214
Каспий — медиафорумның өзекті мәселесі
Каспий — медиафорумның өзекті мәселесі
Каспий теңізі ықылым заманалардан елдер мен елдерді жақындастырып, теңіз жағалауын мекендеген халықтарды байланыстырып келген ерекше су айдыны. Ғасырлар бойы осынау бірегей су айдынын мекендеген барша халықтар өзара ынтымақтастықтың үлгісін танытып, бір-біріне бауырым дескен. Қазіргі таңда да Каспий теңізі достықтың алтын көпірі болып қалуда.
Өткен аптада Астрахань қаласында ІІ Каспий медиафорумы жұмысын аяқтады. Каспий маңы елдері – Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран және Ресейдің жүзден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысып, аймақтық медианарық аясын кеңейту, ортақ ақпараттық кеңістік құру, ақпарат бөлісу және БАҚ-ын дамыту мәселелерін талқылады. Форум барысында Каспий маңы елдерінің ақпараттық ресурстары өзара ақпарат алмасу бойынша келісімге қол қойды.
Каспий маңы елдерінің өзіндік ортақ мәселелері аз емес. Оны пікір алаңында ортаға салып, ортақ шешімге келу үшін медиафорумның маңызы зор. Аймақтағы бес мемлекеттің журналистері баршаға ортақ мәселелерді осы алаңда бөлісіп, өз ұсыныстарын жариялай алады. Астрахань облысының үкіметі мен Каспий маңы елдері редакцияларының ұйытқы болуымен, Ресей федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігінің қолдауымен ортақ пікір алмасу алаңы құрылды. Министрдің орынбасары Алексей Волин ІІ Каспий медиафорумы шеру секілді шара емес, керісінше, мәселені бірлесе шешуге арналған алаң екенін атап өтті. «Бізде алып Каспий бар, әр деңгейде жүргізліп жатқан диалог та бар. Біздің міндетіміз осы диалогқа өз деңгейімізде қосылу. Бүгінгі форум БАҚ өкілдерінің шеберлігін шыңдауына таптырмайтын алаң екені даусыз. Мәселен, сайт – қағаз түріндегі нұсқада көрінбейтін ақпараттық лента, қысқа мәтіндер, түрлі-түсті фотолар. Сол себептен, мультимедиа қағаздағы мәтінді интернет-сайтқа жай ғана көшіре салу емес», – деді Алексей Волин.
Тәжірибе алмасу желілік байланыс орнатуға мол мүмкіндік береді. Каспий маңындағы елдердің даму ерекшелігі әртүрлі болғанмен, журналистердің көтерер тақырыбында келісетін тұстар көп. Осы тұрғыда «Қазақстан Атырау» телеарнасының директоры Асқар Әшімов: «Бұл форум бізге Каспий елдеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын шара болды. Бір-бірімізбен ақпарат алмастық, тәжірибе бөлістік. Ақпараттық әріптестік орнаттық, шән мәнінде, бұл байланысты нығайта түсті», – деді.
Медиафорум аясында жазғы журналистика мектебі жұмыс істеді. «Экономиканың жоғарғы мектебі» ұлттық зерттеу университетінің оқытушылары Тина Тихомирова мен Роман Абрамов журналистика мен медианың даму үрдістері жөнінде дәріс оқыды. Ал Астрахань мемлекеттік университетінде «Russia today» телеарнасының бас директорының кеңесшісі Тина Бережная шеберлік сағаттарын өткізген.
«Каспий арманы»
Каспий маңы елдеріндегі әріптестердің өзара ынтымақтасуы бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруға жол ашады. «Каспийские новости» порталын ашудағы басты міндет – Каспий маңы елдерінің медиаресурстарын біріктіріп, осы елдердегі экономикалық, саяси және гуманитарлық үрдістер мен жаңалықтарды ортақ ақпараттық кеңістікте жариялап отыру. Ашхабадтан келген «Нейтральный Туркменистан» газетінің өкілі Ирина Имамқұлова Каспий ынтымақтастығын нығайта түсуді қолдайтынын жеткізіп: «Каспий маңы елдерінің арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту үшін БАҚ өкілдері арасында ынтымақтастықтың алғышарты осы медиафорумда жасалды. Бір-бірін бұрын білмесе де, біздің әріптестеріміз өз еліндегі жаңалығымен бөлісуді көздейді. Ал медиафорумның болашағы зор, бұл әлі жалғасын табады», – деді ол. «Каспий – бұл кең ауқымды ресурстық мүмкіндік. Теңізді көмкеріп жатқан елдер ондағы ресурстарды өндіру, өңдеу, тіпті, экспорттау үшін келісімге келуге ұмтылуда. Осы аймақтарда тұрып жатқан адамдар да ынтымақтастықтың қажеттігін түсінуі қажет. Осы орайда журналистер жаңа контент қалыптастыра алады», – дейді профессор Иосиф Дзялошинский. Каспийдің басты мәселесі – экологиясы. Осы жоба барысында қаралған басты тақырыптардың бірі де осы. Ал Каспий медиафорумының байқауына жіберілген материалдардың мазмұны Каспий экологиясын қорғауды қамтып қоймай, келешегін бірге қалыптастыруды көздейді. Бұл мәселеде «National Geografic Russia» журналының ғылыми редакторы Андрей Журавлев: «Каспий маңындағы бес мемлекеттің даму ерекшелігі өзгеше болар, алайда, бұл журналистердің арасына жік салмауы тиіс. Байқауға ұсынылған материалдардан теңіз экологиясына, биоалуандығына көп назар аударылды. Каспий теңізі ешқашан жойылмайды. Оның фаунасы да, флорасы да кейінгі ұрпағымызға осы күйінде жетеді», – деді. «Каспий арманы» байқауының бір жүлдесі атыраулық журналист, «Прикаспийская коммуна» газетінің бөлім меңгерушісі Надежда Шильманға бұйырды. «Бұл медиафорумда көтерілген тақырыптар мені ойлантып тастады. Каспий маңы елдерінің журналистерін толғандырар тақырыптар ортақ болып шықты. Сол себептен, мұндай медиафорумның жиі өткенін қалаймын. Теңіздің экологиясы, бекіре тұқымдас балықтар туралы жазуда бір-бірімізден үйренеріміз көп», – деп ағынан жарылды ол. Байқауға берілген жұмыстардың көпшілігі Каспийдің келешегіне алаңдаушылық білдірген. «Лотос» МТРК-нің шеф редакторы Андрей Поперечнюктің айтуынша, ортақ алаңда Каспий келешегін жасауды басты назарға алу керек дейді. «Каспий – тұйық теңіз. Бәрі біледі, бәрі солай айтады. Бірақ, экономиканы алға тартып, теңіздің экологиясын, теңіздің маңызын, теңіздің биоалуандығын ұмытып кетеміз. Калькуляторды қосып, экономикалық пайданы ойлаумен бірге, теңіздің экологиясына көңіл аудару қажет. Бекіре тұқымдас балықтар, итбалық қауқарсыз ғой. Болашақта мұнай өндіруді, гидроэнергетиканы бақылаған дұрыс. Каспийдей теңіздің келешегіне алаңдаған журналистер бүгін медиафорумда пікір алмасты. Болашақта теңізді сақтап қалу жөніндегі ой-пікіріміз осындай форум аясында айтыла береді. Сол себептен, дәл осы форумның әсіресе, жас журналистерге берер пайдасы мол деп есептеймін», – деді. Каспий қайраңындағы бес мемлекеттің ортақ мәселесі – теңіздің болашағы, оның пайдалы қазбаға бай тұңғиығы және өсімдіктері, қайталанбас жануарлар әлемі. Неше жылдан бері бес мемлекеттің арасында Каспий қайраңын бөлісу бойынша келіссөздер жүргізіліп, ортақ мәміле жасалған жоқ. Сондықтан медиафорумның осы мәселені кеңінен талқылап, әр елдің Каспий бойынша ұстанымдарының негізгі тұстарын жария етуі Каспийдің шекаралық мәртебесін айқындауға өз үлесін қоспақ.