Жаңалықтар

Жаңа қаулы: 5 шілдеден бастап бірқатар шектеулер енгізіледі

Қостанай облысының Бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев жаңа қаулыға қол қойды.

Жаңа қаулыға сәйкес, қалааралық, облысаралық тұрақты автобустардың қозғалысына тыйым салынған. Бұл ретте қаладағы қоғамдық көлік бұрынғыдай толық жұмыс істейді.

Сондай-ақ, такси мен азаматтардың жеке көліктерінің қозғалысына да рұқсат етілген, бірақ 65 жастан асқан азаматтардың Қостанай облысының елдімекендері аумағында жүруіне шектеу қойылды, егде жастағы азаматтар тек дүкенге азық-түлік алуға, дәріханаға, емдеу ұйымдарына, қоқыс шығаруға және жануарларды серуендетуге шыға алады.

«Көпшілік көретін шаралар, форумдар, конференциялар, сондай-ақ отбасылық, естелік шараларды, кеңестер мен отырыстарды өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ «Ashyq» жобасына қатыспайтын ойын-сауық мекемелері (көрмелер, караоке, бильярд, кальян, компьютер клубтары, түнгі және ойын клубтары, боулинг клубтар, батуттар, жабық ғимараттарда балаларға арналған ойын алаңдары, аттракциондар және т.б), банкет залдары, букмекерлік кеңселердің қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ кинотеатрлар, театрлар, мәдениет үйлері, концерттік залдар,филармониялардың жұмысына тыйым салынған, ал «Ashyq» жобасына қатысатын мекемелер адамдарды отырғызатын орындардың жалпы санынан 30 пайыз асырмауы тиіс», – делінген жаңа қаулыда.

Сонымен қатар, көрермен жинайтын спорттық шараларды өткізуге де тыйым салынды. «Ashyq» жобасына қатысушы нысандар спорттық шаралар, соның ішінде Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен республикалық жарыстарды (бірыңғай республикалық күнтізбе бойынша) адам санын 20 пайыздан асырмай өткізеді.

Экскурсиялық, корпортивтік, табиғатқа топтық және көрнекті жерлерді тамашалау сапарларына тыйым салынған, бұл шараларға үш адам немесе бір отбасынан үш адамнан артық жиналмауы тиіс.

Жұмыс істейтін азаматтарға келетін болсақ, жаңа қаулыға сәйкес, өндіріс кәсіпорындары, ашық ауада жұмыс істейтін құрылыс, ауыл және балық шаруашылығы, мал шаруашылығы нысандарының қызметіне тыйым салынған жоқ. Кеңсе, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор органдары, ұлттық компаниялар, өзге де ұйымдар, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тыйым салынған жоқ, бұл ретте қызметкерлердің 80 пайызынан кем емес бөлігі қашықтан жұмыс атқарады.

«Қашықтан жұмыс істеу форматына бірінші кезекте COVID-19 вирусына қарсы екпе алмағандар мен соңғы алты айдың ішінде COVID-19 вирусымен ауырмағандар ауыстырылады», – делінген қаулыда.

Жаңа қаулы 5 шілдеден бастап күшіне енеді.

Back to top button