Қатыгездіктің күшеюі – қоғамның осалдығы

Қатыгездіктің күшеюі – қоғамның осалдығы

Қатыгездіктің күшеюі – қоғамның осалдығы
ашық дереккөзі
Адам өмірі – ең аяулы да ұлы құндылық. Өйткені жер бетін­де тіршілікке әр беріп тұрған одан асқан киелі де қа­сиетті нәрсенің өзі жоқ. Бірақ пенденің санасы тереңдеп, ақы­лы толғанша қадірлей бермейтіні де сол өмір. Сон­дықтан бәріміз «Өте өкінішті, өмір сондай қысқа, жіберген қателігімізді түзетіп үлгермейміз» немесе «Өмірдің қыс­қалығы сонша, ол туралы ойланып та үлгермейміз» деген сияқ­ты қанатты сөздерге бас изеп, «дұрыс айтылған» деп мойындай алсақ та, оның мәнін санамызға сіңіріп, ақы­лымызға жетекші қыла бермейтініміз бар. Әрине, адам баласы «денсаулықтың қадірі ауырғанда біліп», жер басып жүргеніне шүкірлік ететін кезі аз емес. Ол заңды да. Әр пенде өз өмірінің қаншалық қымбат екенін сезіне түскен сайын өмірді қадірлей түседі. Ал өзгенің өміріне келгенде көп адамның салқынқандылықпен қарауы, кейде тіпті қатыгездік танытатыны түсініксіз. Бұл тасбауырлықтың түп-төркінін саналы адам ертеден іздеумен келеді. Бірақ әркімнің жаратылысы о бастан әр басқа болғандықтан біз мұны адамның болмысынан көруге бейім тұрамыз. Әуел баста қатыгездікке баруға себепші болған адам бойындағы қызғаныш сезімі дейді діни түсінікте. Адам баласының жаралып, одан соң жер бетіне таралуы туралы ислам аңызында мынадай бір оқыс оқиға айтылады: «Адам ата мен Хауа ананың әуелгі баласы Қабыл еді. Қабылмен бірге егіздің сыңары қыз туды. Ол өте сұлу, Ақлима есімді қыз еді. Екі жылдан соң Әбілмен бірге бір қыз туды. Оның есімі Лабуда еді. Лабуданың сұлулығы Ақлимаға жетпейтін. Бұлар өскенде хақтағаладан әмір келіп, «Лабуданы Қабылға, Ақлиманы Әбілге неке қыл», – дейді. Адам ғ.с. Хақ сүбіхана уа тағаланың үкімін Қабыл мен Әбілге жеткізгенде, Әбіл разы болып, Қабыл разы болмайды. Ол: «Мен өзіммен бірге туған Ақлимаға тиістімін», – деп ашуланады. Мұнан соң Адам ғ.с: «Құрбан шалыңыз, қайсыларыңыздың құрбаныңыз қабыл болса, Ақлиманы сол алсын», – деді. Қабылдың кәсібі егін егу еді де, Әбілдің кәсібі хайуан асырау еді. Қабыл құрбандық орнына бидай әкеп шалды да, Әбіл семіз түйе шалды.Әбіл құрбанының қабыл болғаны үшін Алланың үкіміне разы болды. Қабыл құрбандығының қабыл болмағаны себепті Алла үкіміне ашуланды. Қабылдың күншілдігі артып, ашумен Әбілге: «Мен сені өлтіремін», – деді. Әбіл ағасына: «Ақиқатында Алла тағала жақсы адамның құрбанын қабыл қылады. Сенің құрбандығың қабыл болмауы менен емес, өзіңнен. Сен мені өлтіру үшін қол көтерсең де, мен сені өлтіру үшін қол көтермеймін, өйткені Алладан қорқамын. Мені өлтірмек болсаң, адам өлтіру күнәсімен тамұқтық болуыңды тілеймін. Тамұқтық болмақ – залымдар жазасы», – деп, Әбіл Қабылдың өлтіруіне бойұсынды. Қабыл Әбілді өлтірді. Қабыл жазаланып, өкінушілер қатарына кірді. Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін жүз жыл тіршілік етті. Сол жүз жыл ішінде бір рет ашыла күлмеді». Бұл аңыздың тағылымы сол, адам баласы өз бойындағы өзімшілдікті жеңбесе, сәл нәрсе үшін үлкен қылмыс жасап, ауыр күнәға батады екен. Алайда уақыт өте келе адамдардың өздері де, өзара таластары таласы көбейіп,  бір-біріне қатыгездік жасауға түрлі себеп табыла бергені хақ. Біз бүгінде өткен замандарда болған түрлі соғыстар мен адамдар арасындағы кек қайтарулар жайында оқып білгенімізде ол кезде тірлік кешкен пенделердің түсінігі тарлықтан сондайға барды деп кіналауға дайын тұрамыз. Соғыстар мен адамдарды шыбындай қырғандарды айыптаймыз. Ал қазір ше, ондай қасіреттер жоқ па әлемде? Біз жасап жатқан қоғамда ше? Өкініштісі сол, біздің қоғам да жантүршігерлік қаталдық құрбандарынан ада емес... Неге екені белгісіз, кез келген оқиғада қоғамның пікірі екіге айырылып, біреулер қатыгездерге қатал қарап «оларды аяусыз жазалау керек» аттандаса, екінші біреулер «амалсыздан барған ғой», «байқамай қалған шығар» деп болған іске айыпты болғанды ақтауға бейім тұрады. Кейде екі адамның арасында келіспеушілік жүз берсе «ұлты басқа болғасын аясын ба» деп мәселеге тым жоғарыдан қарайтындар табыла кетсе оны да белгілі бір дәрежеде (әркімнің-ақ өз ұлтының өкіліне бүйрегі бұрып тұратыны қалыпты жағдай ғой) түсінуге болар, ал енді өз қандасын да аямайтын, тіпті жақын туыстарына да қиянат қылған беті бүлк етпейтін қаныпезерлерді қалай түсінуге болады? Бұрын да мойнына кісі қанын жүктеп, темір тордың аржағында ұзақ отырып психикасы бұзылғандардың жағдайын түсінуге болар, ал өмірінде ешқандай қылмысқа қол ұрмаған, әжептәуір білімі бар, қоғаммен қарым-қатынасында ешқандай жаманатқа ілікпегендердің ауыр қылмыс жасауын ұғу қиын... Жалпы бір кезде мемлекеттер арасындағы басып алу мен оған қарсы тұрушылар арасындағы соғыстар жиі болған кезеңде адам өлтіру қалыпты құбылысқа айналса, кейін қылмыс әлемі азаматтық қоғамға әсер ете бастағанда (ол үрдіс әлі де тоқтады деу қиын) дүние-мүлікті заңсыз жолмен иемденіп кету үшін немесе қандайда бір қылмысты жасыруға мүдделілер тарапынан болып кісі өлтіру қоғам үшін соншалық үйреншікті жағдайға айналмаса да жалпыға белгілі, жүрт таң қала бермейтін жайтқа айналғаны белгілі (мәселен өткен ғасырдың 90-жылдарында пайда болған рэкеттік қылмыстық топтардың әрекеттері). Ал бүгінгі дәуірдегі, әсіресе жастар арасында болып жатқан адам өлтіру факттеріне келсек, соңғы ширек ғасырдағы ғаламтордың дамуына байланысты қатыгездікті насихаттайтын түрлі киноларды көріп, атыс-шабыстан тұратын виртуалды ойындарға жастардың шектен тыс үйір болуы зор әсер етіп жатқан сияқты. Нсіне жасырамыз, Интернетте санасы қалыптасқан жас балаларды қаталдыққа баулитын материалдар толып жатыр және оның бәрі үлкенге де, жасқа да қолжетімді. Қоғам болған жерде келіспеушілік, тәртіп бұзушылық болмай тұрмайды. Ал енді ондай теріс әдеттердің мектеп оқушылары арасында жиілеп кетуі өте қорқынышты жағдай. Үлкен балалардың өзінен кіші, әлсіз балаларға қорлық көрсетуі, зорлық жасауы, ақша бопсалауы, наша тартуға мәжбүрлеуі, кейде бір-біріне суық қарумен жарақат салуы, тіпті өлтіріп алуы елімізде кейінгі жылдарды жиі назарға ілініп қалып жатыр. Осының бәрі балалардың қатыгездікті насихаттайтын материалдармен көп танысып психикасының бұзылу салдарынан екені айтпаса да белгілі. Ер балаларды былай қойғанда, қыздардың төбелесуі – бір біріне күш қолданып, дене жарақатын салуға дейін баруы жан шошытарлық іс. Кейінгі кезде біздің елде  өзіне өзі қол салу деректерінің көбейіп кетуі көп әңгіме болып, оны мемлекетіміз қатты бақылауға алуға көшті. Дегенмен тыйыла қойды деу қиын. Ал енді жап-жас жігіттердің қатыгездікпен адам өлтіруі ақылға сыймайды. Жақында жүз берген қасіретті оқиға – Аяжан Еділова атты өрімдей қыздың асқан қатыгездіктен өмірінің қиылуы қоғамды дүр сілкіндірді. Оны өлтіруге күдікті делінген 28 жастағы жігіт бұрын медициналық оқу орынында оқыған екен. Оның өз құрбандығын жай өлтіріп қоймай, оның денесін бөлшектеп тастағаны мәлім болды. Оны танитындардың айтуынша, жігіттің ақыл-есі дұрыс, сабақта жақсы оқыған. Ауылдастарына адам күдіктенетіндей мінез де көрсетпеген дейді. Осы оқиға әлеуметтік желілерде көп талқыланып, болған жайтқа түрлі болжамдар айтылып жатыр. Сол пікірлердің бір парасы «күдікті адам мүшелерін саудалайтын қылмыстық топтармен байланысы болуы мүмкін» деген болжам. Бұған сену ықтималы бар, себебі күдікті бұрын басқа бір қызбен сөйлесіп, оны жалғыз өзі тұратын үйіне (оқиға болған жер) алып бармақшы болған екен. Сондай-ақ қыздың денсаулығы жайында көп сұраған көрінеді... Әрине, адамның адам болмағы тәрбиенің дұрыстығынан дейміз ғой, дегенмен кейбір жайлар адамның генетикасына байланысты болуы мүмкін екен. Сондай мәселе жайында белгілі ақын Мұхтар Шаханов өзінің Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабында айта еткен екен. Ақынның айтуынша, оған жолда серік болған криминалист тергеуші жігіт әйелдерді көп өлтірген жендет жайында «Ленинградтан арнайы шақырылған ғалымдар жігіттің жетінші атасы жендет болған деген жорамал айтады. Яғни бұл қанішердің кісі өлтіруге және оны азаптауға деген құштарлығы тұқым куалап келіп отыр. Ол осы жауыздықты еркінен тыс істеуі де мүмкін. Оған қан құрамы мен тегі мәжбүр етуі ғажап емес» депті. Демек, қоғамды шошытып жүрген кісі өлтірушілердің ісі оларға қанмен берілген ақпараттардың әсерінен де болуы мүмкін секілді. Қазақта «Шығасыға иесі басшы» деген астарлы сөз бар. Түрлі қайғылы оқиғаларға ұрынып қалып жатқандар аңқау, сенгіш келетін көрінеді. Ал мұндайлар оп-оңай жауыздардың құрбандығына айналып шыға келеді. Демек мына заманда бейтаныс адамдар жақын араласа берудің қатері көп. Әрине, бұлай дегенде біз қаскөйлердің құрбандарын жазғырып отырған жоқпыз, адамға дым сенбеу керек дегенді де насихаттамаймыз, алайда «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген қазақ даналығын ұғып жүрген артық болмайды. Көп жағдайда әйел-қыздар әлеуметтік желілер арқылы танысқан, кім екенін жете білмейтін адамдармен еркін қарым-қатынас жасаудан зардап шегіп жатады. Тіпті біреулердің сөзіне еріп шетелдерге кетіп, құлдыққа салынып мерт болып жататын нәзік жандар қанша... Жалпы қоғамда қатыгездіктің бел алып кетуі адамдар арасындағы жанашырлық, қамқорлық секілді қасиеттің жоғала бастағанын көрсетеді. Ал оның соңы қандай жағдайға жеткізіп жатқанын күн сайын көріп отырмыз...

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ