Атырау облысында пойызбен жарысқан жастар айыппұл төлейді
Атырау облысында пойызбен жарысқан жастар айыппұл төлейді
Әлеуметтік желіде жүріп бара жатқан пойызбен жарысқан бір топ адамның видеосы тарады. Оқиға 4 шілде күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз станциясында болған, – деп жазады «Ақ Жайық».
Сағыз ауылдық округі желілік полиция бөлімінің бастығы Болатбек Іңірбайдың айтуынша, жергілікті жастар әскерден оралған досын қарсы алған.
«Жастар – аудан орталығының, совхоздар мен үш ауылдың тұрғындары. Пойыз станцияда тоқтайды. Бірақ жастардың пойыздың тоқтағанын күтуге шыдамы жетпеген», – дейді Болатбек Іңірбай.
Сондықтан Сағыз ауылының екі тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды. Олар – вагон баспалдағына жармасып шыққан 18-19 жастағы жігіттер.
Хаттама толтырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы («Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл салынды.