Семейде «Абай Құнанбайұлы» орталық мешіті ашылды

Әз-Наурыз мейрамына орай Се­мей қалалық «Абай Құнан­байұлы» ме­шіті жамағатқа есігін ашты. Түркі жұр­тының төл мейрамы қарсаңын­да ел игілігіне берілген нысанның ашылуына Семей қаласының әкімі Нұрымбет Аманұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы және ел ағалары арнайы қатысты.

Семей қаласының қақ ортасындағы құры­лысы ұзақ жыл бойы тоқтап қалған бұл мешітті кәсіпкер Дулат Тастакеев қол­ға алып, жақында ғана толықтай аяқ­таған болатын. Салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти хакім Абай айт­қан­дай «қияметшіл дүниенің» кірінен та­за­рып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үй мешіттің ашылуымен барша Семей жұртшылығын құттықтады.

«Бүгін – тарихи күн. Абай елі мұны көп күтті. Осы мешіттің ашылуын біз де ұзақ күттік. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында барша Семей хал­қының игілігіне беріліп отыр. Алла Та­ғала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың ме­шіттерін тек Аллаға және ақырет кү­ніне иман еткен, намаз оқыған, зекетін бер­ген және Алладан басқа ешкімнен қо­рықпайтындар ғана салады», – дейді. Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алу­ды мақсат етуі керек. Өйткені бұл жер елдің діни және рухани дамуына, жас­тардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына үлес қосатын орын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем Мені зиярат ете келіпті, оның сый-сияпаты менің құзырымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сый­лыққа еш риза емеспін», – деп ай­та­ды», – деген. Осы орайда қазақ дала­сын­да мешіттер салына берсін, иманды қо­ғам арта берсін дегіміз келеді. Алаштың ру­хани астанасына дем беріп, қолдау көр­сеткен барша азаматтарға алғыс! Алла разы болсын!» – деп өзінің ақ тіле­гін жеткізе отырып, бүгінгі әз-Наурыз мейрамымен құттықтады.

Тұсаукесер рәсіміне еліміздің әр өңі­рі­нен келген өнер, әдебиет, мәдениет май­­­талмандары ақжарма тілегін жет­кіз­ді. Игі шарада сөз алған Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман қатар келген қос тоймен құттықтады.

Мешітте 2 500 адам бір уақытта на­маз оқи алады. Ғимараттың ішінде діни жо­ралғыларды өткізуге арналған кең бөл­мелер қарастырылған. 2008 жылы ір­гесі қаланып, құрылысы тоқтап қалған құл­шылық ордасының құрылыс жұ­мыс­тары 3 жылдың ішінде аяқталды. Ал сыртқы абаттандыру жұмыстарына Түркістан облысы демеу білдіріпті.

Back to top button