжер ғылыми өндірістік орталығы «Баспа және редакциялау» бөлімінің меңгерушісі-«Қазақстан жер ресурстары» журналының бас редакторы, «Ақ желкен» республикалық журналы бас редакторының орынбасары, «Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының хатшылығы ҚР Ұлттық музейінің Жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі – «Ұлттық музей» газетінің бас редакторы, Еуразиялық Топ ЖШС Сыртқы корпоративтік коммуникациялар бөлімінің сарапшысы,  «Astana News» ЖШС директоры, «Атырау-Ақпарат» ЖШС  директорының орынбасары,  «Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясы» ЖШС директор-бас редакторы, латын қарпіндегі тұңғыш «Til-Qazyna» газетінің бас редакторы болды. Ал 2019 жылғы қаңтардан бастап Túrkistan халықаралық газетінің  бас редакторы қызметін атқарып келеді. «Ақпарат саласының үздігі», «Халық алғысы» төсбелгілерімен, қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталған. Қ.Әуесбай басқаратын Túrkistan халықаралық газеті URKER 2021 ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік газеті» аталымында жеңімпаз атанды. «Бас редакторлар Клубы» – 2007 жылғы қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан, құрамына Қазақстанның 250-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. Бас редакторлар Клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті нығайту, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту. Басқосу барысында Бас редакторлар клубы атынан марапатқа ұсынылған «Білімді ел» газетінің бас редакторы Ләззат Түркістановаға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.