Дабылды ескерту жарияланды

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қазгидромет синоптиктері Нұр-Сұлтан қаласы мен еліміздің 9 облысында дабылды ескерту жариялады.

8 наурызда Нұр-Сұлтанда көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады деп болжанып отыр. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні – 15-20 м/с.

Осы күні Қарағанды ​​облысының да кей жерлерінде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с жетеді. Қарағандыда боран соғып, көктайғақ болуы мүмкін.

8 наурызда Қызылорда облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда. Оңтүстік желі солтүстік-шығысқа ауысып, кей жерлерде жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Қызылордада түнде және таңертең көктайғақ болады.

Атырау облысында батыстан, оңтүстік-батыстан 8 наурыз күні 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғуы мүмкін. Атырауда 8 наурызда күндіз батыстан, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-18 м/с жетеді.

8 наурызда Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түсіп, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с жетеді. Оралда тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.

Ақтөбе облысында да 8 наурызда бұрқасындатып, көктайғақ, тұман болады деп болжанып отыр. Ақтөбеде солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні – 18 м/с.

Павлодар облысында 8 наурыз күні жауын-шашын түседі. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болуы мүмкін, 15-20 м/с жылдамдықпен оңтүстік, оңтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні 23 м/с жетеді. Павлодарда да жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады.

Дүйсенбіде Қостанай облысында бұрқасындатып, тұман түседі, түнде көктайғақ болады деп болжануда. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады – 15-20, екпіні 23-28 м/с. Қостанайда 8 наурызға қараған түні жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан облысында 8 наурызда түнде жауын-шашын болады. Кей жерлерде тұман түсіп, боран соғып, көктайғақ болуы мүмкін. Петропавлда түнде жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады деп болжануда. Батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

8 наурызға қараған түні Түркістан облысында кей жерлерде тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.

Back to top button