ЕҰУ профессоры Калифорниялық ғалыммен бірге конференция өткізді

ЕҰУ профессоры Калифорниялық ғалыммен бірге конференция өткізді

ЕҰУ профессоры Калифорниялық ғалыммен бірге конференция өткізді
ашық дереккөзі
ЕҰУ-дің профессоры Ұлбосын Есенбекова Оңтүстік Калифорния университетінің (USC) Провост профессоры Генри Дженкинспен конференция өткізді. Бүгін 23 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Оңтүстік Калифорния университетінің (USC) Провост профессоры Генри Дженкинстің қатысуымен конференция ұйымдастырылды. «Цифрлық дәуір: трансмедиалық технологияларды қолдану ерекшеліктері» деп аталатын конференцияны ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Оқу ісі жөніндегі Проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Ә.Оңғарбаев америкалық профессорға осы конференцияға қатысуға келісім бергені үшін алғысын айтып, құрылғанына 25 жыл толған  университет үшін халықаралық коллаборация әрқашанда стратегиялық бағыт болып қала береді деді.  width= Университет проректоры бұл конференция 2020 жылдың «ЖОО Үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы ЕҰУ-дің профессоры Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың бастамасымен өткізіліп жатқанын айтты. Университет профессорларының Американың үздік университетімен байланыс орнатуын жоғары бағалаймыз деді. Оңтүстік Калифорния университетінің Провост профессоры Генри Дженкинске екі университет арасындағы ғылыми байланыстарды дамытуға, біріккен ғылыми жобалар әзірлеуге шақырды.  width= Өзінің құттықтау сөзінде ЕҰУ-дің Проректоры Е.Ә.Оңғарбаев Еуразия ұлттық университеті Оңтүстік Калифорния университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасауға дайын екенін жеткізді. ZOOM платформасында өте мазмұнды, үлкен қызығушылықпен өткен конференция қазақ журналистикасы тарихында тұңғыш рет әлемге танымал америкалық профессор Генри Дженкинспен бірге өткізілді. Дженкинс Генри Оңтүстік Калифорния университетінің коммуникация және журналистика бойынша Анненберг мектебінің Провост профессоры. Оңтүстік Калифорния университеті әлемдік QS рейтингінде 120 орында тұрған атақты университет. Коммуникация мен медиа зерттеулер бойынша Американың ең үздік университеті болып саналады. Ал, университеттің Анненберг мектебі бүкіл әлем танитын ғылыми орталық. Конференцияны ұйымдастырушы профессор Ұлбосын Есенбекова өзінің кіріспе сөзінде цифрлық технологиялардың серпінді дамуы әрбір адамның, қоғам мен мемлекеттердің өмірін танымастай етіп өзгертіп жібергенін, ғаламдық коммуникация экономикалық интеграцияны күшейтіп, әлеуметтік және технологиялық дамудың қарқынын еселеп өсіргенін айтты. Қазақ елінің де жаңа заманға сай прогрессивті экономикалық парадигмаға негізделген модельді таңдағанына тоқталды. Профессор Есенбекованың «Ақпаратты жеткізудің медиа аралық стратегиялары» авторлық курсына қызығушылық өте жоғары, биыл бұл курсқа Еуразия ұлттық университетінің 25 магистранты жазылған екен. Магистранттардың бір курсқа осынша көп жазылуы өте сирек кездесетін құбылыс және ақпарат дәуірінде трансмедиалық технологияларға деген сұраныстың өскендігін көрсетеді. Конференцияда қазақ магистранттары профессор Есенбекованың жетекшілігімен америкалық профессорға сұрақтар қойды. Генри Дженкинстің ғылыми зерттеулерінің бағыттарымен, медиаконвергенция мен трансмедиа сторителлингтің америкалық медиа индустриядағы орны мен даму тенденцияларымен танысты. Магистранттардың «Профессор, сіз бұқаралық мәдениет теориясын зерттеген ғалымсыз. Бүгінгі жастарға коммуникативті тенденциялар күшті әсер етуде. Қазақ жастары да интернетке, жаңа коммуникациялық формаларға тәуелді болып өсуде. Сіз қалай ойлайсыз? Жастар жасанды интеллект дамып, жастар ертең өз бетінше ойлауды, анализ жасауды ұмытып қалмай ма?» деген сұрағына Дженкинс мырза таңырқаған кейіппен, салмақты жауап берді. Оның ойынша, «бұл ХХІ ғасырдың қиындығы. Менің елімдегі сияқты сіздің елде де жасанды интеллект адам еңбегін алмастырады деп қорқамын. Мен бұл туралы америкалықтармен сөйлескенде жұмыссыз қалудан, табысынан айырылудан қорқатын адамдардың көп екенін байқадым. Адамға пайдалы технологиялар үлкен қауіп-қатерге де әкелуі мүмкін. Тіпті, технологиялық компаниялар мен үкіметтердің қолданатын технологияларға адамдар сенбейді, қорқынышпен қарайды. Менің ойымша, бұл біз назар аударатын мәселе». Профессор Дженкинстің «Конвергенттік мәдениет» атты кітабын профессор Есенбекова «must read» деп бағалайтынын айтқан магистранттар америкалық ғалымның Анненберг мектебінде айналысатын ғылыми жобалары туралы сұрады. Дженкинс мырза өзінің зерттеу тобында USC-дің 15 магистранты жұмыс істейтінін айтты. Олар бірлесіп «трансмедиа мәдениетінің саяси әсерін зерттейтіні, біздің алғашқы жоба Америка Құрама Штаттарындағы белсенді жастар туралы, миграция, адам құқығы, экологиялық мәселелер, мұсылмандар құқықтары туралы ғылыми еңбектер жазатыны» туралы ақпарат берді. Конференцияда (ашық сабақта) сөйлеген Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы осындай үлкен шараны бастаған, ұйымдастырған Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбековаға ризашылығын білдірді. Екі университеттің ғалымдары бірлесіп ғылыми жобаларды іске асыруды қолдайтынын айтты. Оңтүстік Калифорния университетінің Провост профессоры Генри Дженкинске ризашылығын білдіріп, Қазақстанға келуге шақырды. Конференция жұмысын қорыта келе Ұлбосын Есенбекова адамзат дамуының технологиялық сингулярлық кезеңі туралы мәселелердің күн тәртібіне шығарылуы бүгінгі талқыланған трансмедиалық технологияларға да қатысы бар екенін көрсетті. Телерадио және қоғаммен байланыс кафедра меңгерушісі Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлының айтуынша, бұндай форматта тұңғыш рет өткен жиын кафедра ғалымдарының жоғары деңгейін және халықаралық зерттеулер жүргізуге деген зор әлеуетін көрсетті. Медиаконвергенция мен трансмедиа  концепциясы авторларының бірі Дженкинс мырзаның конференцияға қатысып, өз ойларымен бөлісуі де талқыланған тақырыптың маңызды екенін дәлелдейді. Америкалық ғалымдармен бірлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми коллаборация екі университетке де тиімді екенін айтты. Генри Дженкинс конференцияға шақыру үшін алғысын білдірді. Екі елдің арасында ғылыми байланыс орнату мүмкіндігін өте жақсы бағалайтынын, Қазақстан ғалымдарымен кездесіп, жақынырақ танысқысы келетін айтты. Қазақ магистранттарына «бұқаралық медианың рөлін жақсы түсінуге деген ынталарыңыз мені таңқалдырды. Атлантада түн ортасы болса да, сіздермен сөйлесу мүмкіндігі маған қатты ұнады» деп сөзін түйіндеді. Конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің проректоры Е.Ә.Оңғарбаев, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Ө.Сақ, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі С.М.Дүйсенғазы, профессорлар мен оқытушылар, магистранттар мен докторанттар, Назарбаев университетінің өкілдері қатысты.