Ерлан Саиров: Шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Атырау облысындағы Көптоғай ауылының тұрғындарын алаңдатқан Қазақстан-Ресей шекарасына қатысты мәселеге орай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

«Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай елді мекеніндегі қалыптасқан жағдайды сараптап шықтым. Кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болған. Шекараны айқындаған кезде, ішкері еніп кеткен.

Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан Өкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы қажет.

Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірбиесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескере отырып, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал.

Онан кейін, Ресеймен шекараның басқа да периметрлерін тағы да тексеріп шығу маңызды.

Халықтың мал- жанын бағатын, ауыз суын алатын жағдайды ескеру басты мақсат болуы тиіс.

Осы мәселе төңірегінде Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі ретінде, Өкіметке, Шекара қызметіне хат дайындаймын деп жазды Мәжіліс депутаты.

Back to top button