Мемлекет басшысы «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдады, – деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысына мұнай компаниясының Қазақстандағы қазіргі жүргізіп жатқан жұмысы мен еліміздің көмірсутегі секторында жүзеге асырылып жатқан бірқатар бірлескен жобалардың перспективасы туралы есеп берілді.

Президентке компанияның Каспий теңізі қайраңындағы «Жеңіс» және «Әл-Фараби» мұнай жобаларындағы геологиялық барлау жұмыстарының барысы туралы айтылды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр Алматы облысында іске қосылған «ЛУКОЙЛ» зауытының жұмысы туралы баяндалды. Компания басшысының айтуынша, бүгінде зауыт әртүрлі жағармай материалдарының 800-ге жуық түрін өндіріп, өңірдегі елдерге экспорттайды.

Сонымен қатар Вагит Алекперов Мемлекет басшысына әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен баға белгілеудің перспективасына қатысты «ЛУКОЙЛ» компаниясының ұстанымы туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік компанияның әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға атсалысып отырғанын ерекше атап өтіп, оның Қазақстан мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Back to top button