Алматыда аса ірі көлемде алтын контрабандасымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық әрекетті Алматы қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Алматы қалалық ҰҚК департаментінің қызметкерлері бірлесіп тоқтатты. «Тергеу барысында зергерлік бұйымдарды сату саласындағы екі кәсіпкердің «Алматы-Анталия» әуе рейсі арқылы құны 68 млн теңге жалпы салмағы 3,1 келі бірнеше алтын құйманы тасымалдауға тырысқаны анықталды. Экономикалық контрабандаға әуе компаниялардың бірінің екі қызметкері көмектескен», – делінген хабарламада. Сот үкімімен айыпталушылар экономикалық контрабанданы алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Екі ұйымдастырушыға әрқайсысына 3,3 млн теңге айыппұл түрінде, екі сыбайласқа – 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бостандығын 1 жыл мерзімге шектеу түрінде жаза тағайындалды. Тәркіленген алтын мемлекет кірісіне айналдырылды.
Жүктелуде...