23 наурыз: Ел жылнамасындағы елеулі оқиғалар

23 наурыз: Ел жылнамасындағы елеулі оқиғалар

23 наурыз: Ел жылнамасындағы елеулі оқиғалар
ашық дереккөзі
23 наурызда егеменді еліміздің жылнамасында бірқатар маңызды оқиғалар қатталды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауы туралы ноталар алмасуы болды. Венгрия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Испанияға сапары барысында Мадрид қалалық залында болды, XVII ғасыр сарайының көрікті жерлерін аралап көрді, Мадрид алкальді (мэрі) Альваро де Манцано Кристал жоғары мәртебелі қонақты қалалық кеңес мүшелеріне таныстырды. Содан кейін сарайдың мәжіліс залында салтанатты рәсімде Елбасы Н.Назарбаевқа Мадридтегі символдық алтын кілтті тапсыру салтанаты өтті. 2010 жылы Мәскеу қаласындағы №229 орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының аты берілді. 2016 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің бағдарламасы Бүкіләлемдік биосфералық қорықтар желісіне 20 жаңа нысан енгізді. Олардың арасында «Барсакелмес» қорығы да бар. 2016 жылы Перудің Лима қаласында өткен Бүкіләлемдік биосфералық қорықтар конгресінде Ресей мен Қазақстанның трансшекаралық биосфералық резерватының «Үлкен Алтай» атты жобасы таныстырылды. 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің Ақордадағы кездесуінің нәтижесінде үкіметаралық және ведомствоаралық 13 құжатқа қол қойылды. 2017 жылы Бейжіңдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Журналист-достар күнінде «ҚазАқпарат» ХАА мен ШЫҰ Хатшылығы арасында ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалды. «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі Садық Әкіжанов Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) баспасөз клубының вице-президенті болып сайланды. 2019 жылы Мемлекет басшысының 23 наурыздағы № 6 Жарлығымен Қазақстан астанасы Астана қаласы Нұр-Cұлтан қаласы болып өзгертілді.