Атырауда бала ұрған тәрбиеші 4 жылға сотталды

Атырауда бала ұрған тәрбиеші 4 жылға сотталды

Атырауда бала ұрған тәрбиеші 4 жылға сотталды
ашық дереккөзі
Атыраудағы №2 қалалық сот сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған №20 "Алтын балық" мамандандырылған балабақшасының тәрбиешісіне қатысты үкім шығарды деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі. Педагог баланы жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психологиялық зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылған. Сот отырысында тәрбиеші кінәсін ішінара мойындаған. "Жаза түрін анықтау кезінде сот балаға қарсы қылмыстың ерекше арсыздықпен жасалғанын ескерді. Сот қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны әділ деп есептеді", - делінген  хабарламада. Айта кетсек, айыптау актісі педагогке 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Алайда сотталушының кішкентай балалары бар екені ескеріліп, жаза жеңілдетілген. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетсек, Атыраудағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаның видеосы өткен жылдың желтоқсан айында желіде жарияланған еді. Дегенмен бұл оқиға 2019 жылдың 18 қарашасында орын алғаны белгілі болған. Сол кезде өңірлік полиция департаменті тергеудің аяқталғанын, жақын арада қылмыстық істі сотқа жіберетінін мәлімдеген болатын.