Мәжіліс депутаттары оңалту орталығына барды

Парламент Мәжілісінің депутаттары Л.Павловец, Ж.Нұрманбетова, Е.Абаканов және Д.Закиева №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының  қолдауымен ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығына барды.

Орталық Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ашылған. Елордалық «Қамқорлық» оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтатын орын. Бұл ауруханада емделу тегін. Балалармен невропатолог, дефектолог және психолог жұмыс істейді. Орталық мамандары әр баланың диагноз ерекшеліктерін ескере отырып, ем жүргізудің жеке бағдарламасын жасайды. Балаға ем жүргізу кезінде қозғалыс дағдыларын дамытуға арналған заманауи технология қолданылады.  Оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер пайдалануға берілген. Оңалту орталығының күндізгі стационары 50 науқасқа есептелген. Бір жыл ішінде оңалту орталығында 600-ге жуық бала ем қабылдай алады. «Қамқорлық» оңалту орталығы – Нұр-Сұлтан қаласындағы қолжетімді әрі заманауи үлгідегі сауықтыру-оңалту орталығының бірі.

– Болашақта Қазақстанның  Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен оңалту орталықтары республика көлемінде ашылатын болады. Елімізде 92 мыңға жуық баланың денсаулығы оңалту орталығындағы емге мұқтаж. 50 пайызы ғана тиісті ем-шараны алып жүр. Өйткені кейбір облыстарда мұндай орталықтар жоқтың қасы. Бұл нысанға келудегі мақсатымыз – ем қабылдап жатқан балалардың ата-аналарымен жүздесіп, нәтижелерін тыңдау, – деді Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Нұрманбетова Жәмилә.

 

 

Back to top button