Жаңалықтар

Атырау университетінің студенттері тұңғыш рет жаңа үлгідегі диплом алды

 Қиыншылықтар мен сын-тәуекелдерге толы 2020-2021 оқу жылы ақталды. Ғаламдық COVID-19 пандемиясы жалпы білім процесін ғана емес, бүкіл білім беру жүйесін күрт өзгертуге мәжбүрледі. Бұл жыл ақпараттық технологиялардың көмегімен қашықтан оқыту, адалдық принциптеріне сүйеніп, онлайн емтихандар, диплом-диссертациялар қорғау және тағы басқа оқудың жылдар бойы қалыптасқан негізгі дәстүрлеріне тән емес жаңашылдықтармен ерекшеленді. Ал түлектер үшін ең басты жаңалық – олар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өзіндік үлгідегі дипломына ие болды.

Биыл университетімізді 2019 бакалавр (оның ішінде 164 үздік диплом) және 105 магистр бітіруде. Осы түлектеріміз алғаш рет мемлекеттік емес, университеттің өзіндік үлгідегі диплом алды.

Бұл қандай диплом, қандай ерекшелігі бар, мұндай шешім қабылдауға не себеп болды?

2016 жылы наурыз айында ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік үлгідегі дипломдар беруді тоқтату туралы жоспарын жариялаған болатын. Жоспар бойынша 2017 жылы оқуға түскен студенттер жоғары оқу орнының өзіндік дипломын алып шығу керек. Осы орайда Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 39-бабына өзгертулер енгізілді.

Екінші түзету білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде жүзеге асатын болады.

«2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайды. Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді», – деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мұндай шешімнің қабылдануына негізгі себептерді қарастырайық:

  1. Әлемдік жоғары оқу орындары, бірнеше посткеңестік және шығысеуропалық елдерден басқа, мемлекеттік үлгідегі диплом бермейді;
  2. Еліміздегі кейбір әлсіз жоғары оқу орындары мемлекеттің атын жамылып, диплом сатумен айналысады, бұған жол бермеу керек;
  3. Жоғары білім беру қызметін ұсыну нарығында тек бәсекеге қабілетті, ең лайықты университеттер жұмыс істеуі керек.
  4. Әр университет өз беделін арттыру үшін, сәйкесінше көп студенттер тарту үшін білім бағдарламалары мен оқу жағдайлары сапаларын жақсартады.

Енді жұмыс берушілер түлектің дипломына емес, оның құзыретіне көп көңіл бөлетін болады. Университеттің беделі мен имиджі жұмысқа орналасуда үлкен рөл атқарады.

Ал нақты бір ЖОО-ның жоғары рейтингі университеттің беретін сапалы біліміне тікелей байланысты, бұл, өз кезегінде, профессор-оқытушылар құрамына, оқу процесінің ұйымдастырылуына, материалдық-техникалық базасына, студенттерге жасалған жағдайларға және тағы басқа факторлерге негізделеді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бұл сын-тегеуріндерге дайын және білім саласына енген бұл өзгеріс оң нәтиже беретініне сенімдімін.

Мәселен, 2018 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өткізген білім беру бағдарламаларын бағалау нәтижелері бойынша біздің университеттің 8 мамандығы (34 бағдарламаның ішінен үздік үштікке кірді, 13 мамандық – үздік бестікке және 20 мамандық ондыққа кірді, 2019 рейтингінің нәтижелері бойынша 3 білім беру бағдарламасы 1-орынды иеленсе, 7 мамандық – үздік үштікке, 13 мамандық – бестікке, 26 мамандық – үздік жиырмалыққа кірді. Бұған студенттеріміздің республикалық ғылыми жоба жарыстарындағы, пәндік олимпиадалардағы, халықаралық спорт жарыстарындағы жеңістері дәлел.

Ал енді нақты университеттің өзіндік үлгідегі дипломына келсек, барлық талаптар сақталған. Білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарда деректерді автоматты сәйкестендіру және жинау технологиясын (QR коды) қолданылады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттың әрбір түрі үшін серия мен реттік нөмірлеуді белгілейді. Болашақта жұмыс берушілер дипломның жалған еместігін өзіндік үлгідегі дипломдағы QR коды арқылы тексере алады. Бұл білім саласындағы цифрландыру бағыты бойынша жүргізіліп жатырған жұмыстардың жетістігі.

Жоғары оқу орындарының жеке үлгідегі дипломға көшуі елдегі білім сапасы артуының жүйелі шешімі болмақ. Осылайша әр оқу орнының деңгейіне сәйкес жауапкершіліктері де еселене түседі. Бұл әлемдік тәжірибе, әлемге мәлім университеттер өз түлектеріне жеке дипломдарын табыстап келуде.

Осылайша, жеке үлгідегі дипломдары беру жоғары оқу орындарының білім сапасына үлкен сын болғалы тұр. Бұл мемлекеттің білім беру саласындағы негізгі міндеттеріне сәйкес келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 4 шілдедегі Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында: «Кадрларды дайындау жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеру кадр дайындау сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныс арасындағы алшақтықты азайту керек»,- деп мәлімдеген болатын. Яғни, білім беру саласындағы жаңашылдықтар – заман талабы.

Саламат ИДРИСОВ, «Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры

Back to top button