29 наурыз: маңызды даталар күнтізбесі

29 наурыз: маңызды даталар күнтізбесі

29 наурыз: маңызды даталар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1994 жылы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынды. Тарихи күн. Ал 1996 жылы 29 наурызда Павлодар облысының Баянауыл ауылында Бұқар жырауға ескерткіш ашылды. 2006 жылы 1913-1918 жылдары ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған «Қазақ» газеті қайта шыға бастады. ХХ ғасырдың басында ұлтымыздың азаттық рухының күміс қоңырауы болып, қазақтың көзі, құлағы, үні ретінде тіл қатып, тәуелсіздік идеясын ел арасында пәрменділікпен насихаттаған «Қазақ» газеті Алаштың ұлдары Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың істерін жалғастыруды мақсат етті. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа экономикалық реформаларды жүргізу саласындағы және мұсылман әлемі елдерінде позитивті диалогты кеңейтуге қосқан үлесі үшін «Мұсылман елдері арасындағы үздік басқару жүйесі» наградасы тағайындалды. Оны 2005 жылы Пәкістанның ағылшын тілді жетекші газеттерінің бірі – «Pakistan Observer» редакциялық коллегиясы бекітті. 2012 жылы Украинадан бірегей құжат алынды – онда Сливута қаласы маңындағы «Гросслазарет» неміс лагерінің қабырғасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер тізімі болды. Олардың барлығы ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар болып есептелініп келген еді. 2013 жылы Алматыда Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессорлық клиникасында еліміздегі алғашқы Диабет орталығы және онда құрылған мектеп ашылды. 2014 жылы Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың тұңғыш комедиялық «Айсұлу» операсы қойылды. Операны алғаш 1964 жылы Алматыда режиссер Қаукен Кенжетаев қойған болатын. Серке рөлін Ермек Серкебаев, ал Айсұлу рөлін Роза Жаманова сомдаған. 2014 жылы Хельсинкидегі Финляндия Ұлттық архивінің бас директоры Юсси Нуортева ҚР Мәдениет министрлігінің өкіліне жария етілген деректерді тапсырды. Онда 1941-1945 жылдары Финляндия аумағында болған 27 қазақстандық әскери тұтқынның тіркеу карточкалары түріндегі құпиясыз етілген мәліметтер қамтылған. 2016 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ТҮРКСОЙ ұйымымен ынтымақтастықта «Hüzün Kuşağı» (Ұлы дала әңгімелері) деген атпен түрік тілінде қазақстандық 25 автордың шығармалар жинағын баспадан шығарды. 2017 жылы Баку мемлекеттік университетінде қазақтың ұлы ақыны, философ, жазушы Абайдың әзербайжан тіліндегі шығармалар жинағы таныстырылды. Оған Абайдың әзербайжан тіліне бұрын аударылған 3 поэмасы мен 68 өлеңі, сондай-ақ жаңадан аударылған «Қара сөздері» енгізілді. 2017 жылы Қазақстан Миланда өткен Африка, Азия және Латын Америкасы фильмдерінің фестиваліне алғаш рет қатысып, италиялық ұлы саяхатшы туралы «Марко Полоның Жібек жолы» атты ғылыми-көпшілік фильмді ұсынды. Жиһанкез өзінің Азияға саяхатының тарихын әйгілі «Әлемнің әртүрлілігі туралы кітапта» сипаттады. Фильм кинофестивальдің арнайы жүлдесіне ие болды.