Қашықтан оқу: Мемлекеттік аудит СҚО-да 177 ноутбукты таппай қалды

Мемлекеттік аудит өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қашықтан білім беру үшін сатып алынған 177 ноутбукты таппай қалды.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 6 объектіде жүргізілген тексерісті аяқтады.

«Айыртау ауданы әкімдігінің білім бөлімінде аудандық мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға республикалық бюджет есебінен жалпы сомасы 28 млн теңгеге сатып алынған 177 ноутбуктың жетіспейтіні анықталды. Тапшылықтың себебі – негізгі құралдардың сақталуы мен дұрыс пайдаланылуын нашар бақылау. Аудит материалдары құқық қорғау органдарына берілді», – деді ведомстводан.

Жалпы, 6 нысанда жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында 80 268,7 миллион теңге сомасын құрайтын бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 39 119,6 миллион теңге, процессуалдық бұзушылықтар – 41 149,1 миллион теңге.

«4 объектіде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жалпы заңнама талаптарына сәйкес келеді. Ал 2 объектіде елеулі бұзушылықтармен жүргізіліп келген. Қаржылық есептіліктің аудиті қаржылық есептіліктің сенімділігін, дұрыстығын, бухгалтерлік есеп пен қаржылық жағдайын бағалау мақсатында жүргізілді», – деді министрліктен.

Back to top button