Ұлағат

Ұлағат

Ұлағат
ашық дереккөзі
Елімізге белгілі қоғам қайраткері, ғалым, эколог деңгейіне кө­теріл­ген Мұсағали Дуамбековтің қалыптасу жолындағы өмір­дерегіне тоқ­талсақ. Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келген Мұсекең жас­тайынан алғыр, зерек болып өседі. Орта мектепті өте жақсыға тә­мамдаған соң, Қазақ политехни­калық институтын инженер құрылысшы мамандығы бойынша лениндік стипендиямен үздік оқып, бітіріп шығады. Қазіргі Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің аспиран­турасын бітіріп, 1990 жылы Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтында техника ғылымдарының кандидаты, ал 2001 жы­лы елімізде «Қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын тиім­ді пайдалану» тақырыбында техника ғылым­дарының докторы ғы­лыми дәрежелерін сәтті қорғап шығады. Сонымен қатар, 1999 жылы «Еуразия» және «Экология» ха­лық­аралық академияларының академигі атанып, 2003-2004 жыл­дары «Геоэкология» мамандығы бойынша доцент, про­фес­сор ғылыми атақтарын алады. Иә, әкеден ерте айырылған Мұса­ғали Сәрсенбайұлы ерте есей­ген азамат. Алайда ол өмір қиын­дық­тарын­да құрыштай шыңдалып, қанаты қайы­рылмай өсті. Дүние қумай, білім­нен өріс іздеді. Зерек баланың санасына сәуле түсірген ата-баба өсиеті өз заман­дас­тары арасынан дара шығуына жол аш­қан еді. Жалпы Мұсағали мектеп қа­бырғасында жүріп-ақ, болашағын бол­жап, өмір белестерін бағдарлап қой­ған-ды. Мұсекең еңбек жолын 1983 жы­лы Қазақ политехникалық инс­титутының Қаратау инженерлік-құры­лыс кешенінде оқытушы, 1985 жы­лы Куйбышев атындағы Мәскеу ин­женерлік-құрылыс институтында оқы­тушы-стажер болып бастап, бір қатар оқу орындарының деканы, проректоры және ректоры қызметіне дейін кө­терілді. 1990-1996 жылдары Қаныш Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық тех­ни­калық университетінде оқытушы, аға оқы­тушы, декан болды. 1996-1998 жыл­дары Тараз университеті инженерлік-тех­никалық мамандықтарының Қара­тау оқу-ғылыми методикалық кешені ди­ректорының орынбасары, «Кәсіп­орын­дарды тарату және қайта құру агент­тігі» АҚ Жамбыл филиалы дирек­торының орынбасары қызметтерін атқарды. Оқу орындарынан бөлек, мемле­кет­тік талай қызметтерде де Мұ­са­ғали Сәрсенбайұлы биік белестер­ден көрінді. 1998-2000 жылдары Жам­был мемлекеттік мүлік және жеке­ше­лен­діру аумақтық комитетінің төрағасы бо­лып жұмыс істеді. Одан кейінгі жыл­дары Тараз мемлекетік универ­ситеті жа­­нындағы экологиялық-эконо­ми­ка­лық мәселелер ғылыми-зерттеу инс­ти­ту­тының аға ғылыми қызметкері, Қазақ көлік және коммуникациялар акаде­мия­сы Ақмола филиалының дирек­торы, «Жасыл ғаламшар үшін» эколо­гия­­лық қозғалысы» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы қыз­мет­терін атқарды. Ал соңғы жылдары «Қа­рабура әулие мәдени орталығы» қоғамдық қорының президенті болған Мұсекең тарихи-танымдық тұрғыда да көптеген еңбек етті. Мұсағали Сәрсенбайұлы Қазақ­стан Республикасының Қор­ша­­ған ортаны қорғау және экология ми­нистрі мен Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лерінің кеңесшісі қызметтерін абы­роймен атқарды. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Адал­дық алаңының» және Мемлекеттік қыз­мет істері және жемқорлыққы қар­сы іс-қи­мыл агенттігінің арнайы мо­ни­торинг тобының мүшесі сынды көп­теген комитет пен ұйымның ілкімді істерінің ұйытқысы болды. Бір­неше рет Парламент Мәжілісінің де­путаттығы мен Ел президенттігіне үміт­кер ретінде ұсынылып, талай саяси до­далардың ортасында жүрді. Осындай ең­бектері ескеріліп, Мұсекең көптеген Халық­ара­лық және мемлекеттік наг­ра­далармен марапатталды. Мұсекең іскер ұйымдас­тыру­шы­лық қырымен қатар, талантты ғалым ретінде де 100-ден астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы болды. Оның «Қазақстан эко­ло­гиясы», «Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі», «Экологиялық менед­ж­мент» және тағы басқа кітаптары оқыр­ман қы­зығушылығын тудырды. Бүгінде Мұсағали Дуамбеков же­тек­шілік еткен халықаралық ұйым экологияның барлық қолданбалы са­ласында, экологиялық ақпаратты та­рату, экологиялық мінез-құлық және са­на-сезім қалыптастыру, экологиялық бі­лім беру саласында жұмысын жал­ғас­тырып жатыр. Сонымен қатар, ак­а­де­мия­ның негізгі қызмет бағыттарының бірі – оқу құралдарын әзірлеп тарату. Ака­демияда дүниежүзі мойындаған халықаралық сапа стандарттарына өн­дірушілерді үйретуді жүзеге асырып келеді. Бұл Бүкіләлемдік сауда ұйымына мү­ше мемлекетіміз үшін сәйкестік өл­шем­­дерінің бірі болып саналады. Елі­мізде тұңғыш рет жоғарыда айтылған «Экологиялық таза өнім» стандарты бекі­тіліп, оны өндіріске енгізу ісін ака­демия абыроймен атқарып келеді. Еліміз бойынша таза өнім, табиғи зат екенін танытатын «халал», «био», «органик» және «эко» қатарлы ха­лық­аралық стандарттау жүйесі жұ­мыс істейді. Әрбір жүйенің өзіндік ерек­шелігі мен маңызы бар. Осының ішін­дегі бүгінгі таңда еліміздегі 150-ге жуық компанияға эко стандарттық сер­тификатын Мұсағали Сәрсенбайұлы бас­қарған Халықаралық экология ака­демиясы беріп келеді. Иә, ұрпақ санасына елдік ұғымды ұялатып, ұлттық рухты сіңіру жо­лында да бірқатар жұмыстарды тех­ни­ка ғылымдарының докторы, про­фес­сор Мұсағали Дуамбеков атқарды. Қа­рап отырсақ, шын мәнінде Мұсекең эко­лог, ғалым, саясаткер, ұстаз, руха­ният жанашыры бола білді. Таңдап алған салалары қазіргі қазақ қоғамы үшін аса маңыздылығымен құнды еді. Ен­деше, Мұсағали Сәрсенбайұлының елге, ұлтқа, қазақ қоғамына жасаған ең­бегі ерен десек артық айтпаған болар едік. Қазақтың аяулы ұлдарының бірі, қоғам қайраткері, ҚР «Азамат­тық альянсының» вице-президенті, Халықаралық экология академиясының президенті, Техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали Дуамбе­ков­тен қатерлі індеттің кесірінен көз жа­зып қалғанымызға да жылға жуық­тап қалыпты. Мұсағали ағамыз елдегі де­мократия мен азаматтық қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлт­жан­ды, мемлекетшіл азамат еді. Әрі эко­логиялық ахуалға алаңдап, талай тың ғылыми жобаларға жетекшілік еткен бірегей ғалым. Әрине, елге, ұлтқа деген махаб­баты ерекше Мұсағали Дуамбе­ков ағамыздың атқарғанынан әлі атқа­рар ісі көп еді. Артында жақсы істері мен жарқын ізі қалды. Жолдасы Айгүл мен балалары Мұсекең салған сол сара жолды бүгінде жалғастырып жатыр. Елімізге төтеннен келген індетті жеңемін деген Мұсағали Сәрсен­байұлы­ның рухы да, жігері де жеткілікті еді. Амал не, Алаштың аяулы ұлы, асыл жар, аяулы әке Мұсағали Дуамбеков аман болғанда биылғы мамыр айының ба­сында асқаралы алпыс жасқа толар еді...

Болатбек Төлепберген