Мамыр айында зейнетақыға 40 мың теңге үстемақы қосылатыны рас па — министрлік түсініктеме берді

Мамыр айында зейнетақыға 40 мың теңге үстемақы қосылатыны рас па — министрлік түсініктеме берді

Мамыр айында зейнетақыға 40 мың теңге үстемақы қосылатыны рас па — министрлік түсініктеме берді
ашық дереккөзі
Қазақстандық зейнеткерлер мамыр айында зейнетақыға 40 мың теңге мөлшерінде үстемақы алатыны туралы жалған хабарлама таратуда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады stopfake.kz. «Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде мамыр айынан бастап зейнетақыларға 40 мың теңге мөлшерінде жаңадан үстемақы төленетіні туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамада зейнетақыларға үстемақы мен қосымша ақы төлеу қарастырылмаған. Қазіргі кезде зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы зейнетақы», – деп түсіндірді ведомствода. Бүгінде зейнеткерлік жасқа толған қазақстандықтардың мынадай төлемдерге құқығы бар: – зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) зейнетақы жасына жеткен барлық адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-тен 100% дейінгі мөлшерде берілетін базалық зейнетақы төлемі); – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде ынтымақты зейнетақы (мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы алдындағы кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты); – қалыптастырылған зейнетақы жинақтары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері (олар таусылғанға дейін). 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар 7% өсті, 1 сәуірден бастап қосымша тағы 5% индекстелді, бұл жиынтығында 2019 жылмен салыстырғанда ынтымақты зейнетақының 12% өсуін қамтамасыз етті. Сондай-ақ базалық зейнетақы мөлшері де екі рет көтерілді. Оның өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10% құрады. 2021 жылдың басынан бері ынтымақты зейнетақы 7%, базалық зейнетақы 5% өсті. Министрлік фейк хабарламаларға назар аудармауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге шақырады. Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын еске салды.