«Ұлы дала зары» фильмі тегін көрсетіледі

ХХ ғасырдың басында Қазақ даласында болған Ашаршылық туралы халықтық фильм 2021 жылғы 31 мамырда «Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай көрсетілді.

Отандық “MG Production Plus” кинокомпаниясы 20-30 жылдары Қазақ даласын шарпыған Ашаршылық зұлматы жайындағы «ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ» көркем фильмін түсіріп оны жарыққа шығару үшін 5 жыл уақыт жұмсады.

Фильм  шынайы оқиғалар желісімен, Қазақ халқының 70 %-дан астамы қынадай қырылған тарихи деректерге сүйене отырып түсірілген.  Аштық Кеңес режимінің әдейі қолдан ұйымдастырған, қазақ ұлтының басына төнген қайғылы қасыреті. Аштық жылдары жалпы Кеңес Одағы бойынша 47 млн адам, қазақтар, украиндар, орыстар, башқұрттар, татарлар және тағы да басқа көптеген ұлттар қасырет шекті. Сол себепті қолдан жасалған аштық КСРО халқының тарихындағы ең зұлматты кезең болып есептеледі. Мұндай сұмдық зобалаңның болашақта қайталануына жол жоқ!

Бұл тарихи фильм – жазасыз жапа шегіп, ашаршылықтың құрбанына айналған ата-бабаларымыздың аруағының алдындағы тағзымымыз іспетті. Әр қазақтың отбасы сол ашаршылықтың зардабын тартып, туған-туыстарынан айырылды. Бұл зұлмат ешкімді айналып өткен жоқ. Әлі күнге дейін сұмдық зобалаңның елесі қазақ ұлтының жадынан өшкен жоқ.

Фильмді түсіруді іске асыру жұмыстары мен постпродакшн қаражат тапшылығына байланысты көпке созылды. Өйткені фильм жобаны бастаушы әрі продюсері Ернар Мәліков мырзаның жеке қаражатына және «StartTime» краудфандинг платформасының қолдауымен шығарылды. Фильмді жарыққа шығару үшін халық тарапынан 800 мың теңге және крауд-кампаниядан тыс кинокомпанияның есепшотына 9 миллионов теңге қаржы жиналды. Түсірілім кезінде қарапайым азаматтар түсірілім тобына жан-жақты көмек көрсетіп қолдау жасады. Краудфандинг жинауға он мыңға жуық адам қатысып, олар осы туындының бір бөлшегіне айналды. Осылайша «ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ» фильмін нағыз халықтың туындысы деуге әбден болады. Фильмді шығарушылар халықтың қолдауынсыз, қарапайым азаматтардың көмегінсіз бұл туындының жарыққа шығуы екіталай деген ойда. Сол себепті түсірілім тобы мен фильмді шығарушылар көмек қолын созған қазақстандықтарға зор ілтипат білдіріп, алғыс айтады.

Аталған фильм бүгін сағат 11:00-де, Самал-2 шағын ауданындағы 111-ші үйде орналасқан, (Жолдасбеков көшесінің қиылысы), «Достық Плаза» СКО «Cinemax» кинотеатрының № 4 залында,  «MG production Plus» кинокомпаниясының шығармашылық тобы және актерлермен БАҚ өкілдерімен бірге кездесуі өткізілді. Фильм БАҚ құралдарына және «StartTime» алаңында краудфандинг жинауына қатысқан азаматтарға көрсетілді.

Сондай-ақ кино авторларының хабарлауынша, «Саяси қуғын сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай “ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ” фильмі интернет арқылы www.cinexus.kz онлаин кинотеатрында мамыр айының 30-нан 31-не қараған түні сағат 00.05-тен бастап 01 маусым күнгі  00.00 сағатқа дейін тегін көрсетіледі.

 

Back to top button