Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 805 мың теңгеден беріледі

Биыл Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзі соғысының ардагерлеріне 805 000 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының кезекті мәслихат сессиясында Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мәлімдеді.

«Биыл Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне 805 000 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда. Әлеуметтік көмек көрсету қағидалары негізінде ұсталатын 195 439 теңгені ескере отырып 26 адамға 1 000 439 теңге төленеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес Чернобыль атом электростансасындағы апаттың зардабын жоюға қатысқан адамдарға 26 253 теңге төленетінін айтты.

«Биыл Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың құрбандарын еске алу күніне 35 жыл толады. Осыған байланысты 75 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсету ұсынылады», – дейді ол. Мәслихат сессиясына қатысқан депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, шешім қабылдады.

 

Back to top button