Министр жас түлектерге үш кеңес айтты

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл мектеп бітіріп жатқан жас түлектерге өз тәжірибесі туралы айтты.

«Оқу жылы өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы бүкіл әлемдегі оқушылар мен студенттер үшін оңай болған жоқ. Әлемдік білім біру жүйесі пандемия сынды үлкен сынақтан өтті. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып білім беру жүйесіне жаңа дем беріп, оларға барынша қажетті жағдай жасауға тырыстық. Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір түлектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр. Мектеп бітіріп жатқан кезім әлі есімде: үлкен өмірге қадам басар алдындағы қорқыныш, уайым, күдік, жоспарлар мен болашаққа деген үміт. Ол кезде іс жүзінде бәрі басқаша екенін түсінбеген екенмін. Тіпті, мен ойлағаннан да оңай екен деп айтуға болады. Осыған орай өз тәжірибеммен бөліскенді жөн көрдім», – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Асхат Аймағамбетов жас түлектерге ең алдымен ешқашан қиындықтарға мойымауға, көздеген мақсатыңа жету жолында әлдебіреудің айтқанына ермей, тура жолдан таймауға кеңес береді.

«Екіншіден, қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі. Ең бастысы – өз қателігімізді уақытылы түсініп, түзетуге тырысуымыз әлдеқайда маңызды. Барынша күш-жігерімізді салып, алған беттен қайтпағанымыз абзал. Міне, бұл болашақта табысқа қол жеткізетін адамға тән қасиет», – деді ол.

Сонымен қатар министр ерекше болудан ұялмауға шақырады.

«Ең бастысы өзіңізге адал болыңыз. Басқа адамдармен араласып, дос болыңыздар. Ата-аналарыңа қамқор болып, бауырларыңызбен байланысты ешқашан жоғалтпаңыздар. Кейін, мүмкін 30 жасқа келгенде, ата-ананың берген ақыл-кеңестері орынды екенін түсіне бастайсыздар. Бойларыңызда жаңа әдеттер қалыптастырыңдар! Денсаулықтарыңды нығайтыңдар! Бүкіл әлем қарсы болса да, қайсарлық танытып, алған бағыттан қайтпаған жөн», – деді Асхат Аймағамбетов.

Back to top button