Аймағамбетов күзде мектептер ашылады деп үміттенеді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында мектептерді ашу жөнінде пікір білдірді. Бұл жөнінде ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Ең алдымен жаңа оқу жылында мектептер ашылып, балаларға дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі беріледі деп үміттенеміз. Бірақ әрине, бұл үшін ең маңызды негізгі шарттарды орындау қажет: қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, вакциналау және мектептердің дәстүрлі форматта жұмыс істеуі үшін белгілі бір аймақтың «қызыл» аймақта емес, «жасыл» аймақта болғаны жөн», – деді министр.

Білім министрі келесі оқу жылында балалардың дәстүрлі форматта білім алуы үшін мектептердің ашылатынына үміт артатынын айтты.

«Өздеріңізге белгілі, қазіргі вакциналаудың жалпы қарқыны, аурудың төмендеп жатқаны келесі жылдың басын өте оптимисті жоспарлауға мүмкіндік береді. Келесі оқу жылында мектептерімізді ашып, балаларды дәстүрлі форматта оқыту қолымыздан келеді деп ойлаймын», – деді Аймағамбетов.

Back to top button