Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» жобасы біздің өмірімізді өзгертті

Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» жобасы біздің өмірімізді өзгертті

Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» жобасы біздің өмірімізді өзгертті
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желілерде Мәс­кеу көшелерінің бі­рін­­де жүріп, орыс жазушы­ла­ры­ның өмірін қазақ тілінде си­паттаған мәскеулік екі қыз­дың видеосы көпшілікті таң­ғалдырған болатын. Осыдан кейін «қазақша акценті бар мәс­кеулік қыздар» атанған Анас­тасия Решетникова мен Елизавета Осипова көп ұзамай «Москва қазақша» жобасын құр­ды. Ресей туралы қазақша ай­тып қана қоймай, Қазақстан тура­лы да көп білетін сол мәс­кеулік қыздардың бірі Анас­тасияға хабарласып, әңгімеге тарт­қан едік. https://www.youtube.com/watch?v=02Cqb2KAuOM – Мәскеу мемлекеттік линг­вис­ти­­ка­лық университетінде оқып жүр­ге­ніңізде екінші шет тілі ретінде қазақ ті­лін өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде? – Жоқ, қазақ тілі оқу бағдарламасында мін­детті түрде оқылатын пәндердің бірі бол­ды. Лиза екеуіміз аймақтану фа­куль­те­тінде бір топта оқыдық. Бірінші курстың екін­ші семестрінде оқу бағдарламасы бойын­ша екінші шет тілі ретінде қазақ ті­лін оқитынымызды естігенде, қуанғанымыз әлі есімде. сол кезде топтағы он біріміздің түгеліміз дерлік түркітілдес халықтың тілі өте ерекше екенін атап өткенбіз. Оның үсті­не айналамызда қазақ тілінде сөйлейтін еш­кім жоқ, сол себепті бізге қазақ тілін қа­лай меңгеретініміз қызық болды. Бірінші са­бақтан-ақ өміріміздің жаңа кезеңі бас­талатынын түсіндік. Өйткені қазақ тілінен са­бақ берген Ұлжан Мұсабекова деген апайы­мыз алғашқы дәрісінде қазақ хал­қы­ның тұрмысы, мәдениеті, табиғаты туралы ай­тып, ұлттық тағамдардың суретін көр­сетіп, бізді басқа бір әлемге сүңгітіп жі­бер­гендей болды. Сол сабақта Қазақстанға барып қайтқандай әсер алдым. Сонымен қа­тар, дәл осы сабақта қазақ тілінің қалай ес­тілетінін сезінетініміз жайлы жазуға тапсырма берілді. Бұған дейін қазақ тілін мүл­де естімеген кейбіріміз үшін бұл қы­зық­ты жаттығу болды. Әрқайсымыз өз нұс­қа­мызды жазып, соңында талқылаған кезде қа­зақ тіліндегі сөйлемнің дыбысталуы біз елес­теткеннен мүлдем басқаша екенін біл­дік. Осылайша Ұлжан Есенқызының әзірлеп әкел­ген түрлі тапсырмалары арқылы бі­рін­ші сабақтан-ақ барлығын ысырып қойып, қа­зақ тілін үйренеміз деп шештік. Негізі, біз бұ­рын-соңды мұндай әдіспен оқып көр­мегенбіз, сол себептен болар, көп нәрсені білуге деген қызығушылық бәрінен басым болды.  width= – «Москва қазақша» жобасын құру әу баста кімнің идеясы болды? – Бакалавриат бөлімін бітірген кезде то­­бымызбен қазақ тілін қалай үйрен­ге­ні­мізді, сондай-ақ, «Армандастар», «Дударай» жә­не «Сұлу қыз» әндерінің қайырмасын ай­тып бір видео түсірген болатынбыз. Сол ви­деоны топтағы белсенді құрбымыз Ксе­ния Быкова әлеуметтік желідегі парақ­ша­сына жүктепті. Қарасақ, бірнеше күннің ішін­де әлгі видео жан-жаққа тарап, көп­ші­лік біздің қазақ тілінде ән айтқанымызға ри­зашылығын білдіріп, жағымды пікір жа­зыпты. Сол кезде қазақ тілін үйрен­ге­ні­міз­дің маңызы зор екенін ұқтық. Сосын ма­гистратура бөлімін бітірерде Лиза «Осы екеуі­міз видео түсіріп, Мәс­кеу жайында қа­з­ақша айтсақ қайтеді?» деген ұсынысын біл­дірді. Қазақ тілін одан әрі же­­тілдіргім келіп жүрген мен мұны қуана қабылдап, ақы­­рында екеуіміз кішігі­рім команда жи­нап, жұмысқа кірісіп кеттік. Бірінші шы­ғары­лымды көр­ген көпшіліктің қоше­ме­­тінде шек болмады. Шы­ны керек, жобаны бас­тар алдын осыншалықты үлкен ау­­ди­тория­ны қамтимыз деп еш ойламадық. Сон­дай-ақ, өзі­міз мәскеулік болсақ та, осы жо­ба арқылы қаланың көрнекі жерлерін қазақша си­паттаймыз деп Мәскеу туралы бұрын-соңды білмеген деректерді білдік. Оған қо­са, көптеген адаммен байланыс ор­натып, дос­тарымыздың қатары көбейді. Қа­ра­­пайым халықтан бөлек, ресми өкіл­дердің де алғысына бөлендік. Былтыр Лиза екеуі­міз­ге Ресейдегі Қазақстан елшілігінің өкіл­дері Қазақстан Президентінің алғыс ха­тын арнайы табыстады. Ресейде жүріп, өзге ел­дің Мемлекет басшысының атынан осын­дай хат аламыз деп ойламаппыз. Пре­зи­­дент­тің Ресейде әзірлеп жүрген жо­бамызды елеп-ескергені бізді қатты қуант­ты. Жалпы, бұл біз үшін берері мол жоба болды. Тіпті, бұл жоба Лиза екеуіміздің өмі­рімізді өз­герт­ті десем де болады. https://www.youtube.com/watch?v=LNmtYy2G-xk – Бір шығарылымдарыңызда қазақ ті­лін үйрену оңай болған жоқ екенін ай­тып қалдыңыз. Тілді меңгеру ба­ры­сында қандай қиындыққа жолық­тыңыз­дар? – Негізі, қазақ тілін үйрену қиын емес. Де­сек те бастапқыда қазақ тілінде ойды бей­нелі ойлау арқылы жеткізетіндіктен, көп нәрсені түсінбедік. Сосын қазақ әріп­те­рін дыбыстау оңай болмады. Бірінші курста ғ, қ, ү, ұ әріптерін тез үйреніп алдық, бірақ оқу бітіргенге дейін ң әрпін айта алмай, әлек­ке түстік. Бәлкім, бұл әріп сөйлемнің ор­тасына келетін болған соң, оған дұрыс мән бермеген болармыз. Десек те кейіннен ң әрпін неліктен айта алмайтынымды зерт­теп көргенімде, сөйлеу кезінде негізгі ек­пін­ді осы әріпке қою керек екенін түсіндім. Со­сын тағы бір мәселе – айналамызда қазақ ті­лінде сөйлейтін жалғыз адам Ұлжан Есенқызы ға­на болды. Ал ұлты қазақ адаммен таңнан кеш­ке дейін сөйлесе берсең, сол кісінің сөй­леу мәнеріне үйреніп кетеді екенсің. Со­сын басқалардың сөйлегенін естігенде не айтып тұрғанын түсіне алмай, дал боласың. Сол себепті қазақ тілін толық түсіну үшін жаңалықтарды көп қарап, бағдарламалар мен телехикаялар көру керек екенін ұқтым. Негізінде, көпшілікке қазақ тілі қатаң бо­лып естілуі мүмкін. Бірақ шындап кел­генде қазақ тілі – өте әуезді тіл. Мұның әуезді тіл екенін қазақ тілін үйреніп жүрген адам ғана түсінеді. Сингармонизм заңын жетік білген соң, әдепкіде оғаш естілген қ, ғ, ә, ө әріп­терінің дыбысталуынан бір әсемдікті бай­қайсың. Бұл әріптердің де өзіндік «мис­сиясы», өзіндік әуезі бар екенін түсінесің. Бас­тапқыда осы сиқырды білмегендіктен, акцентпен сөйлейтініміз қатты білінді. Кейде сөйлемдерді дұрыс құрастыра алмай, ар­тынан сөз естіп жатамыз. Әлеуметтік же­лілерде жіті қадағалап отыратын көпшілік «мы­на сөздің дыбысталуы дұрыс емес», «мы­на сөзді дұрыс аудармадыңыздар» деп сөз­бен «сойып» кететін. Сосын сол әлеу­мет­тік желіде дау туғызған бір сөйлемді қазақ­шаға қалай аударған жөн деп сұрау салсақ, ізінше бірнеше нұсқа жібереді. Сөйтіп, ең ақырында Лиза екеуіміз қайсысын таңдаған дұрыс деп бас қатырып, синонимдердің ара­сына «көміліп» отырамыз. Қазақ тілін үй­реніп жүргенімізге бірнеше жыл болса да, кемшін тұстарымыз көп екенін білеміз. Десек те барлығы бірден жетік меңгеріп кетпейтіні белгілі ғой. Қайта бізге айтылған сынды қабылдап, түзетулерді ескеріп, қызықты сөздердің мағынасын түсінген әлдеқайда қызық.  width= – Әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­да Алматы қаласында түсірілген фо­то­суреттеріңіз көп екен. Соған қарағанда Ал­маты қаласы сізге қатты ұнаған болуы керек? – Алматыға үш рет, Нұр-сұлтанға екі рет, Шымкентке бір рет бардым. Үш қалада да жылылықты сезіндім. Әсіресе, халықтың қонақжайлығы қатты таңғалдырды. Бірақ, Алматы десе ішім жылып сала береді. Алма­тының көздің жауын алатын көрінісін тағы бір рет көруді армандаймын. Қала мен тау­дың өзара үйлесім тауып, ерекше әсем кө­рініс қалыптастырғаны таңғалдырады. Ал­маты еңбек демалысына баратын немесе бола­шақта өмір сүруге қолайлы қала деп біле­мін. Ал Нұр-Сұлтанның орналасқан жері ұнайды. Жоғары қабатқа көтерілген кез­де мыңдаған шақырымға жайылып жат­қан жазықты көріп, аң-таң болғанмын. Кеңіс­тіктің шегі жоқ секілді көрінді. Бір айта кетерлігі, бастапқыда Қазақстанның бар­лық аймағында қазақ тілінде бірдей сөй­лейді деп ойлаған едім. Бірақ Қа­зақ­станға алты рет келгенімде әр өңір тұр­ғын­дарының қазақ тіліндегі сөздерді ды­быс­тау­да өзіндік ерекшеліктері бар екенін бай­қадым. Әсіресе, Шымкент жақта көп­шілік диа­лект қолданады екен. Мұндайды біл­мей­тін адамға бұл ортаға кірісіп кету қиын еке­ні белгілі. Шымкентке барғанымызда кө­шеде кездескен адамдармен әдейі қазақ ті­лінде сөйлесіп, қаланың қай жеріне бар­сақ болатынын сұрастырдық. Ақыр соңын­да ­жолымызда кездескен адамдардың көп­шілігі «Сіз­дермен орысша сөйлескен дұрыс болар» деп орысша сөйлесті (күліп). Тағы бір таң­ғал­ғаным, түйе, бүркіт, жылқыны жасына қа­рай әртүрлі атайды екен. Мысалы, бізде жыл­қының жасы кіші болсын, үлкен бол­сын, «лошадь» деп айтамыз ғой. Ал сіздерде жануардың әр жасына сай атау беріледі екен. Тарихтан түсінгенімдей, қазақ халқы ежелден жануарларға ерекше қамқорлық жа­сағаннан осылай атайтын болса керек. Со­сын «сүт пісірім уақыт», «қас пен көздің ара­сы» секілді уақыт пен қашықтыққа қа­тысты айтылатын тұрақты сөз тіркес­тері­нің мағынасын түсінгенде аң-таң болғаным бар.  width= – Қазақ тілін меңгергеніңізден бө­лек, әр жылдары Мәскеуде тұрған қа­зақ қайраткерлерінің өмірі туралы көп дерек білетініңізге таңғалдық. Бұл мә­­ліметтерді университетте оқы­тыл­ған дәрістерден білесіздер ме, әлде өз­деріңіз ізденіп, тауып алдыңыздар ма? – Жоғарыда айтып өткенімдей, жоба бары­сында біз де көп мәліметтен хабардар бо­лып, көзіміз ашылды. Қазақстанға қа­тыс­ты деректердің біразын университеттегі дә­рістерден білеміз, десек те екеуіміз де тү­сірілімге дайындалу барысында өз бе­ті­мізше іздендік. Қазақ тілін оқи бастаған кез­де тек тілді үйреніп қана қоймай, соны­мен қатар, тарихқа көз жүгіртіп, Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс, өзара ал­масулар мен келісімдер туралы білгіміз келді. Сөйтіп, Мәскеуде Жаханша Дос­мұха­медов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бө­кейханов тұрған үйлердің тарихын зерт­теп, Алматы метростансасы мен Абайдың ескерткіші туралы біраз мәлімет іздестірдік. Көрнекі жерлерді сипаттаудан бөлек, тұрақ­ты түрде екі айдар жүргізіп отырдық. Был­тыр жап­пай карантин енгізілгенде бос отырмайық деп «Карантинный казахский» айдарын жүргіздік. Онда Қазақстанға сая­хаттап барғысы келетін орыс тілді сая­хат­шының білуі керек негізгі сөйлемдерді, мы­салы әуежайдан түскенде такси шақыру, так­си жүргізушіге мекенжайды айту, қо­нақүйге орналасу кезінде айтылатын сөз­дерді үйреттік. Бұдан бөлек, Мәскеуде тұра­тын қазақcтандықтармен, атап айтқанда Е.Вах­­тан­гов атындағы мемлекеттік театр­дың ре­жиссері Гүлназ Балпейісова мен «Хор Ту­рец­кого» тобының солисі Әлібек Әлмә­диев­пен сұхбат жүргіздік.  width= – Қазір Лиза Нұр-Сұлтанда, сіз Мәс­кеуде жұмыс істейтіндіктен, жобаның жұмысында кідіріс бар секілді көрі­неді. Соңғы шығарылым былтыр қазан айын­да жүктеліпті. Алдағы уақытта жо­баның жайы не болмақ? – Қазір Лиза Нұр-Сұлтанда Ресейдің Қа­­зақстандағы елшілігінде қызмет ат­қа­рады. Ал мен Мәскеуде пиар агенттікте жур­налист болып жұмыс істеймін. Екеуіміз екі елде тұрып жатқандықтан, бұрынғыдай тү­сірген бейнематериалды тез арада жүктей салу оңай емес. Лиза Нұр-Сұлтанда түрлі видеолар түсіріп, сұхбаттар ұйымдастырып жүр, мен де Мәскеуде қол қусырып отырған жоқ­пын. Тек екеуіміздің жасаған дүниемізді бір видеоға біріктіруге уақыт таба алмай жүрміз. Қазір екеуімізде де атқарар шаруа көп. Алдағы уақытта бар уақытымызды осы жобаға арнағымыз келеді. Бірақ ол үшін көп қаражат керек екені айтпаса да түсінік­ті. Дегенмен жуырда қаржы мәселесі шеші­ліп, қызықты видеолар жүктейміз деп ой­лаймын. Лиза екеуіміз күн сайын сөйлесіп, бұл жобаны дамыту туралы небір қызықты идеялар бөлісеміз. Екеуіміздің екі елде тұруымыз жобаның жұмысына жаңа серпін бер­месе, кедергі келтірмейді. Керісінше, екеуі­міз екі жақта жүріп-ақ, «Москва қазақ­шаның» контентін байыта аламыз деп ой­лай­мын. Бүгінде бізде Ресей аумағынан ары асып, Қазақстан аудиториясын «жаулауға» мүм­кіндік бар. Лизаға контент жа­сау оңай, себебі ол күн сайын қазақша сөй­леп, қазақ тілін дамытып жүр. Дегенмен мен де қазақ тілін ұмытып қалмау үшін түр­лі материалдар оқып, сөздік қорымды байы­туға тырысып жүрмін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ