Ресейде «ағаш архитектурасының негізін қалаушы» деп мойындалған қазақ

Белгілі архитектор, көптеген халықаралық сыйлықтың иегері Тотан Күзембаевты ресейліктер ағаш архитектурасының негізін қалаушы деп бағалайды. Тіпті, студенттердің көбі ол кісіден дәріс алғысы келеді. Ал елімізде оның есімі айтарлықтай таныла қоймаса керек. Бүгінде Мәскеудің орталығында осыдан жиырма жыл бұрын ашқан жеке шеберханасында жемісті еңбек етіп жатқан архитектор қандасымызға хабарласып, әңгімелескен едік.

– Сізді көпшілік Ресей қазағы деп біледі екен. Қызылорданың қиырында жат­қан ауылдан Ресейге оқуға ба­р­ған­да қалып қойғаныңыз жайлы естіген едік, осы жөнінде өзіңіз тарқатып ай­тып берсеңіз.
– Иә, солай ойлайды екен. Мен негізі бұ­­­рынғы Шымкент облысы Арыс ауда­нын­да дүниеге келгенмін. Әке-шешем шопан бол­ған кісілер. Сондықтан нақты қай жерде ту­ғаным төлқұжатымда көрсетілмеген. Жұрт үнемі «Шымкент облысы Арыс ауда­ны, ал ары қарай ше?» деп сұрайды. «Ал ары қа­рай – дала!» деп жауап беремін. «Сенбе­сеңдер, төлқұжатымды көрсетейін» деймін. Негізі, әке-шешем ашаршылық жылдарына дейін Қызылорда облысында тұрған. Жазда жайлауға Ақтөбеге, қыста қыстауға Қызыл­ор­даға көшіп-қонып жүрген. Ата-баба­ларым Ақтөбеде жерленген. Қалайша Шым­кент жақта тудыңыз десеңіз, әке-шешем ашар­шылық жылдары Өзбекстанға кетіп қал­ған. Сосын ол қиын-қыстау күндер аяқ­тал­ған соң, Қазақстанға қайтып келуді ұй­ғар­ған. Сөйтіп, қайтып келе жатқанда жо­лай Арыс ауданына тұрақтап қалып, жұмыс іс­теген, қой баққан. 1-сыныпқа баратын кез­де әкем «Қартайған шағымда ел жаққа қай­тайын. Өлсем, өз жерімде өлейін» деп біз­ді отбасымызбен Қызылорда облысына кө­шіріп әкетті. Сөйтіп, Қармақшы ауда­нын­дағы Чапаев колхозына (қазір Ақтөбе ауы­лы) тұрақтап, орта мектепті сонда бітірдім.

black and red kyobi arts cool presentation 44
– Бала кезіңізде ұшқыш болуды, «Ме­нің есіміммен көше аталса ғой» деп, ел таңырқайтын ерлік жасауды ар­ман­даған екенсіз. Сол кезде мәлім де бей­мә­лім архитектор мамандығын таң­дауыңызға ата-анаңыз түрткі болды ма әлде өсе келе ұшқыш болудан айнып, осы оқуға өз қалауыңызбен тапсыр­дыңыз ба?
– Ерлік жасап, елге танылғым келгені рас (күліп). Мектеп бітірген соң, досым екеуі­міз әскери училищеге емтихан тап­сыру­ға бардық. Емтихан тапсырмас бұрын офи­цер «Әзірге қауіпті аумақтарға бар­май­сыңдар, осы әскери бөлімде отырасыңдар» деп оқуда не оқып, не үйренетінімізді түсіндірді. Ерлік жасаймыз деп келген бізге бұл ұнамады (күліп). «Құрысын, бұлай жай­дан-жай отыра алмайды екенбіз» деп ауыл­ға қарай тайып тұрдық. Айтпақшы, қызық бол­ғанда училище басшысы «Денсаулығың болса болғаны, Қазақстаннан шыққан тұң­ғыш ғарышкер боласың! Оқуға қал!» деп мені жібергісі келмеді. Сосын досым екеуі­міз ауылда үш-төрт ай жүрдік. Оқуға құжат тап­сыратын уақыт өтіп кеткен, сөйтіп, Ленинградқа әскери борышымызды өтеуге ат­тандық. Әскерде жүргенде де офицер «Са­ған жолдамамен жұмыс тауып береміз. Осын­да қал, әскери училищеге түсесің» деп Ле­нинградта қалдырғысы келді. Бой бермей ауылға қайтып кеттім. Егіншілікпен айна­лы­сатын біздің ауылдың тұрғындары күзде күріш жинайды да, ал қыс бойы демалады. Соғым сойып, бірінің үйіне бірі қонаққа барып, думандатып жүреді. Әскерден келе сала біз де сол ырду-дырдуға қосылып кеттік. Бейқам өмірге «етіміз» үйреніп кетті, сөйтіп. Бір күні туысқандар жиналып: «Бізді ұятқа қалдырып жүрсіңдер. Сенделіп, бос жүре бермей, оқуға түсіңдер немесе жұмыс істеңдер» деді. Біз оқуға түсуді ұйғардық. Мектепте жүргенде ақын-жазушылардың суретін салатынмын, қабырға газетін шы­ғаратынмын, әскерде жүргенде де альбом жасайтынмын. Сөйтіп, менің болашағыма алаңдаған жақындарыма «Бітті, суретші бо­ла­мын» дедім. Ол кезде өнер училищесі Қазақстанда тек Шымкентте ашылған, ал мен «құласаң, нардан құла» деп бірден Мәскеудегі Цуроковский атындағы инс­титутта немесе Строгановкада оқимын деп шештім. Сөйтіп, емтиханға дайындықты бастап кеттім. Бір күні әпкем «Оқуға түсу туралы ережені дұрыстап оқышы» дейді. Сөйтсем, талапкер институтқа түсу үшін екі сурет салып, өзімен бірге натюрморт алып келуі керек екен. «Натюрморт деген не?» деп туған-туыс, сыныптастар, мұғалімдерден сұрап шықтым, ешкім білмейді. Ақырында парторгқа барып сұрасам, ол кісі «Колхоз төра­ғасы Сексенбаевқа бар. Ол кісі соғыс кезінде Берлинге дейін барған, бір білсе, сол бі­лер» деді. Бірақ ол кісі де білмейтін болып шықты. Содан не керек, колхозды түгел жаяу аралап шықтым, натюрморттан еш­кім­нің хабары жоқ. Ақырында натюр­мортсыз барсам бәрібір оқудан шығарып жібереді деп суретшіліктен бас тарттым. Сосын сурет салатын, бірақ натюрморт сұра­­майтын басқа институт іздедім. Сөйтіп, Мәскеу архитектуралық институтына оқуға түстім.

black and red kyobi arts cool presentation 45
– Сонда архитектордың оқуына натюрморттың не екенін білмегеніңіз­ден түстіңіз бе?
– Иә. Ауылда өскен мен натюрморттың сурет екенін қайдан білейін?! Сіз оны ай­тасыз, мен тіпті архитектордың қандай ма­мандық екенін оқуға түскен кезде ғана біл­дім. Бастапқыда архитектордың оқуы ұн­ады деп айта алмаймын. Тек ауылға қай­туды ұят санадым. Сөйтіп, амалымның жо­ғынан оқуға түстім. Бірақ архитектордың қан­дай мамандық екенін білетін адамдар кеңе­сін айтып, барлығы жақсы болатынына сен­дірді. Айналам жақсы адамдарға толы бол­ды. Олардың «Ары кетсе аға архитектор болып, зейнетке шығасың. Уайымдама» деп айтқаны әлі есімде (күліп). Оқу бітіретін кезде оқытушы профессор «Алматыға жұ­мысқа тұруыңа көмектесемін, ол жақта шә­кіртім көп» деп менің көзімше Алма­тыдағы шәкірттеріне хабарласты. Ол кісі мені әбден мақтап, жұмыс сұрап жатса, тұт­қаның ар жағынан «Ондай архитектор өзі­мізде де жетіп артылады. Қаласаңыз, бір ау­данға жұмысқа жіберейік» дейді. Оқы­тушым ашуланып тұтқаны қоя салып, «Сені Ресейдің ішіндегі бір қалаға бас архитектор етіп тағайындайын» деді. Бірақ мен ол айтқан қалаға барғым келмеді. Сөйтіп, жолдама бойынша Мәскеу маңындағы ши­на жасау зауыты орналасқан өндірістік ай­маққа архитектор болып бардым. Ол жер­де кілең инженерлер жұмыс істейді екен, әдепкіде олар «Архи­тек­тор деген ма­мандық бар ма өзі?» деп ма­ған таңғалып жүр, ал мен болсам білдей бір Мәскеуде тұра­тындардың архитек­тордың кім екенін біл­мейтініне таңырқап жүрдім. Сөйтіп, жол­дама талабына сәйкес ол жерде үш жыл жұ­мыс істедім. Сосын бір жолдасым Мәскеу маңындағы Зеленоград қа­ласына жұмыс істеуге шақырды. Ол жер­де жұмыс істеп жүргенде Қайта құру кезеңі басталды, құрылыс жұмыстары тоқтап, архитектор маман ешкімге керек болмай қалды. Ақша құнсызданып, нәпақамыз тек бір бөлке нан алуға жететін халге тап болдық. Сөйтіп, басқа жұмыс көзін қарас­ты­рып, досым Игорь екеуміз суретшілікпен айналыстық. Көптеген картина салып, көр­мелер ұйымдастырдық. Тіпті, АҚШ, Герма­ния, Сингапурде көрме өткіздік. Бірақ су­рет­ші болу да оңай емес екен, тұрақты жа­лақы жоқ. Ал бізге бала-шағамызды асырау ке­рек. Сөйтіп, 1996 жылы Игорь екеуіміз бір­лесіп, архитектуралық шеберхана аш­тық.

black and red kyobi arts cool presentation 46
– Кейін досыңызбен жолыңыз екіге айырылып, жеке шеберхана ашуға бел бу­дыңыз ба?
– Иә. Ол классикалық архитектурамен ай­налысқысы келді, ал мен болсам, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік стилі бар дүние істегім келді. Өзгелердің істеп жатқанын қайта­лай­тын, көптің бірі болғым келмеді. Тың дүние ой­лап тапқым келді. Досым болса «Тотан, күн демей, түн демей, материалды қолмен ойып жасасаң да, қара да тұр, еңбегіңді еш­кім бағаламайды. Біздің жұмыста бас қатырып, ойланудың қажеті шамалы» деп мені райымнан қайтарғысы келді, бірақ мен өз дегенімнен қайтпадым. Сөйтіп, жо­лымыз екіге айырылды. Сосын 2001 жылы жеке шеберхана аштым. Сол уақытта Ресейде мен секілді шеберхана ашып жат­қандар көп болды. Бірақ көп ұзамай көп­шілігі жабылып қалды. Ал біздің өз арна­мызды тауып алып, тынбай жұмыс істеп келе жатқанымызға биыл тұп-тура 20 жыл болады. Қазір шеберханамда 12 адам жұмыс істейді. 2018 жылы Ресейде болған дағ­дарыс­қа дейін қоластымда 40 шақты адам жұмыс істеген. Бір түсінгенім – ұжымыңда адам саны неғұрлым аз болса, жұмыс сапа­сы соғұрлым жақсара түседі екен. Көп адам болса жұмысты бақылай алмайсың, ал қыз­меткер саны аз болса, тіпті шегенің қайда тұр­ғанын білесің. Қазір ұлым Олжас та осы шеберханада жұмыс істейді. Ол да мен секіл­ді Мәскеу архитектуралық институтын бітірген. Қызым Алиса да сонда оқыған. Бірақ ол fashion-дизайнер боламын деп, ар­хитектурамен мүлде айналыспады.

black and red kyobi arts cool presentation 47
– Сұхбат басында жұртшылықтың «Ағашқа неге әуессіз?» деген сұрақты жиі қоятынын айттыңыз. Мен де соны сұрағым келіп отыр, неліктен ағаш архитектурасына қызықтыңыз?
–Мұны бұйрық деп білемін. Ең алғашқы клиен­тім ағаштан үй салуымды қалады. Егер ол металдан салуға тапсырыс берсе, қа­зір металмен жұмыс істеу шебері болар ма едім, кім білсін. Әйтпесе, иен далада қой бақ­қан шопанның ағаш көрмей өскен ба­ласымын. Әкем ұста болса бір жөн я бол­ма­са ауылда ұстахана болса бір сәрі. Әлгі клиен­тім ағаштан үй салу сәнге айналып жат­қанын айтып тұрып алды. Мен оған инс­титутта оқыған кезде ағаштан үй құрас­тыру туралы дәрістердің аз болғанын, тіпті практикалық сабақтың болмағанын айтсам да ол «Қателік болса, бола берсін, ағаштан жа­сап көрелік» деп бой бермей қойды. Сөй­тіп, журналдан көргенім бар, естіп-біл­генім бар, тәуекел етіп, ішкі түйсігіме сеніп, әлгі үйлерді айтқан уақытында салып бітірдік. Сөйтсек, ағаштан үй салу аса қиын емес екен, сөйтіп, ағаштан үй салуға бірден төселіп ал­дым. Осылайша, жұмысымыз өрге басты.

black and red kyobi arts cool presentation 48
– Әлеуметтік желіде сізден сабақ ал­ғысы келетіндердің қарасы көп еке­нін байқадым. Бірақ сіз дәріс оқы­ған­ды құп көрмейді екенсіз, неге?
– Иә, мен қазір тек тапсырыс орын­даумен айналысамын. Осындағы оқу орын­дарының өкілдері «Студенттер сіздің сабақ бергеніңізді қалайды» деп дәріс оқуға жиі ша­қырады. Жолдастарымның көбі архи­тек­торлық пен оқытушылық қызметті қоса атқарады. Оларға «Егер бір жобаны қолға алсаң, басқа нәрсеге алаңдамай, жұмыс істе. Ал егер екеуін қатар алып жүрсең, демек сен жеңіл жолмен табыс табуды көздеп, шалағай іс істеп жүрсің» деп үнемі айтамын. Мен онсыз да шеберханама жұмысқа тұр­ған студенттерге екі-үш жыл қалай сызу ке­рек екенін, қалай жобалау қажет екенін үйре­темін. Олар университетте оқыса да, көп нәрсені білмейді. Бұл да дәріс оқумен тең. Сосын дәріс оқуға шақырған әлгі оқы­тушыларға «Сендер студенттерге сызу-оюды үйрету үшін жалақы аласыңдар, ал мен соны үйренгені үшін оларға жалақы төлей­мін» деп айтамын.

black and red kyobi arts cool presentation 49
– Ресейдегі көпшілік сізді ағаш ар­хи­тектурасының негізін қалаушы деп бағалайды екен. Ал Қазақстан үшін жа­саған жобаларыңыз бар ма?
– Мәскеуде архитекторлар бас қосатын кеш көп өткізіледі, сол кездесулерде орыс достарымның көбі Қазақстанда жоба әзірлеп жатқанын айтады. Сондай кезде «Мен – қазақпын. Неге маған тапсырыс бер­мейді?» деп аздап қынжыламын. Осы жыл­дың күзінде Дубайда басталатын EXPO көр­месіне Қазақстан павильонының жоба­сын әзірледім. EXPO павильондарын құрастырумен айналысатын шетелдік компаниялар арасында конкурс ұйымдас­тырылды. Швейцариялық компания өкілдері «Сіз қазақсыз ғой, архитектор өзіңіз болыңыз» деп бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сөйтіп, олармен бірлесе келе әлгі конкурсты ұтып алдық. Бірақ кейіннен Қазақстан өкілдері мен әзірлеген жобаны өзгертіп тастады. Бұған басында қарсылық білдірген едім, кейіннен олар ма­ған айтпай өзгертіп, көп жерін түзетіп шықты, бірақ павильонның мен ойлап тапқан негізгі формасы сақталды. Арабтар өртеніп кетеді деп ағаш пен киізді металға ауыстыртқан көрінеді. Ал Қазақстандағы жобаларды сөз етсек, біздің команда Шым­бұлақтағы қонақүйді салуға атсалысты. Сондай-ақ, Алматыда туған ініме қазақы стильде үй салып бергенмін. Негізі, Алма­тыда тапсырыс берушілер жетерлік, бірақ қазір пандемияның салдарынан уақытша тоқтап тұр. Дегенмен алдағы уақытта бір­лескен жоба көп болатын секілді. Нұр-Сұлтанның маңында да шағын қалашық салғалы жатырмыз. Ол жақтағы тапсырыс беруші бауырым қазір инвестор іздеп жүр.
Сөз соңында айтайын дегенім, қазақтар өз жеріндегі ғимараттың сызбасын өзі сызып, өзі жобалауы қажет. Өз еліңнің көр­кін келтіретін жобаны қазақтан өзге еш­кімге сеніп тапсырмау керек. Тағы бір айта кетері, қазақтың істеген бір жобасынан қателік байқасаң, оны дұшпан санамай, түсінуге тырысқан жөн. Сіз-біз десіп, бір-бірі­мізді түзетіп, келісіп отырсақ, арамыз­дан әлем ғимараттарын салатын мықты ма­мандар шығарына кәміл сенемін.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Back to top button