Тұрсынбек Қабатов пен Нұржан Төлендиевке пародия жасап, жұртты таң қалдырған жігіт кім? (видео)

Әлеуметтік желіде Тұрсынбек Қабатов, Нұржан Төлендиев сынды танымал өнерпаздардың даусын айнытпай салып, пародия жасап жүрген азамат кім? Бұл туралы «Таңшолпан» бағдарламасында айтылды.  

Өнер иесінің аты-жөні – Бекмаханбет Байтұрсынұлы. Қызылорда өңірінің тумасы. Мамандығы география пәнінің мұғалімі болғанымен өнер әлемінде қызмет етіп жүр. Асаба. Музыкаға жақын. Асылбек Боранбаевтың театрында қызмет етеді.

«Нағашы інім отын бұтап жатқанда пародия салшы деп өтінді. Тұрсынбек Қабатовты, одан кейін Нұржан Төлендиевті салдым. Ол бір ай бұрын түсірілген видео. Бірақ интернетке 1-2 күн бұрын ғана салынған. Бірден тез тарап кетті. Көп қаралым жинады. Өзім олай тез тарайды деп ойламаған едім», – деді Бекмаханбет.

Бекмаханбет Тұрсынбек Қабатовтан бөлек, Нұржан Төлендиев, Уәлибек Әбдірайымов, Бекболат Тілеухан, Жанар Айжанова, Еркін Нұржановтың даусын сала алады. Пародияға, өнер әлеміне бала күнінен ықыласы ерекше.

«Осы видео тараған соң мен пародия жасаған азаматтар хабарласа қоймады. Себебі Тұрсынбек Қабатовпен де, Нұржан ағаларыммен де бұрын кездескенмін. Ол кісілер мені біледі. Бұрын байқауларда бірге жүрдік. Жанар Айжановаға пародия жасап бергенмін. Ол кісі жақсы бағалады. Той жүргізем. Сол кезде пародия жасаймын. Көпшілікке ұнап жатады», – дейді ол.

Айтуынша, әлеуметтік желіде видеосы тарағалы бері өзін көшеде көріп танып, амандасатындар көбейген.

Back to top button